Ерсін Қойбағарұлы

Туындылары


ФРЕЙДТІҢ ТҮСІ (әңгіме)


Қыс мезеті. Бірінші курстың студенттері тұңғыш сессиясының бірінші емтиханын тапсыруға аудитория аузында кезекте тұр. Факультетте оқитын жиырма топтың алғашқы төртеуінің-саны сексеннен асып жығылады. Араларында бірен-саран әскерге барып келген, бірер жыл өндірісте жұмыс істеген, бұрынырақта техникум немесе колледж тәмәмдаған сақалары да бар демесең дені орта мектепті биыл ғана бітірген сарыезу балапандар. Ал мына тапсыратын емтиханы онша-мұнша емес, осы факультет деканының сабағы. "Қалай болар екен?"- деп қалтырап-дірілдеп, қобалжыған олар жағында "Қыл көпірі" бар есікті ашып кірер ақтық минутқа дейін бірдеме біліп қалғысы келетіндей алдындағы кітап, дәптерлеріне құныға үңілді.
Қазірше сол есіктiң табалдырығынан бері аттаған бесеудің бірі ғана "үш" алып, қалғандары сынақ кітапшасына "қанағаттандырмайдыны" қонжитып шықты.
- Деканның өзі және біз танымайтын біреу отыр. Түрі сұсты, әптісі келіспеген, жылуарсыз, суық адам. Ағайымыздың бүйрегі бұрғысы келгенін байқаса болды, алая қарап, сөзін бөліп, сұрақтарды жаудырып бет бақтырмайтыны бар екен, -деді соңғы шыққан студент.
- Ағайлардың азанғы ашуын басуға арамыздағы ақсақалдарымыз қандай шара қолданбақ ойы бар?-деді есік алдындағы кезектен әрігерек тұрған бірі.
- Тс-с! Аузыңа бағып сөйле. Құрып кетеміз. Оларға да кесіріміз тиеді,-деген бір үн естілді.
Келесі кезек барлық сабақты әзер дегенде әупіріммен үшке әрең үлгеріп жүрген Өтеуғалидікі.
- Ағайларымыздың көңіл қошы жоқ білем. Жақсы білетін бірің кiріңдерші. Кезегімді берем,-деді ол жалбарына сөйлеп.
"Мен кіремін!" деп белсеніп тұрған ешкім шыға қоймаған үнсіздікті Дәрігүл бұзды.
- Түнде кім түс көрді?!
Жәй ғана үнсіздік емес, сонша жан "тәйт" десең үріккен қойдай дүр етіп алды-артына қарамай тұра зытатындай үрейлі үнсіздікті бұзған мына дауыс тас қараңғыда жартасқа атылған мылтықтың шаңқ еткенiндей жаңғырды. Алдыңда анадай сынақ күтіп тұрғанда түс деген не тәйірі. "Суға кеткен тал қармайдының" бей-берекет әрекеті емес пе?
"Кедей адам-шарасыз. Шарасыз адам ырымшыл Һәм түске сенгіш. Біздің үйде бәрі жетіп артылады. Біз түске де, ырымға да сенбейміз",- деген Шағыл баяғыда-а.
- Жинауға қалайсың? –деді "Мыртық" иығымен мұның шынтағына сүйкеніп, сыбырлап сөйлеп. Басбармағымен басқа саусақтарының ұшын ысқылайды.
Мұның қолтығынан ғана келетін осы семіздің төртінші топта оқитынын, лақап аты "Мыртық" екенін білсе де шын атынан бейхабар.
- Саған айтамын... Қандайсың? –деді ол және сүйкеніп.
- Әй, айтсаңдаршы, түнде кім түс көрді?
Әлемби "Мыртыққа" жауап берудің орнына:
- Мен! –деді Дәрігүлге қарап.
- Қандай түс көрдің ? Берігірек келіп айтшы, -деді ол алдында тұрған Өтеуғалиды қаға-маға Әлембиді қолынан тартты.
- Қане, айта ғой.
- Түсімде декан ағайдың алдында емтихан тапсырып отыр екенмін. Қасында мен танымайтын біреу бар. Ағай үш сұрақ қойды. Біріншісіне жауап бергенімде ол алдындағы көк қағаздағы сұрақтың тұсына "екі" қойды. Екінші сұраққа жауап беріп тұрып, мүдіріп барып қайта түзеп жібердім. Сол кезде қасындағы кісі қосымша сұрақ берді. Оған дұрыс жауап айтып едім, декан ағай екінші сұрақтың тұсына және "екі" қойды. Үшінші сұрақтың жауабына да "екі" қойып, үш "екіліктің" ту сыртына үлкен, жалғыз екіні жазды.
- Өтеуғали босат орныңды! Әлемби, тұр менің алдыма! Тап қазір "бес" аласың,- Дәрігүл Әлембиді есікке қарай сіңірді.
Сол сәтте бір қыз ебіл-дебіл жылап шықты.
- Кір! Сен бес алып шықшы, әуелі. Содан соң Құдай жолымызды ашады. Кір, Әлемби!
- Ақ жол!
- Табыс тілейміз!
- Рахмет, рахмет! –деген Әлемби ішінен: "Биссимилаһи Рахмани р-рахим, е-е, Құдайым, қолдай көр", –деп күбірлей ішке енді.
Біреудің жекеменшік үйінің бір бөлмесінде төрт жігіт пәтер жалдап тұратын. Оның екеуі жігіт ағасы - бір құрылыс фирмасының жұмысшылары. Жастауы бір жерде менеджер. Қазақ болғанымен үшеуі де қазақша бір ауыз сөз білмейді. Бұлармен бірге тұруының бірден бір себебі, орысшаны жете меңгеру. "Толкование сновидениені" тоқсан рет оқыса да, "тольком" түк те түсінбеді ғой мектепте жүргенде. Тым құрымағанда тобықтай түйінін де ұқпады.
Мана таңертең түнде көрген түсін өзінше жақсыға жорып, пәтерлестеріне айтқан. Ойында ештеме жоқ бала мінезді бозбала мыналардың түс әлемінен тіптен бейхабар екенін, түс жорудан мұрнына исі бармайтынан қайдан білсін. Елдің бәрін өзіндей көретін әдеті баяғы.
- Жақсы емес, -деді Мұсахан, -қазір барасың да екі аласың. Бұл жаман түс.
Ақаңнан аздап жұтып алса, әскерде әуе десантында қызмет еткенін, самбодан спорт шебері екенін, қай жерде кімдермен қалай төбелескенін тәптіштеп айтып, аузы бір тынбайтын. Өзін "Му" деп атаңдар деген бір жолы "Му" көкесімен бірге келе жатқанда төртеуіне сабаудай-сабаудай төрт жігіт тиісіп, төбелес басталып кетті. "Сендер арқама ешкімді жолатпаңдар. Маған мүмкіндік беріңдер. Удачный случай, көптен бері төбелеспеп едім" деген Му әп-сәтте әлгілердің екеуін сұлатып салды. Қалған екеуі қашып кетті. Содан бері пәтерлестері оны пір тұта бастаған.
- Иә, жаман түс көріпсің, Вовка. Екі алып келетін болдың-ау. Бүгін жақсы баға әкелгеніңде жуатын едік. Әттең аузымызды қу шөппен сүртетін болдық, -деп аяныш білдірді, өзінің Балтық теңізінде матрос болғанын, Грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат екендігін мақтаныш ететін екінші көкесі.
- Өзі орысша бір сөз білмейтін ауылдың болбыр, бұйығы баласы. Қайта біздің арамызда тұрғалы бері ширады ғой біраз. Бұның екіден жоғары баға алуы мүмкін емес, -деді Менеджер ерні-ерніне тимей сөйлеп.
"Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын", –деп іштей қыжылы қайнаған Әлембидің көмейіне құм құйылып, ұнжұрғасы түсіп кетті. Ишан атасының түсті кім көрінгенге айтпау, жорытпау керек екендігі хақындағы қағидаларын сақтамағанына өкінді. "Түсіңде жыласаң - өңіңде қуанасың, қорықсаң – күлесің",- деуші еді. Бойын ашу кернеген оның үйден шығарда сөмкесі қолынан түсіп кетіп, кітап-дәптерлері шашылып қалды. Сырмасын сыруды ұмытқан ғой.
- Әне! Көрдің бе? Бұл жаман ырым емтиханнан құлап қайтасың!
"Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Бұл құлау емес, қуану ырымы!"
"Темекі әкел, арақ әкел, сыраға бар, еден жу, тамақ пісір",- деп қайда жұмсаса да "ләппай көке" деп, дайындалып отырған сабағын тастай салып, тұра жөнейтін ең жасы, былайша айтқанда осы үйдің "қолбаласына" бір ауыз жақсы тілек айтуға да жарамады-ау, нақұрыстар. Тым құрығанда: "Желаю удачи!" дегенге де миы жетпеді.
- Әлемби деген есімді бұрын-соңды естіген емеспіз, ол не мағына білдіреді?- деген олар алғаш танысқан күні.
- Біздің үйге келіп тұратын Ишан ата бар еді. Орыста Владимир деген ат бар. Әлемді биле деген сөз. Сан мыңдаған Владимирлердің ішінен шын мәнінде әлемді билеген Владимир Ленин болды. КСРО-ны айтпағанда, Солтүстік Вьетнам, Корея, Қытай, сонау Америкадағы Кубаға дейін жетті оның билігінің күші. "Бұл да әлемді билесін" деп сол ата қойыпты менің атымды, -деп түсіндіріп бақты ол, шала-шарпы орысшалап.
- Е-е, түсінікті, Владимир, Володя, Вовка екенсің ғой.
Сонымен пәтерлестер: "Құлайсың" деген Вовка емтихан тапсырып отыр.
- Бірінші сұраққа жауабың "бес", екінші сұраққа сәл мүдіріп барып түзеп жібердің. Қосымша сұраққа да дұрыс жауап бердің. Бұған да - "бес". Үшінші сұраққа өте жақсы жауап бердің,- деп декан үш "бестікті" жақшамен қымтап, үлкен "Бестік" қойды. Иә, құдды түсіндегідей.
- Бұл факультеттегі бірінші "Бестік!" -деп декан сынақ кітапшаны жауып, еденмен сырғытып жіберді. Кітапша табалдырықсыз есіктің астындағы саңылаудан егесінен бұрын сырғып, коридорға шықты.
- Не..?! Бұнысы несі тағы..?! Нендей баға?! Қанша..?! –көздері алақандай болған студенттер аң-таң.
- Бе-ес! –деді сынақ кітапшаны өзгелерден бұрын еденнен көтеріп, ашып көрген бірі.
- Мүмкін емес. Екі шығар...
- Бе-ес. Бес алдым! –деді Әлемби.
Коридорда: "Ура! Ур-ра! "деген дауыстарға қосылып басқа қол шапалақталды. Бірінші болып Дәрігүл, онан соң басқалар Әлембидің бетінен сүйді.
- Енді жолымыз ашылды, -деген Дәрігүл бірдемені күбірлеп, бетін сипап, ішке кіріп кетті.
- Жуасың ғой, -деді "Мыртық" мысықша сүйкеніп.
- Ә-ә-әр-рине-е...
Жазғы сессияның алғашқы емтиханын тапсырардан бірер күн бұрын түсінде кафедра меңгерушісі, профессор шал бұған төрт қаламұш берген. Ертеңіне емтиханға кірген Әлемби әлгі профессордың қолынан "төрт" алған. Одан кейін үш емтиханды "беске" тапсырды. Бірақ бұларды тапсырар алдында ешқандай түс көрген жоқ.
- Вовка, сенің қыстағы алғашқы "бесіңді" есімізден танғанша жуып едік. Одан бері қыруар бес алсаң да үндемейсің, -деді Матрос.
- Міне, бірінші курсты бітірдің. Сәл-пәл ырымын жасасаң, біз де қарап қалмаймыз, -деді Му.
- Жадный стал наш Владимир, слишком жадный, - деді Менеджер.
- Үшеуіңіз де маған ұнамадыңыздар.
- Ой! Неге? Қай ісіміз жақпады?
- Енді мені тыңдаңыздар. Мәселен Ұлы Отан соғысы кезінде менің әкем тұтқынға түсіп, тағдырдың тәлкегімен Америка ма, Африка ма асып кетті дейік. Онда жүріп ол қазанның түбіндей бір қап-қара негр әйелмен отбасын құрып, екеуінен мен туылдым дейік. Есім кіріп есейе бастаған күндердің күнінде әкем: "Ұлым мен қазақпын, сен де қазақсың", -деп айтатыны анық. "Қазақ..? Сондай да ұлт бар ма?". "Бар. Бар болғанда қандай, ұлым. Мына жер шарының арғы бетінде Қытай, Ресей және басқа елдермен шекаралас, ұлан ғайыр кең, табиғаты теңдесі жоқ көркем, халқы баладай аңғал, ақкөңіл, қыз-жігіттерінің сұлулығына сөз жетпейтін, жәй сөйлескендерінің өзі әуен іспеттес, тілі тым шұрайлы, әні мен күйін бір тыңдасаң ғұмыр бойы құлағыңда қалып қоятын ертегідегідей ғажайып ел бар. Сол ел күндіз ойымнан, түнде түсімнен кетпейді. Сенің барлық туыс-бауырларың сонда. Тұрмысымызды біраз түзеп алсақ елге кетудің қамын жасауымыз керек-ау, -дер еді етегі жасқа толып. "Қазақша сөйлеңізші, қандай екенін есітейін",- дер едім мен. Әкем қазақша сөйлегенде бір сөзін түсінбесем де, қара сөзінің өзі әуен сазындай естілетін мына тілдің құдіретіне таң қалар едім. Мені өз тіліме онан сайын қызықтыра түсу үшін әкем ән салар еді. Ғұмырымда мынадай әнді естімеген мен құлағымның құрышы қанғанша тыңдап, сол сәттен бастап қазақ тілін игеруге бар ынта-шынтамды салып ден қояр едім. Иә, сол Америкада, яки Африкада, әкемнен басқа бір қазағы жоқ жерде жүріп-ақ қазақ пен негрден туған мен қазақшаны мұндағы қазақтардан артық болмаса кем түспейтіндей деңгейде үйренер едім. Ал сіздер өз отандарыңызда тұрып неге қазақша білмейсіздер? Тым құрыса, үйренгілеріңіз де келмейді.
- Вовка, сен ренжіме бізге. Біз мектепте орысша оқыдық. Қаршадайымыздан қырт орыстың арасында өстік. Флотта да бәрі орысша.
- Бұл ақталу емес. Бізде өз тілінде мектебі жоқ грек, түрік, күрд, әзірбайжан сияқты диаспоралар тым көп-ақ. Солардың бәрі не орыс, не қазақ мектептерінде оқыды. Бірақ үйінде де, көшеде де, айдалада да бірі-бірімен кездесе қалса да, өз тілінде сөйлейді. Ал сіздер Қазақстанда тұрып, өз тілімізді білмейсіздер. Тіпті сіздер қазақша сөйлеуге арланасыздар. Сөйте тұрып, қазақпен қазақтың орысша сөйлескеніне өзге ұлт өкілдері "Өз тілі жоқ бейшаралар" деп мүсіркейтінін, миығынан күлетінін түсінбейсіздер.
- Қазақ тілінің аясы тар. Онымен көп нәрселерді айта алмайсың. Сөздік қоры аздығы сонша, тұрмыстық қажеттіліктерді айтуға да жетпейді.
- Му аға, міне көріңіз. Мынау қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің бірінші томының өзі 700 бет. Көлемі дәл осындай он томдық шыққан және шығады. Толстой, Достоевский сияқты басқа да шетелдік жазушылардың қаншама көп томдықтары қазақшаға аударылған. Міне екі томдық "орысша-қазақша сөздік". Мұнда 65000 сөздің аудармасы бар. Осының бәрін аударуға ауқымы жеткен тіл қалайша аясы тар болады?! Менің түсінігімше сіздер өз тілдеріңізді, салт-дәстүрлеріңізді құрметтемейсіздер. Ұлттық намыс жоқ.
- Сол тілді менгермей-ақ, салт-дәстүрді білмей-ақ мен спортта ірі жетістіктерге жеттім. Тұрмысымыз да жаман емес. Ең бастысы, денім сау, табысым көп болу керек. Ал сенің тіл, салт-дәстүр, ұлттық намыс дегенің құрғақ патриотизм.
Әңгімеге Менеджер араласты.
- Меніңше, Вовканың айтқандары дұрыс. Жердің түбінде жүрсе де ұлтының тілін, салт-дәстүрін басқа да барлық қасиеттерін ұлықтап, әрі соларды жете меңгеру, үйрену арқылы елін өзге елдерден жоғары ұстамаса, төмендеткісі келмейтін пиғылы бар. Сөйте тұра басқа тілге де жетік болу үшін мына біз сияқты "шалдардың" арасында тұрып жатыр. Бұл баладан болашақта нағыз патриот шығады. Мен мәселен, қазір ағылшын тілін үйрететін курсқа барып жүрмін. Ал қазақ тілін білмеуімнен туындайтын қиындықтар күннен күнге көбейе түсуде.
- Жігіттер-әй, біз осы несіне тәжікелесіп отырмыз. Тіл, салт-дәстүр, ұлттық намыс деген не тәйірі?! Қазір бәрін де шешетін ақша. Қарынның тоқтығы, жағдайыңның жақсылығы – бәрі де ақшаға барып тіреледі. Бәрін қойып, көп ақша табуды ойластыру керек.
- Иә, ақша....Тіл, салт-дәстүр проблемаларын мына Вовка сияқты патриотсымақтар шеше берсін. Осымен әңгімені доғарайық.
- Му аға, матрос мырза, былай келісейік. Тіл үйренуден біз ұтылмаймыз. Біз бұған орысша үйретейік. Ол бізге қазақша үйретсін. Болашақта бәріміз қазақшаға өтетініміз анық қой.
- Әй, жарайды. Келістік. Бұл осы бір жылдың өзінде-ақ орысшаны жақсы меңгерді. Енді екінші курсқа өткенін жусын. Ертең еліне кетеді ғой. Біз тіл үйренуді ендігі жаңа оқу жылынан бастаймыз.

* * *


Түс жорумен айналысуына, тіпті орта мектепті тәмәмдаған соң университеттің медицина факультетіне түсуіне бала кезінен үйіне келіп тұратын ақсақ Ишан себепкер болды.
- Тақсыр, мен ойламаған жерден ерекше бір мақұлыққа тап болдым, -деді әкесі бір жолы.
- А-а, қандай мақұлық? –ақсақ Ишан аузына апарған пиалайдағы шайын ұрттамай, дастарханға қайта қойды.
- Жайып жүрген қойларым дүр етіп үрке жөнелді. Жайылымдағы тып-тыныш тұрған шөптің қозғалып, сытырлағанынан бірдеме кетіп бара жатқанын байқадым. Кірпі ме, қарсақ па деп таяқ оқталып, тұра жүгіріп барғанымда, зәрем зәр түбіне кетіп, тасмүсінше сілейіп қаттым да қалдым. Қап-қара басының үлкендігі менің қос жұдырығымдай, желкеден төмен бір қарыстай жеріне шыққан жалы күдірейіп, ұзындығы менің қолдарымдай қос қанатын сәл-пәл көтеріп-түсіріп, көтеріп-түсіріп, нән шұбар жылан сусып бара жатты. Әптісін-о-ой, адам қорқады. Түрінің өзі жан түршіктіреді, жуандығы құдды менің санымдай-ау, тура сондай. Терісі теңбіл-теңбіл.
- Қанаты кәдімгі құстікіндей ме? Жалы қылшық па?
- Қанаты құстікіндей емес, тақсыр, жарқанаттікіндей, жарғақ. Жалы дедіңіз бе? Қылшық емес-ау, әтештің айдары іспеттес бірдеме, анық байқай алмадым. Дұрыстап қарау түгілі, бұрылып қаша жөнелуге шамам келмей, төбе шашым тік тұрып, тұла бойым құдды қақаған аяздағыдай мұздап қоя беріп, тұрған орнымнан қозғала алмай, қалшиып қаттым да қалдым. Әлгі мақұлық әп-сәтте-ақ көзден таса болғанмен, есеңгіреп қалған басым ес жинағанша сүт пісірімдей уақыт өтсе керек, сірә.
- Ұзындығын молжалдай алдың ба?
- Қайда-ан. Оны байқауға мұрша келмеді, тақсыр. Қорқыныш деген пәлекет билеген кезінде бүткіл ой-тұжырымыңды аспаннан жәй түскендей, жерде өрт қаулағандай бей-берекет етеді екен. Есімді жиған сәтте атыма міне салып, әлгі жылан кеткен жаққа жалтақ-жалтақ қарап, ауылға қарай құйындаттым. Әуеге де қарап қоямын. Әлгі пәлекет ұшып келе жатқан жоқ па деп. Ауылдан мықты деген үш жігітті айырмен, күрекпен қаруландырып ертіп барып, шашылған құмалақтай бытырап кеткен қойларымды жиып айдап келдім. Содан бері сол Жетім төбеге қарай басқым келмейді.
Көзін жұмып, тәспісін аударып, бірдемелерді күбірлеп біраз уақыт үнсіз отырған ақсақ Ишан бір кезде баяу үн қатты.
- Орыстың ертегілерінде, аңыз-әпсаналарында ондай мақұлықты "дракон" деп атайды. Қанатты жылан көрсең жақсылықтың нышаны, басыңа бақ қонады. Ал жалы бар жылан көрген адамның бүткіл үрім-бұтағы мына фәниде жоқшылық, жамандық көрмей, дәулетті, бақытты ғұмыр кешеді.
Қане, қолыңды жай.
Ақсақ Ишан алақанын жайып, ұзақ сөйлеп бата берді.
- Рахмет тақсыр. Айтқандарыңыз періштенің құлағына шалынсын. Құдайым қабыл қылсын.
- Түнеу күні, -деді әкесі, шәйін сораптап, -мына балаңыз ақ молда торғай көріпті.
- Шын айтасың ба?
- Оллаһи шыным, тақсыр.
- Қайдан көрдің? –деді Ишан Әлембиге бұрылып.
Бұл ауылдан үш-төрт шақырымдағы көрші ауылдың үй саны мұндағыдан төрт-бес есе көп. Тұрғындарының көпшілігі орыстар. Сондағы медпунктегі фельдшер орыс әйел Зоя апайға күніне бір рет жамбасына дәрі ектіруге қатынайтын. Топырағы борпылдаған қара жол бірер шақырымнан кейін тастақты ойпаңды кесіп өтетін. Мезгіл маусымның басы еді. Күн шақырайып тұр. Үп етер жел жоқ. Тастақты жерге селдір өскен шөптің бастары сарғая бастапты, есесіне жер бетіне тырбыя жайылған ойдым-ойдым көкпеңбек шошқа тікендер тым көп-ақ. Қурамағанына қарағанда тамыры тым тереңге кетсе керек. Осы аралықта көбелек, ара, тіпті үшқан құс та көзге ілінбейді. Аракідік аяқ астынан тырс етіп, тас шегірткелер ұшады.
Кенет жол шетінде отырған молда торғайларды көрді. Алтау екен. Екеуінің тұрқы ірі. Қалған төртеуі енді ғана үшпа болған балапандар. Бір ғажабы, мына бір балапанның түсі басқалардай боз емес, аппақ-ау, аппақ. Әуелі ақ түсті тас па деп қалып еді. Құс екендігіне, мына балапандардың сыңары екендігіне таң-тамаша қалды. Басқалары жер түстес боп-боз. Қозғалмаса аңдау қиын.
Тастақ сайға жеткенін енді аңғарған Әлемби торғайларға жақындай түсті. Торғайлар адамнан үркіп, жер бауырлай ұшып, кесек атымдай жерге барып қонды. Екі үлкені аталығы мен аналығы, ана төртеуі балапандары екеніне, мына бірінің шынында да ақ түсті екеніне анық көз жеткізгісі келген бала және жақындағанда торғайлар жер бауырлап ұшып тым алыстап кетті.
- Бір балапаны аппақ екеніне анық көзің жетті ме, балам?
- Иә, ата. Аппақтығы құдды қардай.
Ақсақ Ишан бірер сәт көзін жұмып тәспі аударып отырды. Бір кезде баяу үн қатты.
- Ондайды ілім тілінде "реликтовый" дейді. Бұл сөз көне замандардан сақталып қалған ерекше түр дегенге келеді. Ел ондай құстарды, аңдарды қасиетті, киелі деп бағалайды. Оларға тиіспейді. Атпайды.
- Тақсыр, балаңыз әуеде ұзақ уақыт қалықтап тұрып құйқылжытатын бозторғайды айтып отыр. Басында қоқиған айдары болғандықтан жерде жүргенде оларды бізде молда торғай дейді. Жер түстес болғандықтан ба ағашқа, бұтаға қонып отырғанын көрген емеспін. Не жерде жорғалап жүреді, не көкте сағаттап қалықтап тұрып құйқылжиды. Ұясын да жерге, қалың шөптің арасына салады, тақсыр.
- Білем. Бәрінен де хабарым бар. Мен де жергілікті емеспін бе? Ақ түсті молда торғай көрсең, балам, атақты дәрігер, немесе ұлама алым боласың.
Маналы бері тәспісін ұстаған күйі көзін жұмып отырып үн қатқан Ишан енді көзін ашып, алақанын жайып ұзақ сөйлеп бата берді.
- Аузыңызға май, тақсыр. Айтқаныңыз періштенің құлағына шалынсын. Құдайым қабыл қылсын.
Ақсақ Ишан қайтарында әкесі бір тоқтыны өңгеріп жіберді.

* * *


- Дәрігері түсінікті, алым сөзі қандай мағына білдіреді? –деп әкесінен сұрады.
- Мен де онша парқына жете алмадым. Мұғалім шығар, сірә. Мұғалім сөзі " бұ алым" дегеннен шықса керек.
Небәрі малдәрігерлік техникумды тәмәмдаған әкесінің жауабына қанағаттанбаған бала ертеңіне сынып жетекшісінен сұрады.
- Алым деген ақшалай, немесе заттай салық. Мәселен мен біреудің жерін жалға алып, егін егемін. Сол үшін жер егесіне алым төлеймін, -деді апайы.
Бұл жауапқа да көңілі толмаған бала, енді ақсақ Ишанның келуін күтті.
Қар кетіп, қозы-лақтың тұмсығы көкке ілінгеннен қоңыр күзге дейінгі аралықта шалғайдағы бұл ауылға ақсақ Ишан жиі келгіштейтін. Келген сайын өзге үйлерден шеткері, оқшау орналасқан осы отауға апталап қона жатып, түрлі сырқат адамдарды оқып, үшкіріп, ұшықтап, ішірткі ішкізіп емдейтін. Көрші ауылдағы фельдшер Зоя апайдың медпунктінің алдындағындай таңның атысы мен күннің батысына дейін бұл үйдің алдында да тізіліп тұрған адамдардың қарасы үзілмейтін. Кейде атпен, кейде арбамен біреулер келіп Ишан атаны алып кететін.
- Әзімбайдың жаңа босанған келіні шалықтап қалыпты, Тәшкенбай төрт немересін бірдей сүндетке отырғызбақ екен, -деп кезек күткендерді әкесі сабырға шақыратын.
- Ата, алым адам қандай болады? –деп сұрады ақсақ Ишаннан келесі бір келгенде.
Мұның бетіне сүзіле, зер сала қараған ат жақты, жирен сақалы мен мұрты селдір, шегір көз шал:
- Сен маған мүрид болғың кеп жүр-ау, балам, -деді. Содан соң сәлдесін түзеп, дуалға бөксесін тіреп тұрып, оң тізесінің үстін буған белдікті босатты, ағаш аяқтың екі жанына шегеленіп, үстіңгі ұшы беліндегі белдігіне бекітілген қос тартпаның доғаларын ағытты. Төменгі түбі сүйірленіп барып біткен, келсаптың жартысындай күншекті жерге тастап, отыра кетіп, еңбектеп төрге шықты. Әкесі түрегеп тұрып, ақсақ Ишан тізерлеп отырып, қатарласа намаз оқыды.
Күншекті көтеріп көріп еді зілдей екен. Үстіңгі жағына киіз, оның бетіне қайыс бекітіліпті. Көлемі етіктің өкшесіндей ғана төменгі табанына қалың қайыс, оның бетіне қос нәлі қарама-қарсы қойылып қағылыпты. Шегелері қажалған нәлілер көтеріліп, босап, түсіп қалуға шақ тұр.
- Алым дедің бе, әлгіде..? Қандай алымды сұрадың балам? –деді Ишан намаздан соң.
- Өткенде ақ молда торғайды көргенімді айтқанда, сіз маған: "Атақты дәрігер, алым бол",- деп бата бердіңіз ғой.
- Ә-ә. Енді есіме түсті. Соны әлі ұмытпаған екенсің ғой. "Алым" деп оқығаны да, тоқығаны да, көргені де, білгені де көп ұлама адамды айтады. Міне, менің жасым жетпістен асты. Қиямет соғыста жүріп, қаншама қалаларды, елдерді көріп, сонау Берлин түбінде мына аяғымнан айырылдым. Осы уақытқа дейін қаншама адамдармен дәмдес, тұздас, сапарлас болдым. Бірақ қардай аппақ түсті бозторғай көрдім дегенді бірінші сенен естідім. Он миллионның, тіпті онан да көптің бірі болып оны сен көрдің. Миллионның, тіпті онан да көптің бірі болып қанаты, жалы бар жыланды мына әкең көрді. Демек, осы отбасына үлкен бір бақ-дәулет қонбақ дүр. Менің де бұл ауылға келгенімде осы үйге ғана ат басын тірегім кеп тұратыны тегін болмаса керек. Ал балам, сен несібең зор, елден ерекше ұлама дәрігер, немесе атақты алым боласың! -Ишан қол жайып, бата берді.
- Рахмет, тақсыр. Аузыңызға май. Айтқандарыңыз періштенің құлағына шалынсын. Құдайым қабыл қылсын. Тақсыр, рұқсат етсеңіз мен жақында ғана көрген түсімді айтайын.
- Айт, айта бер.
- Түсімде өткендегі жалы күдірейген қанатты жыланның үстінде құдды бөренеде отырғандай қалтырап, дірілдеп биікте ұшып барады екенмін. Аунап түсіп қаламын-ау деп қорқып, оянып кеттім.
- Бұл жақсы түс екен. Жылан көрсең, бағың жанады. Бірге ұшсаң мәртебең биіктейді. Қорықсаң-қуанасың. Мынаны есіңде сақта, жақсы түс көрсең де, жаман түс көрсең де қайыр-садақа бер. Содан соң... Содан соң түсті кім көрінгенге айтуға да, жорытуға да болмайды. Білгір түсжорушыға жорыту керек. Және бір кілтипаны, жаман түсті де жақсылыққа жору керек. Дұрыс жорылмаған жақсы түстің өзі түс көрушіні, қатерге, қиыншылыққа кіріктіруі кәдік. Ел аузында мынандай әңгіме бар.
"Баяғыда-а бір аяғы ауыр келіншек таңғы шай үстінде түнде көрген түсін баян етіп, екі төсін екі қасқыр тартқылап жатқанын айтады. Сонда әлгінде ғана кіріп, дастархан басында отырған көрші әйел:
- Е-е, онда сені екі қасқыр жеп қояды екен,- деп соғып қалыпты.
- Тәйт! –дейді келіншектің қайынатасы, -жуырда екі ұл табасың. Екі төсіңді тартқылап жатқан сол екі сәбиің, -деп түсті басқаша жорып, жетесі жоқ көрші әйелге алая қарайды.
Бірнеше күннен соң келіні бір жұмыспен қырдың арғы бетіндегі ауылға жүріп кетеді. Артынша-ақ, күн суытып, боран басталады. Қайынатасы келіннің артынан атты адамдар жібереді. Олар келіншекті қасқырлар талап тастағанын көреді. Қатты қайғырған шал келінінің құрсағын кемпірлерге қаратса, егіз ұл шығады".
- Астапыралла, сақтай көр, құдайым, -деп әкесі жағасын ұстады.
- Әне, түсті дұрыс жорымағанға мысал. Түс жорушы табылмаса онда түсті ешкімге айтпай, жорымай, үндемей қоя салу керек.
- Ишан ата-а, мен де бір қорқынышты түс көрдім.
- Ие-е, сен бе, балам? Сен не көрдің?
- Әнебір жылы суға тұншығып қайтыс болған сыныптас досымды көрдім, -деді Әлемби мұңайып.
- Астапыралла, сақтай көр, құдайым, -әкесі қолын кеудесіне қойды.
- Ол түсті қашан көрдің, балам?
- Өткен жолы, сіз келіп кеткен соң.
- Оның ертесіне жел тұрып, жаңбыр жауды ма?
- Жоқ. Одан соң екі күннен кейін қатты құйды ғой, жаңбыр.
- Ән-не! Түсіңде қайтыс болған адамды көрсең ауа райында өзгеріс болады.
- А-а! Солай ма?! Е-е жаратқан ием сақтай көр. Сақтай көр құдайым. Уһ-һ!- әкесі бетін сипады.
- Ишан ата, мен және бір түс көрдім.
- Айт. Айта бер, балам.
- Ақбоз атқа мініп, былай қарай кетіп бара жатыр екенмін. Бір жерде аттан түсіп, оны жайып алдым да қайта мініп әрі қарай кеттім.
- Былай...? Күн шығысқа қарай ма, балам?
- Иә.
- Биыл нешіншіде оқисың?
- Сегізіншіні бітіремін.
- Менің білуімше бұл ауылда орта мектеп жоқ қой.
- Иә, тақсыр, жоқ.
- Құдай қаласа, мына балам биыл күншығыс жақтағы мектепке барып оқуын жалғастырады, оны бітірген соң сонау Алматыға барып оқиды.
- Дәл айттыңыз, тақсыр. Өзіміз де аудан орталығындағы мектепке оқытамыз деп молжалдап отыр едік.

* * *


Ақсақ Ишан ұлағатты әңгімелерін кешкі ас үстінде айтатын. Кейде ол кісінің әңгімелері түннің бір мезгіліне дейін таусылмайтын. Жалғыз отырған сәттерінде көзілдірігін тағып алып, арабша жазылған кітаптар оқитын, немесе көзін жұмып отырып, ұзақ уақыт тәспі аударатын. Күндізгі отырыстарда әңгімені ұзақ-сонар созбай, қысқа қайыратын, немесе сұрақтарға жауап берумен тоқтайтын.
- Жақсы, ұзақ әңгімені кешке айту керек. Күндіз айтсаң адамдардың бірі келіп, бірі кетіп ой бұзылады, сөз бұзылады,- дегені бар еді.
Осыны құлағына құйып алған Әлемби кешқұрым Ишан атасының жанынан шықпауға тырысатын. Әсіресе түс көру мен оны жорудың қыр-сырын сараптағанын өте-мөте ұнататын.
Соңғы күндері таңертең сыныпқа кірген заматта балалардан түнде кімнің қандай түс көргенін сұрауды әдетке айналдырды. Бірнеше күн қатарынан сұраудың нәтижесінде көзі жеткені, 21 оқушының көбісі түс көрмейді. Кейбірі ғана түсіне бірдемелер кіргенін, оянған сәтте ұмытып қалғанын айтады.
- Күнде сұрайсың. Кімнің қандай түс көруінде шаруаң қанша?
- "Түс - түлкінің боғы" деген. Оған соншалықты қызығатындай не бар?
- Түсіңді жорып, бүгін қайсы сабақтан қанша алатыныңды айтып беремін.
- Қарай ғой сәуегейін. Мүмкін құмалақ шашып, пал ашып берерсің?
- Жә, тоқтаңдар. Мен түсімді айтайын. Түнде түсімде Әсия апай қатесін тексеруге көмектесуді өтініп, алдыма бес дәптер тастап кетіп еді, -деді бір бала, қазақ тілі пәнінің мұғалимасының атын айтып,- артынша Жарас ағай келіп, әлгі дәптердің екеуін алып кетті "Әсия апайдың өзіне қайтаруым керек, қатесін тексеруім керек" дегенімді тыңдамады. Бұған не дейсің?
- Қазақ тілінен "бес", Жарас ағайдың сабағы - сызудан "үш" аласың.
Сол күні Әлембидің айтқаны келіп, әлгі оқушы қазақ тілінен "бес", сызудан "үш" алды.
Орташадан сәл-пәл жоғары оқитын, спортпен айналыспайтын, көркем өнерпаздар үйірмесіне қатынаспайтын, тіпті мектеп өмірінде елеусіз ғана жүретін Әлембидің бүгінгі сәуегейлігіне таң қалған 8"б" сыныбының оқушылары осы күннен бастап түс көрудің тегін нәрсе емес екендігін ұққандай, әрі мына қатардағы қарапайым сыныптасына өзгеше ілтипатпен көңіл бөле қарайтын болды. Таңертең дәріске келген сәтте бір-біріне кімнің қандай түс көргенін сұрау ғадетке айнала бастады. Әлдеқандай біреу түсін айтса, оны бәрі жарыса, жамыраса жориды.
"Жерге нанның уағы түсіп қалды ма, қайдан шыққаны белгісіз, сол сәтте шымал үймелейді, қандайда бір тамақтың қалдығы түсті ме, құдды көріп тұрғандай сол сәтте шыбын қаптайды. Соған іспеттес қандай ізгі іс істесең де қарсыластар, кері тартпалар, күндеушілер өзінен өзі туындап, үймелеп, аяқтан шалу басталады, балам.
"Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден, күндестігін қоздырып, қор боларсың езбеден", –деген данышпан Абай атаң.
"Алдында жүрме - оққа ұшасың, Артында жүрме - боқ құшасың",-деген батыр бабаң Бауыржан.
Осы қағидаларды еске сақтап, менен естіп ұққандарыңды, болашақта, ер жеткеніңде, өзіңде барды кім көрінгенге жарқыратып көрсете берме, балам. Біреу пасық, біреудің іші тар, күншіл. Адамның бәрін өзіңдей көрме", -деген еді ақсақ Ишан бір өсиетінде.
- Меніңше, Әлембидің сол жолы түсті жорып айтқаны дәл келгені жәй кездейсоқтық. Түсте көрген дәптердің, күндізгі бағаға қандай қатысы бар?
- Түн жарымға дейін "боевик" көріп, сілем қатып ұйықтаймын. Таңертең әрең тұрамын. Көретін түстерімнің бәрі қырғын соғыс, шым шытырық бірдемелер. Оянған соң лезде ұмытамын,- бұлар балалардың пікірі.
Қалай десе де күнде таңертеңгі сабақ басталар алдында бірер сәт түс туралы даудырасып қалады сыныптастары. Кейбірі тіпті отбасы мүшелерінің де көрген түстерін ортаға салады. Әлембиден жорып беруін өтінеді.
- Мұндай түстерді жорымаймын, -дейді бұл.
- Көлгірсімей, айтсай бірдеме.
- Сонда қандай түстерді жорисың?
- Жоруға жарайтындарын.
- Ол қандай түстер...?
"Түстің үш түрі бар. Бірі-болатын істі алдын ала білдіретін-аян түс, екіншісі-мағынасы жоқ, қайдағы жайдағы жайттар кіретін бытықы-шытықы, шайтани түстер. Үшіншісі-нәпсі түстер, -деп көсіле сөйлеген еді бір жолы ақсақ Ишан,- аян түстерді өтірік айтпайтын, біреудің ақысын жемейтін, адами ізгі қасиеттері жоғары, инабатты жандарға жиі көреді. Ондай түстер кино көргендей айқын, анық, әрі жақсы жатталады. Оянған сәтте ұмытылмайды. Мұндай түстерді дұрыс жорыса дәл келеді. Шайтани түстер - адам ұйықтаған бөлменің ауасы тар болса, жатар алдында тамаққа тыңқиып тойып алса