Санжар Ғұлама

Туындылары


МЕН ТІРІМІН, ЕЙ ӨМІР, ЕСТИМІСІҢ?!

Өмір сонша қас болдың бұл Адамға,
Аласың ба сен ләззат жылағанда?!
Әлде жаның рахатқа бөлене ме
Жолдарыңда тайғанап құлағанда?!

Қуыршақтай көресің бұл адамды,
Елемейсің біздегі, сірә, заңды.
Сау адамды ауру қып, ең болмаса,
Жөн көрмейсің жағдайын сұрағанды.

Ойыншық қып болдың ғой бұл Адамды,
Құрбандыққа аласың ұнағанды.
Қойнауыңда Адамзат қан жұтып жүр,
Ұнатасың аямай сынағанды.

Жанши бердің жүрегі жарымды кеп,
Есіркедің зымиян-залымды тек.
Жамандарды аялап алақанда,
Жақсыларға жаудырдың зарыңды көп.

Толып жатқан неткен көп ісіңде мін,
Мақсатың не, мен әлі түсінбедім?!
Жүрегім бар кеудемде, жұлқылама,
Түк сезбейтін мен жансыз мүсін бе едім?!

Қалса дағы құлазып құр сүлдерім,
Күресуден танбадым, күрсінбедім.
Мен тірімін,
Ей, Өмір естимісің,
Соғып жатқан жүректің ДҮРСІЛДЕРІН?!