Серік Жанәбіл

Туындылары


МОЛЫҚБАЙ ҚОБЫЗШЫ

2011 жылдың тамызының 11-күні Шымкент қаласында композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толған тойында облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзі бас болып, Шәмшінің ескерткішін салтанатты түрде ашты. Халықтың мерейі өсті. Мыңдаған адамдар оның куәсі болды. Міне, нағыз қуаныш осы еді.

Сол кештен кейін үйге оралдым. Ұйқым келмеді. Сталиндік зұлмат заманда, 1929 жылы жазықсыз жазаланып, жасы жетпістен асып, сексенге жақындағанда Алматы қаласының абақтысында қайғылы қазаға ұшыраған ұлы қобызшы Молықбай Байсақұлының белгісіз бейнесі түн жарымында көз алдыма елес беріп, жүрегімді сыздатып, әбден мазамды алды.

Егемен ел болдық. Бұл – қуаныш. Қолында билігі бар азаматтар осы сәтті пайдаланып, ел аузында бұрын-соңды естімеген ата-бабаларына алып ескерткіштер қойдырып, көше атын бергізіп, әуре-сарсаңға түсіп кетті. Тарих бетінде жазылмаған, ел естіп-білмеген батырлардың өтірік туысқандары табылып, ұлан-асыр той жасауда. Ал ескерусіз қалған шын таланттар өшіп барады. Олар түнде жарқырап, таңата көзге көрінбей қалады. Осындай көмескіде қалған тұлғаның бірі – Молықбай Байсақұлы. Оның артында қалған жалғыз ұрпағы – қара қобызы ғана...
Молықбайға бір ескерткіш бұйырмады.

Молықбай кім? Ол қандай қобызшы? Қай жылы туып, қай жылы қайтыс болған? Әлде аңыз адам ба? Мәселені осыдан таратайық.
Молықбай Байсақұлы 1875 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданында қобызшы Байсақ Бұғыбайұлының отбасында өмірге келген. Үлкен атасы Жетібай да қобызшы болыпты. Ұлы бабасы – ер Тоқпанбет. Сүйегі Түркістанда жерленген. Қазақ тарихында белгілі адам. Ақын Сара Тастанбекқызы осы Молықбаймен туысқан.
Қызылорда қаласынан шығатын «Жаңа әдебиет» журналында Ілияс Жансүгіровтің «Күй» поэмасы жарық көреді. Онда Ілияс ақын: «Қазақта қобызшының қалғаны сол», – деп ашық айтады. Ілияс біледі. Ол кезде қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы өмірден өткен кез еді. Кеңес заманына жеткен қобызшы Молықбай Байсақұлы болатын.
Жалғыз қобызшы, Қорқыт күйлерін елге жеткізуші, ірі талант иесі Молықбайдың жазықсыз түрмеге қамалып өлгені Ілиясқа өте ауыр тиіпті. Ілияс ұлттық тұрғыда ойлайтын адам ғой. «Күйші», «Құлагер» поэмаларымен бірге «Исатай – Махамбет» пьесасын, Құрманғазы туралы «Көбік шашқан» дастанын, Молықбай туралы «Күй» поэмасын жазды.
– Қажыған көңіл қамын, жүрек жанын,
Қозғаған қобыздағы қоңыр сарын.
Әлемнің әуеніне бермес ем-ау,
Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын, – деп Ілияс жүрегімен жырлайды.
«Қазақтың мұңын тартқан күйші шалын», – деген сөздің астарында қазақ ұлты жатыр. Ілияс Молықбайдың күйлерін өте жоғары бағалады.
Мағжан Жұмабаев қобызшы Қойлыбай бақсы туралы поэма жазды. Сәкен Сейфуллин «Ықылас қобызшы» деген әңгімені өмірге әкелді.
Ілияс Молықбайдың қайдан шыққанын, өмірде болғанын елге айтып кетеді.
«Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы!» – деп айтуы Молықбайдың төл құжатының белгісі. Қобызшыда тууы туралы куәлік болмаған.

Қобызшының тұсында Ақсу өңірінде атақты Толғанбай ақын өмір сүрді. Қобызшы осылармен араласты. Әсет Найманбаевтың өзі Молықбайдың қобызындағы күйлерді тыңдаған. Жетісу жерінде атақты Сүйінбай, Бақтыбай ақындармен бірге Молықбай қобызшы қатар айтылады.

2007 жылы 16 мамыр күні Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Молықбай Байсақұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми-танымдың конференция өтті. ҚазҰМА профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева:
– Қорқыт күйлері әлі тірі. Қойлыбай, Молықбай, Ықылас сияқты қобызшылар оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Молықбай – қобызшы Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасының жалғастырушысы. Біз Молықбайды өз көзімен көріп, оның күйлерін тыңдап, «Күй» поэмасын жазған Ілияс ағамызға алғысымызды айтамыз. Кеңес заманында Қазақ елінде қалған жалғыз қобызшы осы Молықбай Байсақұлы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Өнер өшпейді. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі. Паганиниге ескерткіш орнатылған. Елі оны құрметтейді.
Ал қобызшыға ескерткіш орнатылмаған. Бұл өкінішті. Иә... Өкінішті! – деді.
Раушанның бұл сөзі елге ой салды. Жанғали Жүзбаев, Әбдіманап Жұмабекұлы, Жемісбек Дәулетбекұлы ойлы пікірлерін айтты. Сейдахмет Мұхаметшин, Егеубек Далбағаев қобызшыға ескерткіш орнатуды жөн деп қолдау білдірді. Молықбайдың киелі қара қобызын қайта өңдеп, қалпына келтірген өнер шебері Қанат Қазақбаевқа ел алғысын айтты.
– Мен 1970 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, атақты қобызшылар Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтан дәріс алдым. Молықбай күйлерін елге оралтуымыз керек. «Жезкиік», «Бозінген», «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Желмая», «Ақсақ құлан» күйлерін қобызға түсіріп елге таратқан осы Молықбай қобызшы! – деді Ә.Жұмабекұлы.
Молықбайды Ілиястың терең білуінің сыры бар. Молықбайдың ата тегі қобызшы болған екен. Әкесі Байсаң, атасы Бұғыбай, бабасы Жетібай атақты күйшілер еді. Ал Ілиястың әкесі Жансүгір, атасы Берсүгір, бабасы Өтеш ақын адамдар болған. Ілияс туғанда Құмдағы Қайнар баба ауылына Молықбай барады. Жансүгірдің әйелі екінші ұлына босанады. Меккеден қажы атанып келген Берсүгір қария:
– Балам! Атыңды Молықбай деп қойған екен. Елге молшылық әкелсін деп ниет білдірген ғой. Әкең Байсақ пен атаң Бұғыбайды танимын. Ақын Сара қарындасың. Текті әулеттің түлегісің. Ұлы бабаң – ер Тоқтанбет. Елің Сақай. Біз де тегін емеспіз. Смағұл қажының өзі неге тұрады. Жаңа өмірге келген немеремнің есімін өзің қой! – депті.
Көкшіл көзді, өңі нұрлы, ер мінезді Молықбай сөзге келмей жас нәрестеге Ілияс пайғамбардың есімін беріпті.
Бұл әңгімені маған Ілиястың туған інісі Қызырбек Жансүгіров өз аузынан айтты. Ілиястың ағасы Бимағзұмның баласы Кәппай куә болатын. Ферману жеңгей шай құйып беріп отырды. Үйде Қосан, Айт, Нығымет, Қалиасқар, Бөрібек, Сейітжан, Байғоржын, Жұматай есімді ауыл адамдары бар еді.
Молықбайдың туысқаны Орысбай ақсақал 1968 жылы үйінде отырып бір әңгіме айтты:
– Ілияс Ташкенттен келген соң осы ауылдағы Белтоғанда мұғалім болды. Бірінші әйелі Аманшаға үйленді. Жансүгір той жасады. «Шиліөзектің» бойында ат бәйгесі өтті. Жансүгір тойға Молықбайды шақырды. Басына бөрік киген, бойы ортадан жоғары, өткір жанарлы, жүзі нұрлы адам екен. Әр адамға тесіле қарап отырды. Ел: «Молықбай келді!» деп шуылдап жатты. Ойын баласы едім, – деді...
– Ілияс әйелі Аманша баладан қайтыс болғаннан кейін 1925 жылы музыка зерттеушісі, өзінің досы Затаеевичті Ақсуға ертіп келіп, Молықбаймен кездестіреді. Бірнеше күйлерін жазып алыпты.

Ілияс соңғы рет Мұхтар Әуезовті ертіп Сарқандағы Аман жайлауында киіз үйде отырған Молықбайға барып жолығады. Қастарында Талдықорған қаласы басшысының бірі Шамай Шінәсілов болыпты.
Төрт күндей қобызшының үйінде қонып, оның күйлерін тыңдайды. Ілияс «Күй» поэмасын сол жерде жазса керек. Көп кешікпей Желдіқарағайға бет алыпты. Ілияс өзінің «Жетісу суреттері» циклын атпен ел аралап жүріп жазған деген сөз бар.
Молықбай Жетісудың жер аттарын өте терең білген адам. Мәскеуде, Қызылорда да жүрген Ілияс Жетісудың жері мен өзен, бұлаңтарын осы Молықбайдан сұрап алған тәрізді.

Молықбайды кеңес заманының саясаты онша қызықтырмапты. 1927 жылы Ақсу ауданында Сарметен деген кісінің баласы Баймолданың қызы Мәрияны Шоқпар руындағы Мырзақұлдың ұлы Қожа алыпты. Осы тойда Молықбайдың жүйрік Кер аты бас бәйгеге ие болыпты. Жүйрік ат Ақсу өңірінің Құлагері екен. Осы атты аудан басшыларының бірі сұрап қолқа салады. Ақыры ұрлатады. Молықбай қасына аталас туысқаны Нөкербекті ертіп, әлгі басшыға барады.
– Сен бақсысың! – деп әлгі қобызшыға тіл тидіреді. Мазақ жасайды. Қарт күйші қатты күйінеді. Қолындағы тобылғы сапты қамшысымен әлгі басшының басынан салып-салып жібереді.
Бет-аузы қан-жоса болған әлгі айғайлап далаға шығады. Бар даусымен: «Көзім!» деп шыңғырады. «Молықбай партияға қол көтерді!» деп оншақты адам куәге шығады. Сот болады. «Бақсы» деген айып тағады. Молықбайды Алматы қаласындағы түрмеге әкетеді. Молықбай жүрер алдында ағайын-туғанымен қоштасады.
– Мен енді оралмаймын. Түсіме бабам Кенже батыр кірді. Атының артына мінгізіп алып кетті. Алдым қара түнек түн болды. Мен енді күн көзін көрмеймін. Мекенім түрме. Алматының ауылы қашық. Артымнан іздеп әуре болмаңдар. Үкіметтің құрығы ұзын. Мойныма ноқта түсті. Оны шеше алмаймын! – депті.
Інісі Нөкербекке қарап:
– Құмдағы Қайнар еліндегі Жансүгірге сәлем айт. Баласы Ілиясқа бір ауыз сөз айтсын. Менің ұсталғанымды білсін! – депті. Бұл қобызшының соңғы сөзі екен. Милициялар оны арбаға отырғызғанда кеудесін жоғары ұстап, оларға ащы мысқылмен ұзақ қарапты! – деген еді қарт журналист Тәңірберген Қалилаханов.
Молықбайдың әйелі Ырсай мен ұлы Тілеубек арада айлар өткен соң түрмеде өлген қобызшының басына киген бөркі мен қыстық тонын елге алып келіпті. Сүйегі түрмеде қалыпты. Оның қайда жерленгенін ешкім білмеді.
1938 жылы Ілияс та Алматы түрмесінде атылды. Сүйегі қайда, ол жағы жұмбақ.

Ақсу ауданындағы Қызылтаң ауылында осы ауылдың дана қарттары Мейрамбай, Орысбай, Жанатбек ақсақалдардың Молықбай туралы айтқандарын естіп өстім. Бұл кісілердің қобызшының туысқандары екенін кейін білдім.
Ол кезде ойын баласы едік. Бірде совхоздағы №1 ферманың меңгерушісі Бөрібек ағай таяғына сүйеніп тұр екен. Кеңсенің күншуағында әңгіме айтып отырған Мейрамбай мен Жанатбек қарияларға көзі түсті. Барып сәлемдесті.
– Сіздерге бір сұрағым бар. Екеуіңіз де Молықбай қобызшыны өз көздеріңізбен көрдіңіздер ғой? – деді Бөрібек аға.
Дауысы қатты шығатын. Екпіндеп сөйлейтін. Ержүрек, батыр мінезді адам еді.
– Байсақ пен Жаңсақ бірге туысады. Молықбай Байсақтың баласы болса, менің әкем Байдархан Жансақтың ұлы. Мен Молықбайға іні боламын, – деді Мейрамбай ақсақал.
– Күзде бір мәшине шөпті тегін түсіртіп бергіземін! – деді Бөрібек ағай риза болып.
– Маған ше? – деп Жанатбек қария көзін күннен көлегейлеп, көкшіл көзімен Бөрібекке қарады.
– Молықбай туралы не білесіз?
– Білемін. Ол «Бозінген», «Көк көбік», «Ңұдіреттің құсының күйі», «Аққу» деген күйлерді тартатын. Ол кезде жасым он алты, он жетіге келген кезім ғой. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған өзінің туысқаны Естібай ұста. Мырзағұлдың баласы. Байсақ атамыздың зираты Егінсу ауылының тұсындағы Жанаш деген жерде. Маңайы қалың қамыс. Шағын терең көл бар. Ел ол жерді «Байсақ көлі» деп атайды. Молықбайдың өзі Алматының абақтысында қайтыс болды. Қайда жерленгенін ешкім білмейді. Кеңес заманының қызметкерін сабады деп басына бәле тілеп алды. Молықбайды «бай», «бақсы» деп айыптады. Жүйрік Кер атын аудан уәкілі тартып алды. Уәкілді босқа сабады! – деп Жанатбек қария басын шайқады.
– Сізге де шөп беріледі! – деді Бөрібек аға.
Жанатбек қария қатты қуанып қалды да:
– Партиямен ойнауға болмайды. Заң қатал ғой! – деді.
– Менің естуімше Молықбай көкем Әсет ақынның әндерін көп айтады екен. Әсет Маман байдың балаларымен араласып тұрыпты. Қарағаштағы ауылда көп болыпты. Қобызшыны да Маман балалары кұрметтеген ғой. Көкем түрмеде жатқанда артынан бірінші рет әйелі Ырсай мен баласы Тілеубек барыпты. Қобызшы қатты жүдеп кеткен екен. Ауылдан апарған тамақтарды жанындағыларға беріпті де:
Ел-жұрттан алыс кетіп ақырында,
Аяғын шалыс басқан мен бір пенде.
Ән-күйдің қыз-қызының отын үрлеп,
Кез болдым кері аққан қатты селге, – деп, осы сөзді қайталап айта беріпті.
Баласына айтыпты:
– Сен Ілиясқа жолық. Мені сол ақтап алады, – депті.
– Әке, өзіңіздің өлең бе? – депті Тілеубек.
– Әсеттікі ғой! – деп қобызшы көзіне жас алыпты, – деді Мейрамбай ақсақал.

Молықбай ел арасында өте беделді адам болған. Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Шұбарағаш пен Ойжайлауда үш жылда бір рет дала съезін өткізеді екен. Сол жерге ояздың арнайы шақыруымен Молықбай барып, қобыз тартып, елдің алғысын алыпты.
– Молықбай тартқан қобыздың сарынына тоймадым, – деген екен Бөрте руынан шыққан өте беделді адам Бисеке мырза.
Молықбай қобызшы 1857 жылы туып, 1930 жылы қайтыс болды деп жоғарыда айттық. Оның өмірден өткеніне биыл 80 жыл толады. Қобызшы Молықбай қайтыс болған 1930 жылы Отырарда ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов өмірге келген екен.

Молықбайдың қобызын 80-жылдары Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың ректоры, белгілі мемлекет әрі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Үлгілі ауылына барып, қобызшының келіні Адасқан апайға жолығып, батасын алып, Талдықорғандағы музейге өткізеді.
Иесіз қалған қара қобыздың рухы қолдаған Мырзатай ағамыз мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді.
Қобызшы туып-өскен Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентіне Молықбайға ескерткіш орнатылса деген ой мазалайды.
Молықбайдың тұяғы Тілеубек 1942 жылы қайтыс болады. Одан қалған Қанабек пен Қанатбек жастай шетінеп кетеді. Қызы Қантай Қапалдың жанындағы Қоңыр ауылында беріректе ғұмыр кешіп өмірден өтеді. Бүгінгі таңда Молықбайдың артында жалғыз қара қобыздан басқа еш нәрсе қалмады...