Туындылары
ҚОЙБАҒАР, КҮНІКЕЙ ЖӘНЕ ДЖОКАНДА
Көктемнің кемеліне келген дүр шағы. Көңіл жетер жерден көк шықпаған алақандай бос орын табу қиын. Тіпті былтыр күзде сыланбай қалған мал қоралардың төбесіне дейін қызғалдақ қаптап кеткен. Бұрын да осы мезгілде қызыл – жасыл гүлдері көздің жауын алып, құлпырып жататын Көкаралдың жүзі биыл ерекше қалың шыққан қалампыр қызғалдақтан көрінбейді – ау, көрінбейді. Алыстан қарағанда өрттей ғой, өрттей. Аға шопан мына ғажайып дүниені бүгін бірінші рет көріп тұрғандай айналасына бір ауық аңтарыла қарады дейсің. Содан соң кенет есіне көптен ұмытқаны сап еткендей, торыны сипай қамшылап, желдіре жорғалатып барып, «кілемге» сұғына жайылған ашқарақ қойларды кейін қарай қуа серпіп тастады. «Осындайда киноға түсіретін балдардың төбе көрсететіні болушы еді, -деп ойлады ол. – Мал аяғына бастырмайын, Көкаралдың кереметін дүйім ел түгел тамашаласын. Қызық – ау өзі! Кейде бұл өңірге өмірінде жолы түспеген базбір әншілердің теледидарда мына көгорайды кешіп жүріп ән салатыны бар».
Қойбағар атын тұсап жіберіп, биіктеу бір төбенің күнгейіне жайғасты Саулықтар да іздегендерін тапқан ба, көп шашырамай, тұрған – тұрған жерлерінде тұмсықтарынан «байланыпты». Осыған көзі анық жеткеннен кейін үнемді ердің басында ілулі жүретін кілем қоржыннан бір буда газет – журнал алып, асықпай қарай бастады.
Бұл да шопанның көптен бері қанына сіңген әдеті. Көкаралдың бір шоқысында отырып – ақ төрткүл дүниенің жаңалықтарынан хабардар болу дегенің де бір ғанибет емес пе. Жалпы ол көз түгіл көңіл жете бермейтін қияндағы бір тайпа, бір аборигеннің тағдырына да бейжай қарай алмайтын. Міне, қазір де шетел хабарларын оқып, әлде – кімдерге кіжініп қояды… Ендігі бір сәтте газеттерді былай ысырып, журналдарды қолға алды. Кенет жастар альманағының мұқабасындағы сурет көзіне оттай басылды. «Мынау…» Жас жігіттей орнынан шапшаң тұрып кетті. «Ой, пошымыңнан айналайын пасоным менің!» Журналды әрі – бері асыға – аптыға парақтап, қапелімде суреттің анықтама сөзін таба алсайшы. «Бірақ соның қажеті қанша! Өз қызығымды өзім танымайтындай не қара басыпты мені!» Көкірегін қат – қат қуаныш кернеді.
Сол сезім үстінде атына міне сап, үйіне қарай тасырлата шауып кетуден еркін әрең – әрең тежеді. Мұның есесіне басалқы тартқан көңілі бір демде қайтадан ұшқыр да асау көк дөненге айналып, сан тарапқа алып қашады. «Он жеті жыл!» Қойбағар уақыттың жылдамдығына, содан бергі жерде көп жылдың зымырап өте шыққанына, бірақ көңіл қоймасында қатталған ой, сезім, тұщыныстардың көмескіленіп, көнермегеніне… тағысын тағы өмір құбылыстарына таңданды. Тамсанды. Өткен шақты және бір жандандырғысы келді. Оның қиындығы бар ма?!
…Осындай көктем айы болатын. Бір айырмасы сол – онда сәуір өтпеген, ашқарақ буаз саулықтар көк қуалап діңкелетеді. Күні бойы отар соңынан торы атпен тепең – тепең желеді. Қала берді айнала дүрбі жүгіртеді. Сондай бір сәтте назарына қиыстау өтіп барып, бері қарай төтелей тартқан машина ілікті. Тілші достары ат басын бұрмағалы қашан. Алғаш солардың бірі шығар деп дәмеленді. Сөйтсе совхоз жұмысшылар комитетінің пысықай придседателі екен. Қысқа есен – саулықтан соң «Шопан жолдас, Мәскеуге жүресің, тез жолға жинал» деп қарап тұр. Басқа басқа, мұны күтпеген. Жөпелдемеде кесіп – пішіп ештеңе айта алмады. Бар болғаны:
– Енді он – он бес күннен соң төл төгілгелі тұрғанда сапар менің не теңім? Өзге бір кісінің ыңғайын табыңыздар сай, – деп күмілжіді.
– Жоқ! Болмайды! Дирекцияның ұйғарымы осылай, Астанаға анау – мынау ортақол қойшыны жібере алмаймыз. Бұл деген... Сақпантастай сартылдаған көмекшіңіз бар. Күнікей келін де...
– Әңгіме сонда боп тұр ғой. Келініңіздің аяғы ауыр.
– Е, құтты болсын! Бірінші емес қой... Тек жастарға бас – көз болса жарар. Біз де хабар ап тұрамыз...
Аға шопанның еш уәжі қалмады. Шұғыл жолға жиналды.
«Ил – 62» самұрығы бірте – бірте биіктей берді. Ал бұған керісінше бақа көз терезеден төменге көз тіккен жолаушы шопанның көңілі қатты құлдырап бара жатты.
Ойына қайдағы мен жайдағы оралды, желпілдеп жолға шыққанына налыды. Бір сәт жаппай қоздағалы жүрген саулықтар көзіне елестеді. Малдың бір кәрі болар да.
Бәрінен бұрын айы – күні жетіп отырған әйелін айтсайшы. Байғұстың, неге екенін кім білсін, соңғы күндері мінез – құлқы да өзгеріп, күйгелектеніп кетті. Бұрынғы кең – мол дастарқанының да ажары қашты. Соған қарағанда... Шүкір, ұл да, қыз да тапты ғой. Бірақ соның қай – қайсында да терісі мына жолғыдай тарылмаған... Оңай деймісің? Бірдеңе жанына батады дағы... Осындай – осындай сүреңсіз ой Қойбағарды нілдей бұзды. Егер жер бетімен жылжитын көлікте келе жатқанда жалма – жан есікке ұмтылар еді.
Аспан серік қыздың саңқылдаған таза, ашық үні қалыңдай бастаған күдік тұманын жел кеулегендей ыдыратты. Байқаса, өзін – өзі белдікпен қынай буып тастапты, қапелімде қозғалуы мұң болды. Көршісі мырс етті.
Қорқақтығына күлді – ау, шамасы. Қойбағардың мұрын ұшы жіпсіді. Ұялған – қысылғанда өстетін әдеті.
– Шопан шығарсыз, аға? – деді жігіт өзінің орынсыз күлкісымағын жуып – шайғысы келгендей.
Мына сөз де аға шопанға шаншудан кем тимеді. «Киімімнің бір олпы – солпысы көзге ұрып тұр ма? – деген ой ызыңдады. – Өзім де асығып – аптығып...» Сол қолымен галстугын елеусіз ғана түзеп, оң қолымен пижагының етегін тартқыштады, көзінің қиығын балағына, бәтіңкесіне салды. «Бүлініп тұрған ештеңе жоқ сияқты». Көңілі орнықты. Бірақ жаңағы сұраққа ыстықтап қалғаны жауабынан мен мұндалады.
– Ия, қойшымын! Оны қайдан білдің? Өзің не... дәуде болса институтта оқып жүрген болашақ бір дөкей шығарсың.
– Келешекте кім боларымды білмейім, ал әзірше мен де өзіңіз сияқты шопанмын, аға! Институтта сыртай оқимын.
– Қойбағар жігітке сенімсіздеу көз тастады. «Мал бағатыны рас па екен? Түр – түсі, сықиып киінісі қаланың қуаяқтарына ұқсайды...»
Студент – шопанның ілік – шалдау басталған әңгімені әрі қарай жайма – шуақ өрбіткісі келіп – ақ еді, бірақ әріптесінің тағы да қабағы қалыңдап, ойға шомып бара жатқанын аңдап, тізесінде жатқан кітапты қолына алды.
Тізе түйістіре қатар жайғасқан екі малшы аздан соң мына дүниеде бір – бірінің бар – жоғын да мүлде ұмытып, өз ойларымен алысып кетті.
...Қойбағаржан сұмдық ерке еді. Бір көрген кісі «әй, мына күшіктен түбінде оңған адам шықпас» деп түңілетін. Бірақ әке – шешесі жалғыз ұлдың атан түйеге боларлық оғаш қылықтарына қабақ шытпай, «жазмыштың» мұнысына күніне жүз мәрте тәуба айтып, шүкіршілік ететін – ді. «Есейген соң ақылы кіреді» деп, бетінен қақпайтын.
Қойбағар сол «ауыздықталмаған, бастықпаған» қалпы мектеп табалдырығын аттады. Ата – анасының қуаныштан есі шығып, кіші – гірім той жасады. Ерке– тотайдың ақыл тісі шығатын күн де жақын қалғандай.
Обалы не керек, қойшының ұлы сабаққа зерек,алғыр болды. Бірақ баяғы еркелігі құрғыр енді бірте – бірте бұзықтыққа ұласып, қасықтап жинаған абыройын шөміштеп шашып отырды. Бір – екі ескертумен не бұрышқа тұрғызумен «қиын оқушыны» ете алмасын мойындаған мұғалімі ата – анасын мектепке шақырта бастады.
Онымен де мәселе шешіле салған жоқ... Сөйтіп алғашқыда жай ескертуден басталған әңгіме ерке баланың класы жоғарылаған сайын ұшығып, бітпес дауға айналып бара жатты. Енді Қойбағардың көкесі мен апасы сасайын деді.
Уақыт болса зымырап өтуде, ал көптен күткен ақылдың әлі төбесі де көрінер емес. «Не істеу ләзім?» Әкесі марқұм әрі ойлап, бері ойлап, ақыры өзгін жұлып алғандай ауыр тисе де ұлын интернатқа орналастыруды жөн санады. «Онда қашан дегенмен тәртіп қатал, әр бала күні – түні дегендей мұғалімнің көз алдында жүреді...» Шынында да, минут сайын айналып – толғанып, өліп – өшкен әкешешесінің ыстық құшағынан алыстаған соң Қойбағар біршама сабасына түсті. Тек сабағы мүлде нашарлап, қыдырымпаздыққа, серілікке салынды. Өйткені оның қалтасында кей – кейде білдей бір шопанның айлық жалақысының ширегі жүре беретін. Бір тәуір жері – ол қолында барды басқалармен бөліскенді жақсы көрді.
Содан да достары көбейді. Енді ол жора –жолдастарына еркелейтінді шығарды,өкепешіл болды. Қысқасы, еркелеумен және өкпелеумен жүріп Қойбағар өзінің ер жеткенін де байқамай қалды. Байқамағаны сал емес пе – өзі өз болғалы бірінші рет бетпе – бет келіп отырған махаббаттың алғашқы сынына да төтеп бере алмай, болмашы нәреге балаша бұртиып, нағыз жігітке тән мінез таныта алмады. Дегенмен бозбаланың сол қаталігінің өзі интернат ұл – қыздарының алдындағы беделін тіпті аспандатып жіберді.Олай болатыны, Қойбағардың осалдығынан, морттығынан жан дүниесінің тазалығы, пәктігі көрінді. Күнікеймен де сонда танысқан. Қалай танысқаны еске түссе, әлі күнге дейін мұрын ұшы тершиді.
«Кім еді сол сұлудың есімі? – деді аға шопан жүрек тұсынан лып ете қалған жылы сезім әсеріне кәдімгідей беріліп. – Ақбота ма? Жоқ – жоқ, Ақтоты!...» Мұндай асау, мұндай ыстық , күшті сезімді бозбала бұрын – соңды Басынан өткермеген. Содан ба, тез масайып, «Сырдың суы сирағынан келмейтін» дәрежеде жүрді. Ақтотыдан басқа жан баласын көзіне ілмеді. Қыз да кет әрі емес сияқты. Осындай үміт пен сенім үстінде ғашығына хат жазып, қардай ақ қағазға қандай қызыл сиямен жүрек сырын бүкпесіз ақтарды. Қөгілдір конвертті иесіне өз қолымен тапсырды. Енді тек... енді тек...
Арғы жағын ойлауға Қойбағар – Мәжнүннің батылы жетпейді, жүрегі бар болғыр атқақтай соғып, аузына тығылады... Бозбала жігіт осылай тәтті үміттің теңізін кеңірдектен кешіп жүргенде... Бірде, қашанғыдай күтпеген жерден, мұғалімдер бөлмесіне шақырылды. О, масқара! Ақтоты мұның хатын тұп – тура класс жетекшісіне апарып беріпті...
Сол бір жылдан ұзақ көрінген ауыр минуттарда Қойбағар қандай сезімдер құшағында болғанын айтып та бере алмас. Өкініш. Өкпе. Ашу – ыза. Ұят. Бәрі – бәрі тұс – тұстан андағайлап келіп, жүрегін қысқанда... «Өлетін шығармын шығармын» деген. Шын – ақ өлгісі келген. Төсектен тұрмай, бауырлап жатып алған... Мұнысы да өзіне соққы болып тиген. Себебі оның ғашықтық дерті туралы хикая да ұл – қыздарға тегіс тарап кетіпті. «Көңіл сұрағандар» көбейді. Алдымен бағана ғана «ит терісін басына қаптаған» класс жетекшісі бас сұғып, жылы – жылы сөйлеп, ақыл айтты. Одан «әзер құтылдым – ау» дегенде сау етіп бір топ жолдас – жорасы кірсе болар ма! Дабырлап – даудырап олар да кетті – ау, ақыры. Содан соң өзінің де о дүниеге тіпті де аттанғысы жоқ екенін сезінді. Өстіп, дертінің беті бері қарай бастағанда, қас қылғандай – ау өзі, ішке имене басып бір қыз енді. Бір қыз болғанда... жерлесі. Бірақ Қойбағардың бұл жерлесі туралы білетіні тым аз – ды: нағашы ағасының қолында тұратын жетім қыз, аты... есінде жоқ. Оны осында, интернатта кездестіргенде де селт етпеген. Міне, сол... бауырмашылын өзінің!
– Сенің ауырыпқалды деп есітіп, – деді ол күлімжіп. Содан соң өзіне жақтырмай қараған бозбаладан көзін терезеге қарай тайдырды, – Мүмкін, дәрі – дәрмек...
Ия, таба алсаң бір құты у әкеп берші! Күнікей бір сәт аңырып тұрып қалды. Қойбағар қабырғаға қарай аунап түсті. Бұл – «осымен сөз тамам» дегені. Бірақ қыз қипақтап кете қоймады. Сонан бір кезде асығып – аптығып, жүйесіз сөйлей бастады.
– Ол өзі... онша да әдемі емес қой. Одан да сұлулар бар. Біздің қыздар онымен сөйлеспейді... Ертең жексенбі.
Ауылға бармайсың ба? Мен...
Жауап орнына «жаралы Төлеген» жыламсырай әндетіп, ата – анасына сәлем жолдады:
Қосабаның жолында қоса кетті дегендей,
Маңдайынан аққан қан жоса кетті дегейсің...
...Қособаның жонында, құс қонбас құба жапанда
Жылай – жылай бір жалғыз дүниеден өтті дегейсің...
Күнікей үнсіз тұрып – тұрып, ақыры жылапшығып кетті. Қойбағар басқаны емес, дәл бір Ақтотыны апындырғандай насаттанып, миығынан күлді...
«Менде де адам сүйерқылық болмаған екен – ау» деді аға шопан. Содан саң төменде үйдек – түйдек көшіп бара жатқан шарбы бұлттарға қарап ойға шомды. «Ақ тотымен жарасып, қосылғанда бақытты болар ма едім?»
Бірақ қанша қиялданса да ондай күнді, ондай өмірді көз алдына елестете алмады. Бар ой – қиялы қазығынан көп ұзамай, айналып келіп Күнікейге тіреле берді.
...Ғашықтық дертінен айығуға біржола бет бұрған.
Бірде сабақтан соң Мақсат деген досы оңашаға шақырды. «Бір сөзім бар еді» дейді.
– Құлағым сенде, – деді бұл ананың не өтініші барын айтпай – ақ біліп. – Қанша ақша керек?
– Жо – жоқ.
– Е, одан гөрі күрделі десейші. Хат қой! Ия, қай сұлуға апарып берейін?
Осылай десе де Қойбағар ол хаттың Ақтатыға арналғанына шүбәсіз еді. Өйткені не сиқырлы барын кім білсін интернат бозбалаларының көбісі дерлік соған ғашық болатын.
Жарыққа үймелеген көзсіз көбелектер!
– Өй ,қойшы Ақтотыңды! Одан өзге қыз құрып қалғандай... бәрің өліп – өшіп...
– Сонда кімге?
– Күнікейге.
– Күні... кейде!
– Неге сонша таңданып!
– Жай... Әкел, дәл осы қазір апарып берейін.
– Тек...
– Қорықпа.
Көмескілене бастаған Күнікей бейнесі ойламаған: жерден да, ол дегенің... Мақсаттың хаты қалтасында жүріп тозуға айналды...
Аспансерік қыз жолашыларға түскі тамақ тарата бастады да, аға шопанның ойы тағы үзілді...
...Кәмелеттік аттестат қолына тиген күні Қойбағар тура аулына тартты. Келе әкесінің үзілді – кесілді қарсылық жасағанына ( «Оқисың! Оқытамын!») қарамай, қойшының құтты таяғын қолына алды. Көкесі тулап – тулап, ақыры сабасына түсті. Көп ұзамай Күнікей де оралды.
Бұл жас шопанға көптен аңсай, сағына күткен көктемнің келуіндей әсер етті. Енді олар жиі кездесетін болды және бірін бірі көруге асығып тұратын сыңайлы. Қойбағардың көкесі соны сезгендей, бірде кешкілік жігіт жанына жағар бір әңгіме бастады.
– Күнікей келгелі көршіміз Алпыспай жаманның жыртығы бүтінделіп, кемі толып, жетісіп қалды. Өзі бірмың болғыр бала! Мінезі қандай.! Және әдемі – ақ қой, шіркін! Олай болатын жөні де бар. Әжесі Балқия да кезінде судай сұлу болған көрінеді.
– Әлгі пұшық кемпірді айтасыз ба? – деді Қойбағар таңданысын жасыра алмай.
– Е, сен, айтпақшы, Балқия хикаясын естімеген екенсің – ау. Тыңда, ендеше... Ол енді, шамасы, саған да қашық емес...
Он алты, он жетіге шаққанда Балқияның елде асқан көркі, ақылы, өнері ат жетер айнала төңіректегі елге – Ленгір, Сайрам, Түлкібас, Арыс аймағына өрттей тез жайылады. Соның артынша жан – жақтан сұлуға жар болудан дәмелілер дүмейді, Тәкәппар қыз бірін де менсінбейді. Өстіп жігіттен жігіт жаратпай жүргенде көлденең кесел Балқия байғүстың әп – әдемі мұрнын пұшық етіп, сәңкитіп кетеді. Сол сол – ақ баяғы қоғадай жапырылған қалың «күйеулер» түп – түгел теріс айналады. Ақыры, «таңданған тазға жолығады. Балқия мұңлық бір жаманға ұзатылуға мәжбүр болады. Сонда, ұзатылып бара жатқанда ол мынандай сыңсыу – өлең, сыңсу – ән айтыпты:
Менің атым сұрасаң Балқия – ды,
Жігіт көсе Балқия шалқияды.
Сөйтіп жүрген сұлудың мұрны, міне,
Қарға тескен қауындай...
Саңқияды.
Ей, мұрным – ай,
Бар ма екен мендей мұңлық – ай!
Балқияның әні сирек те болса ел арасында әлі күнге дейін айтылып жүр. Естімеген екенсің дағы...
Көпті көрген сұңғыла шал аз – кем үнсіз атырып, сөзін қайта жалғады.
– Күнікейдің әдемілігінде дау жоқ.. Сосын аның сұлулығы танадай жарқыраған көзінде де, атқан таңдай бет ажарында да емес. Оның әдемілігі бүкіл тұла бойында, бар қимыл – қозғалысында,... Әттең, буыны қатаймай тұрып ауыр қара жұмысқа араласқан... Әйтпесе сурет болатын – ақ бала.
Әке сөзі көкейіне қона кетті. Шынында да, Қойбағар осы күнге дейін Күнекейдің табиғи шырайын бүркемелеп тұрған ненәрсе екенін тап баса алмай жүрген. Сөйтсе ол – жетімдік екен, басқаша айтқанда, ыстыққа да, суыққа да қақталған жүз, сезімжарқылдарын үнемі жасырып ұстайтын мұңдылау жанар, өз жасына қарағанда ересектік....
Мұнан кейінгі жерде жігіт қыздың жүзіндегі әлгіндей кіреукелерді ойша сырып тастауға, оның жасырындау тұратын ажар – көркін, бар бояу, бар болмысында көруге ұмтылды. Солай ете алды да. Мұнысы «сау басына сақина» болды. Енді бұрынғыдай емес, бойжеткеннің әр қарасы, әр сөзі жүрегін қақтырды. Ғашықтықтан сау ма? Солай сияқты. Бірақ Қойбағардың оны оп – оңай мойындағысы келмейді. Көңілінде өз сезіміне деген сенімсіздік бардай. Расында да орталықта өтетін кештерге барғанда күдігі құрғыр аңдыздап бас көтереді. Себебі ондай ортаға түскенде Күнікейдің ажары көрер көзге бұр түрлі бәсең, солғын тартып қалатындай. Ия, орталықтың бет – жүзі қызғалдақтай үлбіреген еркелерімен шопан қызды қатар отырғызсаң бар ғой, бір көрмеге солай. Мұндай салыстыру Күнікейге жасалған көпене – көріну қиянатпен пара – пар.
Сондықтан Күнікей туралы үзілді – кесілді пікір айтыуға асықпайық..Өйткені шын сұлулық іс – қимылы, қозғалыс үстінде танылса керекті. Айталық би кезінде көкаралдық бойжеткеннің қасында жаңағылардың бірі де жіп есе алмайды. Қарап отырсаң бірі тымаласа, екіншісі тым бойшаң, үшіншісі... Ал Күнікей... Қойбағардың көкесі рас айтады, «оның сұлулығы Танадай жарқыраған көзінде де, атқан таңдай бет ажарында да емес. Оның әдемілігі бүкіл тұла бойында, бар қимыл – қозғалысында...»
Күнікей мен Қойбағардың махаббаты іштей әлдеқашан тұтанып, бірақ онысын сырт көзге онша байқатпай да, жанып жүре берді. Сонан арада талай жыл өтсе де ерлі – зайыптылардың бір – біріне деген ынтық көңілдері суыған емес. Дегенмен, семья болған соң табақ – аяқ сылдырламай тұрған ба! «Ондай – ондай түсінбестікке де кінәлі өзім, – деді аға шопан үшкіл тастың үстінде отырғандай жайсызданып. – Кей – кейде қараптан қарап отырып кісіге тиісетінім бар. Кейде – кейде бақытсызбын дегенге өзімді – өзім – өзім – иландырғым кеп босқа арам тер болатыным да рас, әй!» Жайлауда болса, қолындағы алты өрім қамшымен керзі етігінің қонышынсарт еткізер еді. Ал мында...
... Бір жолы ескі жыны қозып, шай құйып ұсына берген әйеліне тиісті.
– Осы сенің атыңды неге Күнікей қойған?!
– Кім білсін...
– Күндей сұлу болсын деген шығар.
– Мүмкін.
– Ендеше, неге сүлу болмадың?
Күнікей үндемей қалды. Жанары жасқа толып шыға келді. Сосын, әлден соң өксікке булығып:
– Өзім сұлу болмасам да алтындай – алтындай ұл –қыз тауып бердім ғой, – деді.
– Оны жоққа шығарып отырған кім бар... Сен күнделікті күйбең тірлікпен жүріп өзіңнің әйел екеніңдіде ұмытқан шығарсың, сірә... Мына көйлегіңді тасташы, ақы берейін...Анау Қазақстан әйелдерінде», «Мәдениет және тұрмыста» бет, шаш... күтімі туралы пайдалы кеңестер беріліп жатады. Кім үшін? Ернің кезеріп, бетің тотығып, қолың шыт –шыт жарылып жүргені... Опа – далапты неге пайдаланбасқа? Өзім – ақ әкеп берейін.
– Енді жетіспегені сол еді маған!
– Е, несі бар. Сосын... көйлекті өзің тігіп кигенді қойшы, айналайын. Дүкенде сықап тұр емес пе не әдемілерін! Тіпті... бір жаққа шыққанда...
– Ұялсаң ертпей-ақ қой.
– Сен – ақ сері бола бер. Қой бағуға емес, тойға баратындай сықиып жүргенің. Мейлі де, о жағын өзің біл, тек менде шаруаң қанша?
– Сен менің құлақ кесті күңімсің бе, әйелімсің бе?
Маған мезгілімен шай – су бермесең де бір ауық үсті – басыңа қарашы...
«Со жолы артықтау кеттім», – деп ойлады Қойбағар. – Жайымен айтып түсіндіруге болар еді. Дегенмен ар жағында бар – дағы, содан кейін біршама түледі. Бәрінен бұрын балалардың қуанышын айтсаңшы...»
Арада біраз уақыт өткенде Қойбағар мойнына жоқ жерден қосымша міндет жүктеп алғанын білді. Бірақ оған титтей де ренжіген жоқ... Зәуіде совхаз не аудан орталығына яки қалаға барғанда енді балаларына қоса әйеліне де міндетті түрде киім – кешек, оны – пұны сатып алатын болды. Әсіресе осы жолы жұбайы көп бұйымтай табыстады. «Оның бәрін қашан және қайдан аламын?» деген қорқынышты ой тағы да бас көтерді. Жалпы осы сапардың үміті мен күдігі итжығыс түсіп жатқандай. «Ұл туа ма, әлде қыз? Мына алып самұрықты ұршықша үйіріп келе жатқан Нұрғалиев сынды ұлы бар әкеде арман жоқ шығар. Өзі де бір келісті азамат екен, тіп – тік әрі ұзын бойлы, жауырынды, жылы жүзді... Ал ана аспансерік ше? Неткен сымбат! Күнікей сондай бір... Мейлі, аман болсын, әйтеуір...»
– Не болды, аға! Қозғалақтап кеттіңіз ғой. Мүмкін...
Аспансерікті шақырайын ба? – деді көршісі ініге тән елгезектікпен.
Қойбағардың іші жылып сала берді.
– Жо – жоқ, айналайын. Мен ... жай...
– А – а... Москваға да жақындадық... Енді бір бес – он минутта қонып та қалармыз.
Ә, иә, айтпақшы, сен, інішек, атың кім еді, е айтқансың, Батырхан, мұнда бұрын да талай келіп – кетіп жүргенге ұқсайсың, дүкен жағы қалай?
– О жағын уайымдамаңыз. Іздегеніңізді табамыз.
Аға шопанның көңілі біршама жайланды.
Бұлар «Россия» мейманханасына жайғасты. Екі кісілік бөлме жайлы – ақ... Терезеден Кремль, Қызыл алаң көрініп тұр.
– Ертеңгі ең бірінші міндетіміз – Ленин мавзолейіне бару, – деді Батырхан әбден орналасып алған соң өзімсіне «билеп – төстеп».
Қойбағар кәдімгідей қысылды. Өйткені ол: Қолым босай қалса, айнала төңіректегі дүкендерді бір сүзіп шығармын», – деп ойлаған. Әбүйір болғанда бұл туралы көршісіне айтып үлгермеген – ді.
Кешке Батырхан туу шығандағы аулына – шопандар қалашығының тура өзіне телефон соғып, амансаулық сұрасып («Ораз – Мұхамед қалай? Қаз тұрады деймісің?
Жігіт өзі!»), тіпті нұсқаулар беріп («Түнгі кезекшілікті күшейтіңіздер. Ешкім ешқайда кетуші болмасын! Хабарласып тұрыңдар!») – тастады. «Жағдайлары бізге қарағанда көш ілгері екен, – деп ойлады Қойбағар, – Бізге әлі телефон жете қойған жоқ. Неге?
Әрине, өзім, өзіміз. Байланыс желісін тарту туралы мәселе қозғау ойыма келіпті. Құрығыр самарқаулық – ай!
Міне, енді, басқаны былай қойғанда, айы – күні жетіп отырған әйелімнің жайын да біле алмай далмын».
– Арғы күні түстен кейін Третьяков галереясын тамашалаймыз, -деді жас шопан Қойбағардың үрейін ұшыра түсейін дегендей. – Одан кейін Бородино панарамасын, сасын... Ленинград!
«Оу, сонда дүкенді қашан аралаймыз!»
– Бәріне де үлгереміз, -деді Батырхан әріптесінің ішкі ойын тап басып.– Бұл жаққа күнде жолымыз түсіп жатқан жоқ.
– Әрине, әрине, -деді Қобағар ұялған тек тұрмыстың керімен.
Ұлы көсемнің мавзолейінен аға шапан мол әсер алып шықты. Ойы да, тіпті бойы да бірер қарыс биіктеп кеткен. Бородиро панорамасы ше! Неткен ғаламат туынды. «Батырхан болмаса... Ұят – ай!» Қойбағар іштей әріптесіне мың алғыс айтып, мұнан былай оның дегенің екі етпеуге бекінді. Сондықтан шығар асқазанының ескі ауруы сыр бергеніне қарамастан Третьяков галереясынада барды. Онысына еш өкінген жақ. Мұнда да не кереметтер жиналған екен. Келушілер де көп. Әсіресе итальян суретшілерінің көшпелі көрмесі қойылған залда адам ығы – жығы. Ана бір әйел суретінің жанында аялдап, ұзақ тамсанушыларды көрсеңіз. Қойбағар да жақындап, бір шама көз тоқтатты. Бірақ пәлендей ерекшелігін көре алмады. Ал Батырхан жіпсіз байланып тұр.
– Жүрсеңші, – деді бір уақта Қойбағардың шыдамы таусылып. – Соншалық не Таптың жансыз суреттен!
– Бұл дегенің Джоконда ғой, аға! Сұлулықтың символы ол, басқаша айтқанда, әдеміліктің тәңірі. Қараңызшы дұрыстап...
Жігіт Қойбағарға еміне түсіп, тебірене сөйлеп кетті.
Аға шопын оның айтқандарының бірін ұғып, бірін ұқпады. Себебі ол мынау әлем жұртын таңдандырып, тамсандырған сұлуға бейжай қарап тұрып, өзінің Күнікейін, бала – шағасын ет – бауыры елжірей, сағына еске алған.
Сонда ба, көңілі бір түрлі құлазығандай...
Батырханның Моно Лиза туралы әңгімесі мейманханаға келген соң да жалғасты. «Бізде де не сұлулар өткен ғой. Бірақ....» Қойбағардың жадында Балқия туралы мұңды хикая жаңғырды.... Бір кезде байқаса, әңгіме Бордино панорамасына қарай ойысқан екен.
– Өзіңіз көрдіңіз ғой, – деді Батырхан билік айтардағы ескі билерше қызына сөйлеп.– Ғажайып туынды.
Бүкіл ұрыс даласы түп түгел алақандағыдай көрінеді.
Табиғат бояулары, мезгіл реңкі, жер бедері, қару – жарақ, аттар, тіпті жүздеген жауынгердің бір – біріне ұқсамайтын бет пішіндері, тұлғалары ғана емес, ішкі сезім толқыныстары да суретші назарынан тыс қалмаған. Қолбасылардың іс – әрекеттері де – көз алдымызда. Тек... қырғын соғыстың алапат сұмдығын тап басып, төбе құйғанды шымырлатардай бір бояу, бір деталь бір көрініс, кем соғама, қалай! Осынау ұлы туындыда автор, өзі французболған соң ба, отандастарының масқара жеңілісін қаз – қалпында көрсетуге келгенде бір түрлі бетінен басылып, соның әсеріне де шығар, сұмдық айқастың өзін емес, ол туралы спектакельдің көріністерінін ғаламат бейнелей білгендей. Жалпы полотнода суық салтанат бар...
«Солай сияқты, жоқ, білмейім!» – деді Қойбағар іштей қиналып. Арада аз – кем үнсіздік.
– Оу, аға, кешкі ас ішетін уақыт боп қалыпты ғой, – деді сәлден соң Батырхан орнынан тұрып. – Бүгін алтын залдан тамақтанайық.
– Буфетке бара салсақ қайтер еді?
– Немене бес – он сомыңызды қимай қиналып тұрсызба?!
Қойбағар әзілге орай жауап қайырды.
– «Қоя – қоя ішсең қой қалады,
Тарта – тарта ішсең тай қалады,
Тоя – тоя ішсең нең қалады?» – деген. Үнемдегенің өкініші жоқ.
– Аға шопанның табысы тоя ішуге жетпейді деген қандай ертегі? Оған мені иландыра алмассыз. Әй, сараңсыз – ау. Жеңешем қыз тумаса неғылсын.
Екеуі рақаттана күлді. «Күнікей қыз табады – ау» деген ой тағы да ызың етті.
Жеті күн зымырап өте шықты. Ауылға қайтатын уақыт та таянды. Қойбағардың ұшарға қанаты жоқ... Асығып жүр. Алды – артына қарайлайтын емес. Соны байқаған Батырхан:
– Аға, асықпаңыз. Алда бітпеген бір іс бар емес пе? – деді.
– Ол қандай іс?
– Ленинград қаласына баратын боп уәделесіп ек қой.
– Қап, әттеген – ай! Солай екен – ау. Дегенмен мені бұл жолы қинама... Тағы бірде дегендей... жеңгеңнің де бір хабарын біле алмай...
– Сол да проблема ма? Ауылдағы таныс бір кісінің телефон номерін айтыңыз, осы қазір хабарласайын.
– Со нәрсені әдет етпегенбіз.Тек директордың үйінің...
– Айтыңыз.
– Жеті түнде ме?Ұят шығар.
– Айтыңыз!
– Директор үйінде екен, бірақ Қойбағардың үй ішінен, Күнікейдің жайынан хабарсыз болып шықты.
– Оу, сонда сіз не білесіз? – деді Батархан ашу шақырып. – Неткен салғырттық , самарқаулық бұл! Жо – жоқ , біз мұндайға жайбарақат біз мұндайға жайбарақат қарап отыра алмаймыз.
Сіз осы қазір барып, жеңгейдің аман – саулығын көзбен көріп келіп, мына телефонға хабарласасыз...
– Кешіріңіз, сіз кімсіз? – деді директор сасқалақтап.
– Айтқанды орындаңыз! Кім екенімді сонда соң естисіз.
Ұзын сөздің қысқасы, арада бір сағат өтер өтпес Қойбағар әйелінің аман – есен аяқ – қолын бауырына алғанын естіді. Өз құлағымен. Көңілінде тұщытылмаған майдай кілкіген күдік қуаныштың жал – жал толқынында жаңқасын қабылдай алмайтынын білдірді.
– Сен өкпелемей, інім, – деді Қойбағар өзі де қысылып, қиналып. – Мен жүре берейін...
– Поезбен тек жолға ғана үш күніңіз кетеді, аға.
Босқа. Онан да ертең жоқ арғы күнгі самалетке билет алып қойып, екі күнде Ленинградты көріп қайтуға болар еді. Екі жақты тиімді емес пе.
– Солай ғой. Бірақ мен... күте алар емеспін. Жай шабан да болса, әйтеуір, жылжыудың өзі көңілге медеу Сен... тағы да өтінем, өкпелеме, мақұл ма?
– Жоқ , о не дегеніңіз, аға, тек... біздің жігіттердің көбі бір түрлі енжар, самарқау... Иектерінің астында не болып, не қойып жатқанынан бейхабар. Қамсыз. Қайғы мұңсыз. Сіз ондай емессіз, әрине.Дегенмен.
Қойбағар аз күнде туған інісіндей болып кеткен Батырханнан қысылды. Бірақ амал қанша...
Екі шопанның қайтар жолы екі айрылды.
Қойбағар қызына (қыз болғанда қандай және!) ат қоюға келгенде қатты қиналды. Лайықты ештеңе тіл ұшына орала қоймады. Үлкен қызының есімі Алтынай, одан кейінгісі – Жарқынай... Кенет басына өзі де күте қоймаған бір ой келді. «Джоконда қойсам ше? Былайша айтқанда, Жәкүнай. Алтынай, Жарқынай, Жәкүнай!
Өлең жолдарындай ұйқасып – ақ тұр!»
Бұл ойына Күнікей үзілді – кесілді қарсылық білдірді. «Күнерке қоямыз» – деді ол. Қыз әкесі де айтқанынан қайтпады. Сол пікірінен айнымаған күйі сегізінші перзентіне тууы туралы куәлік алу үшін ауыл Совет кеңсесіне барды.
– Иә, балаңның бауы берік болсын! Атын кім деп жазамыз? – деді ауыл Совет сектетары.
Қойбағар баладай қысыла жауап қайырды.
– Джоконда деп...
– Джоконда! – Ым – м... Ол енді... Әлгі сұлу әйел ғой.
Дұрыс. Бірақ Джоконда деген оның фамилиясы болса керек. Аты қалай еді?
– Лиза.
– Ендеше, Лиза қойыңыз қызыңыздың атын.
– Жоқ!
Не керек, қошының кіші қызының есімі документке «Күнерке» деп жазылды. Бірақ Қойбағар еркесін «Жәкүнай» деп атап кетті.
Күнікейдің үш қызы өсе келе ата – анасының ғана емес, ауыл – аймақтың мақтанышына айналды. Әсіресе Күнерке – Жәкүнай! Жәкүнай десе Жәкүнай өзі де! «Одан бері де он сегіз жыл зымырап өте шығыпты ә», – деді шопан ұясына қарай жай жылжыған күнге көз салып тұрып. Сол сәт ойына тағы да Батырхан орала кетті. Қуанғанда, қиналғанда, неге екені белгісіз, үнемі осылай. Жалпы онымен сирек ұшырасса да, есесіне жиі –жиі есіне алып, тіпті кейде іштей есеп беріп отырады. Ақылдасады. Қайғысын, қуанышын бөліседі. «Болайын деп тұрған жігіт» деп еді алғаш көргенде – ақ.
Айтқаны айдай келді. Қазір ол дегенің дырдай совхоз диекторы. Сірә, тағы да жоғарылайтын шығар. Екеуі жиналыстарда кездесіп тұрады. Әлі баяғы ақ жарқын, қарапайым қалпы. Іші – бауырына кіріп, жылы сөйледі.
Ә дегеннен қояр бір сұрағы – «Жәкүнай қалай?»
Өзіне – өзі сөйлей жүріп, Қойбағар отардың бас – аяғын қайырмалай бастады. «Бүгін, шамасы, күн батпайтын шығар. Қой, ертерек үйге барып, Күнікейді де қуантайын. О дағы қызын сағынып, екі көзі төрт боп, жолға қарап отыр ғой»
Қайтар алдында күн ұзын асыға, аптыға сан рет парақтаған журналды тағы бір мәрте байыппен қарап шыққан. Бұл жолы суреттің анықтама сөзі оп – оңай табыла кетті. Өзі бар болғаны екі – ақ ауыз екен: «Дала Джокандасы».
«Айтып ем ғой. Білгем түбінде осылай боларын. О, пошымыңнан айналайын Жәкүнайым менің!»
Аға шопан мұнан әрі шыдай алмай, отарды қораға қарай дүркірете айдады.
Күнікей әлдеқайда көз салып, терезе алдында отырған. Даладан кіріп келген күйеуін байқай қоймады. Қалың ой құшағында сияқты. Даусы барынша ашылған радиодан қашанан таныс ән төгіледі.
Қойдан қойға жүгірер тарғыл мысық,
Әттең, дүние, қайтейін мұрным пұшық.
Мұрным түгіл ерніме түсе ме деп,
Қорққаннан кетеді зәрем ұшып.
Ей, Мұрным – ай,
Бар ма екен мендей мұңлық – ай...
Қасына жақын барғанда ғана Күнікей селт етіп, жалт қарады. Жылағаны сезіледі. Бірақ жас жауған жүзінен де, боталаған көзінен де мұң табы байқалмайды. Тек әнге ерекше әсерленіп кеткендей. Қойбағардың жүрегі елжіреді. Күнікейді тебірентер сөз тауып айтқысы келді.
Жұтынды. Үні шықпады. Соның өзінде әйелінің жүзі нұрланып сала берді.
Қойбағар күні бойы төбесін көкке жеткізердей мол қуаныш сыйлаған журналды енді Күнікейіне ұсынды.