Құрал Көмек

Туындылары


ҚАЙДА ТУДЫ КӨКТЕМІМ


Тағдырыма, жаным, өзің кез келіп,
Жұлдыздарды жерге конған көз көріп,
Мен безініп кетсем деген дүние,
Кете барды бір-ақ күнде өзгеріп.

Қайта туды көктем болып шуақтар,
Сол шуақтан оянды да бұлақтар.
Құс базары секілденіп маңайым,
Жан дүниеге сыймай кетті сұрақтар.

Неше гүлді аймалаған көктемдер,
Жанның нұрлы жағасында көктеңдер.
Кеудем — дала, өзім кетем тау болып,
Шертіп сезім асыл күйді төксендер.

Ақ жастық боп ақ бұлтыңа төселем,
Ғайыптардан оралғандай жас әлем.
Көктем болып сен қасыма келгелі,
Өріктейін бүрін жарды неше өлең.

Жалаң аяқ кешіп жүріп мұз-қарын,
Көргем талай бұл өмірдің ызғарын,
Жалын жырдың отын бірге үрлейік,
Білдірейік бұл өмірде біз барын.

Ызғар біткен ақ моншаққа айналсын,
Ағыстармен ағып бірге, жайлансын.
Жылылықтың құдіретін сезініп,
Құшағында бұл әлемнің ойлансын.

Жатсын дүние дел-сал болып тамсанып,
Күндей ғүмыр тұрсын жерге дем салып.
Ызғар біткен шуақтанып, шаттанып,
Көктем болып кетсін бізбен ән салып.

2008 жыл