Салтанат Айдарбекова

Туындылары


***

Өзімді-өзім қаншама алдаған да шығармын,
Жұбатумен жеңілдеп қалса жақсы мұнар мұң.
Тағдыр дейтін тарпаңның сан сүрініп сынына,
Сынып кетпей қатайған мен таудағы шынармын.

Сызат түсіп сенімге, көңілімде дақ қалған,
Талай мәрте көз қысып, алдап кетті тәтті арман.
Саған деген іңкәрлік азат еткен наладан,
Кездерімде құздардан құлауыма шақ қалған.

Қабағымнан қаңтардың желі есіп, бұлт көшкен,
Ұмытты ғой деймісің, шығарғам жоқ сені естен.
Кінәлаумен келемін тамыз таңын сол күнгі,
Жүрегімнен үзіп ап, шаттығымды ап кеткен.

Кеше алмаймын көктемді мына сенсіз оралған,
Ада едік қой күнәдан, аттамадық біз ардан.
Саған деген өлшеусіз махаббатым үшін де,
Қараласын, мейлі, жұрт шыққанынша құмардан.

Кімге барып мұң шағып, кімге барып ақталам?
Күңгірт тартты дүние, өзің жоқта жат ғалам.
Ұйқың неткен қатты еді, көктем келді, тұрсаңшы,
Ақ қайыңдар оянды жапырағын таптаған...

30.04.2021