Ерсін Қойбағарұлы

Туындылары


БҮГІНГІ ТАҚЫРЫБЫМЫЗ – ЭКОЛОГИЯ (әзіл әңгіме)


-Балалар-ай, ті-іш отырыңдар, түге! Жетеді. Тынышталыңдар енді.
Ақшұнақ аяз алқымнан алғанда, азынаған үйімізді жылытуға не ағаш, не тезек таппай, газсыз, көмірсіз, небір қақаған қыстарды қалтырап-дірілдеп, қақырып-түшкіріп, дірдектеп өткеретін күндерді, үш айға созылатын поляр түндерінен бес бетер, жылтылдаған жалғыз жарыққа зар қылған түнектей түндерді, киерге киім, талғауға түйір таппай аш-жалаңаш жүретін азапты да ауыр жылдарды артта қалдырып, зейнетақы, жәрдемақыны уақтылы алып, жалақымыз айма-май қолға тиіп, құдайға шүкір, тіпә-тіпә, жағдайымыз жақсаре-еп келеді.
Тіфә-тіфә. Енді, міне, жағамыз жайлауға, төбеміз қыстауға жақындап, “сен мықты, анау осал, мен орташа, бәріміз бір аспанның астындамыз”-деп Мұқағали ақын айтқандай, қайсыбіріміз байып, біразымыз ортайып, қалғандарымыз қатаң қыстан кейінгі көктемеде көкке тұмсығы тиген жетім қозылардай бүйіріміз томпайып, оң мен солға көз тастап, күнделікті күнкөріс хал-харакетінен басқа да көп мәселелерге көңіл бөле бастаде-ек. Соның бірі, тіпті бірегейі, яғни бүгінгі өтетін тақырыбымыз – экология. Сонымен, балдар-әй, қане, экологияны кім қалай түсінеді?
-Мен айтайыншы, апай?
-Мен…
-Мен…
-Опай-оу, опай,, мен ойтойыншы-ы.
- Ту-уу, қол көтерушілер тым көп қой. Қане, Мұраббаев сен айта ғой.
-Экология дегеніміз – табиғаттың немесе қоршаған ортаның ластануы мен бүлінуіне қарсы күресетін ілім, апай.
-Мәләдес, бес.
-Қане, балалар, табиғаттың бүлінуіне, яки экологияның бұзылуына кім қандай мысал келтіре алады?
-Пішеноров, сөйле!
-Жазғұтұрым әкем екеуміз пішен оруға барғанда бұрын-соңды көрмеген құбылысқа тап болдық, апай. Бидайық, сиырқұйрық, шашыратқы, жантақ, шоңайна, тағысын тағы, сан мыңдаған шөп біткеннің, тау бөктеріндегі арша-шыршалардың бәрі ақ, көк, қызыл, жасыл жалаушалар тағып алған, құдды бір май мерекесіндей.
-Түс көргеннен саумысың? -Не дейт? Қайдағы жалауша...? Қайдағы мереке..?
-Целофан қалталарды айтамын, апай.
-О, несі-ай?! Онда тұрған не бар?!
-Дархан даламыз целофонға оралып, күннен-күнге тынысымыз тарылып барады, апай. Шегірткедей қаптаған қарақұрым целофан қапшықтарға...
-Өй, ақымақ, жетесіз. Соны да сөз қып отсың ба?! Жалауша деп әспеттемей-ақ, орағыңа целофан оралса алып таста да, шөбіңді шаба бер, пішеніңді ора бер.
-Ту-у, апай-ай. Тым отысталый екенсіз ғой. Әнебір жылы пенсияға шығып, емшілікті кәсіп қыламын деп едіңіз, кетпедіңіз бе сол кәсібіңізге?!
-Е-е, пенсияға шығуын шықтық қой. Бірақ, емшілік модадан қалды қазір. Оқығандардың бәрі экономист, юрист, кәсіпкер боп кетті. Мұғалімдікті ешкім қаламады. Сосын.., сосын деректір: “Жүре тұрыңыз”, – деді. Отыр! Тақырыптан тайқып кеткенің үшін, апайыңды атсталый дегенің үшін екі саған!
-Апай-ау, апай?!
-Жетеді. Целофа-ан, целофа-ан. Әй, білгілерің келсе – тоқтықтың белгісі – нан, берекенің белгісі – целофан. Әлгі біздің үйдегі диабетпен ауырып, диета ұстайтын аталарың жейтін, зауыттан целофанмен қапталып шығатын көмірдей қап-қара нанды да, іші қатып қалғанда ішетін целофан қалтаға құйылған әлгі – “ряженка” дейтін айранды да дүкендегілер сыртынан және төрт-бес целофан қалтаға орап береді. Ондағылар өте ілтипатты. Мәселен, сатушы целофан қапталған заттарды ақ целофанға орап ұсынса, пұлын төлеген сәтте кассир оның сыртынан көк целофанға орайды. Одан соң дүкенді бақылайтын әскери киімін киген әнебір томпақ бала тауар алғандарға рахмет айтып, оның сыртынан қызыл целофанға орайды. Шыға берістегі дүкеннің қарауылы “келіп тұрыңыздар” деп затыңызды сары целофанға орап беруге жүдә ұста бәрі. Дұрыс қой олардыкі. Бұзылмасын, бүлінбесін, шаң тимесін дейт те. Бәрі су тегін тағы. Меніңше бұл дүниедегі пайдалануға ең оңтайлы, ең қолайлы, ең тиімді, ең арзан нәрсе целофан қалта. Солай, балалар.
-Апай-ау апай, мен айтайыншы.
-Ә-ә, Жыңғылов, тұра ғой.
-Қайсыбір газеттен оқығаным бар, апай. Әлгі сіз мақтаған целофан қалталар бұ дүниядағы ең жаман зат екен. Мәселен, Италия, Испания, Израил сияқты елдер бұдан бәленбай жыл бұрын-ақ қисаптап, айналаға тасталған әлгі алақандай ғана целофан қалталар бір жылда әлгі елдердің жер аумағының бір пайызын жабатынын дәлелдепті.
Бұлай бола берсе бір ғасырда олардың бүткүл жері целофанмен бүркеліп бітеді деген сөз. Ал, ол пәле екі жүз жылда да ерімей, шірімей жерге не ауа, не су өткізбей жата береді екен.
-Апырай-а, бұл не деген батпан құйрық, айдалада теп-тегін жатқан құйрық десем... Пішеноров, әлгінде сен дұрыс мысал келтіріпсің. Екіңді өшірдім. Мәләдес, бес!
-Әй-й, ә-әй, кім ол!? Музыка қойып жатқан?
-Музыка емес, апай. Сотовый телефон ғой.
-Өш-шір деп күнде қақсаймын. Сабаққа кірген заматтан ұялы телефонның үні шықпасын деп күнде зар иелеймін. Осыдан біраз жыл бұрын қаңтардың қара суығында қалтырап, қақ-қақ жөтеліп отырушы еді ана парталарда өздерің сияқты оқушылар. Иә-ие, күрткесіз, жемпірсіз... Шұлықсыз келетін кейбірі. Енді қарай гөр, бұлардың құлаққа бір-бір қорапты тосып қойқаңдауын. Өш-шір, түге! Әй-әй! Әне біреу-у!? Теріс қарап, өзімен-өзі сөйлесіп отырғаны несі-әй!? Есі ауысқан ба?
-Өзімен өзі емес, апай. Сотовыймен ғой.
-Шеңгелов..!? Тоқтат сөзді!
-Әжеммен сөйлестім, апай.
-Немене, әжеңнен кәмпит сұрадың ба?
-Жоқ - ә. Көпті көрген көненің көзі деп экология тақырыбына мысал келтіруін өтіндім, апай.
-Иә, не деді әжең?
-Махалладағы барша үйде есептеуіш бар болса да, свет күні-түні өшпесе де, су тәулігіне екі-ақ рет беріледі. Әуелі есептеуішті диірменнің тасындай шыр айналдырып жарты сағат бойы бырқырап, пысылдап, ысқырып ауа шығады. Содан соң құдды Қапланбектің қара жүзімінен жасалған шарабындай құбырдың таты араласқан қып-қызыл су ағады. Темірлі суды іше беріп, соңғы кезде магнитке жақындасаң шарт еткізіп, тартып алып, желімдей жабысып қалатын жағдайға жеттік. Ондай суды ішпейтін басқа біреулер келіп ажыратып алмаса, сол жабысқан күйі арам қататын шығармыз дейді әжем.
-Судың ластануы – экологияның бұзылуы. Әжеңе мәләдес, бес! Ой-бу бетім-ай, қайдағы бір қақбас кемпірдің оқушы емес екенін ұмытып кетіппін ғой. Кешіріңіздер, балалар, Шеңгеловке мәләдес, бес!
-Апай, апай-оу!?
-Әй әй! Анау кім-ай, партаның астына тығылып, сөйлесіп отырған? Шық былай? Өшір дедім ғой. Өшір, сорға біткен сотовыйыңды! Әйтпесе... Мен саған...
-Өшірдім, апай, өшірдім.
-Апайымыз айтпады демеңдер балалар. Цивилизация яки өркениет бізге сыйлаған әр жаңалықты, әр табысты өз орнымен, өз жүйесімен, өз мөлшерімен пайдаланбасақ опық жейтініміз анық. Қазіргі кезде сотовый телефон кейбір байдың үйінің бесігіндегі бөпесінің басында да байлаулы тұр. Әлгі опық жейміз деген сөзіме бір мисал келтірейін. Біздің үйдегі аталарың он сегіз мыңға “сотовый” сатып аламын дегенде, “ту-у, со пәлені қайтесің. Табысың көп, дөкей болсаң бір сәрі. Небәрі талан-таражға түскен ТОО-ның титімдей ғана төрағасысың. Онанда ан-нау Сағираның байына ұсап, әлгі қаламсап сияқты бірдемемен саусағыңның ұшын шұқып қалсаң қандағы қанытыңды әп-сәтте анықтап беретін аппарат ал сол ақшаға. Қантты диабет қой оның ауруы, сусамыр. Саулығыңды сақтауға сол пайдалы”-дедім. Сөзіме құлақ аспады. Он сегіз емес, елу мыңға “сотовый” алды.
-Елу мыңға..?! Фю-ю-ю, Фю-ю, Фю-ю-ю.
-Балдар-әй..?! Тынышталыңдар түге. Ысқырмай тұра тұрыңдар. Биыл алпысқа толатын аталарың оны қалай пайдаланатынын айтып берейін енді.
Сонымен... күндердің күнінде түн ортасында шыр ұйқыдан шошып оянсам, атамыз біреумен сыбырлап сөйлесіп, сылқ-сылқ күлісіп мәз. Аракідік үпіс-үпіс дыбыс шығарып, шөпілдесіп сүйісіп те қояды.
Жын ба, шайтан ба бірдеме қағып кеткен екен. Ертемен молда қайнағаны ертіп келіп, дем салғызайын деп ойладым. Сылқ-сылқ күлкі, үпіс-үпіс сүйіс-дыбыс бір толастамаған соң түрткіледім.
-Не болды әй..? Сонша сүйісіп.. ..?
-Кеш-шір жаным. Бір әдемі түс көріп жатыр екенмін. Бекер-ақ, ояттың,-деп керіліп созылды.
-Түсіңде кіммен сүйістің..?
-Сенімен ғой жаным. Жалғыз сенімен. Басқа кіммен болушы еді..?
-Бәс-се-е. Сендей қазымыр қақпасқа мен сорлыдан басқа кім қарасын...
Келесі түні де күйеуімнің сандырағынан селк етіп, көзімді аштым. Түсінде біреулермен “разборкаға” түскенін айтып, кешірім сұрады.
Жарым түнде “сотовыймен” сөйлесетінін қайдан білейін. Үшінші түні жетеме жетті ғой.
Бұл бірдеме деп сыбырлайды. “Сотовый” сылқ-сылқ күледі. Күйдім-жандым деп емешегі езіліп жатқанда білдірмей тұрып барып, шамды жаққаным сол, телефонды жастық астына тыға қойды. Әбден сазайын тартқыздым өзінің. Қоймады бірақ. Дүкенге кірсек те, базарда жүрсек те, тойда тойып отырсақ та менен шеттеп тасаға тығылып, сылқ-сылқ күліп “Сотовая” сұлумен сүйісіп тұрады... Ой-бу, бетім-ай, тақырыптан тайқып кетіппіз ғой. Кешіріңдер балалар. Қайта оралайық.
-Тайқыған жоқсыз, апай. Тұппа-тура, түп-түзу жолмен тартып барасыз. Сіздің айтқаныңыз сезім экологиясының бұзылуы ғой.
-Не дейт..? О не пәле тағы..? Қайдағыны айтпаңдаршы түге. Сонымен... Тобылғиев түрегел де мынаған жауап бер. Дархан даламызды, сыңсыған ормандар мен күміс көлдерімізді, құлпырған сай-саламызды целофан деген жауыз жаулап алуда. Бұл пәледен құтылудың қандай амалы бар..?
-Манағы аты аталған елдер целофанның орнына жерге тисе еріп, тіпті тыңайтқышқа айналып, сіңіп кететін қапшықтар ойлап тауыпты, апай.
-Апырай-ә..! Біздер ше..? Біз не істеуіміз керек..?
- Пайдаланған әр қалтаны желге ұшырмай, жерге түсірмей, отқа жағу керек, апай. Бірақ ол да зиян дейді, апай. Әуедегі азон қабатын бүлдіреді екен. Сонымен жағудан басқа амал жоқ. Апай, отқа. Отқа..!
-Мәләдес, бес!