Құрал Көмек

Шығармашылығы


Қайда жүзіп барады ӨМІР КЕМЕ?


       Қазақстан жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әбекең, Әбілда аймақтың алдында отырмын.
       - Міне, көр!-деп ол қолыма қып-қызыл кітап берді.
       Жайлап парақтай бастадым. Әр сөзін санаңа сіңіріп айтатын Әбекеңнің даусынан ішіме енген бір түйсік бойымды жайлап барып, ұсақ дірілге айнала бастады. Жон арқам тершіді. Кітаптағы өлеңдер одан сайын қуырып барады.
       Құлазыды көңілім, құлазыды,
       Сағындым-ау осы мен құла дүзді.
       Қайда жүзіп барады өмір –кеме,
       Алыстатып жағадан мына бізді.
       Кеудемді шым-шымдап әлдебір қимастық па, әлде қорқыныш кернеді. «Япырау, әсем де әсерлі, көк құрағы тұнып тұрған, бұлбұлы тынымсыз сайраған арман-жағалау қайда?» Астаң-кестеңімді шығарған ауыр ойдан Әбекеңнің дауысы құтқарып қалды.
       – Біз бәріміз шулап, «ӨМІР-ӨЗЕН» ДЕП ЖҮРСЕК, Құрал Көмек «өмір-кеме» дейді.
       – Расында да тың теңеу екен,– дедім ішкі толқуымды баса алмай.
       – Әкелші. Мен де бірінші оқығанда қорқып кеткем,- Әбекең кітапты өзі алды.– Мұнда сенің дәл қазіргі жай-күйіңді де көрсетіп қойған тұстары бар. Қайда еді? Ә, міне.
       Емі жоқ-ау, мына шерлі көңілдің,
       Жақсылығы жеткілікті өлімнің.
       Түс көріп ем, күліп отыр екенмін,
       Топырағын уыстап ап көрімнің.
       - Солай ғой. -Фәни жалғанның өтерін, мәңгілік мекеннің күтіп тұрғанын біле тұра не болса, соған мәз болып, ойланатын кездерді арсыз күлкімен көміп жібереміз. Оның себебі неде? Сен ойланамын дегенше, ақынның өзі өзі айтып тұр.
       Етін жедім, суын іштім харамның,
       Табыла ма енді маған дос адам?
       - Көке, шамалы жылуы бар шумақтарын оқыңыз,-деп қалдым.
       - Ә, үрейің ұша бастады ма? Бірақ, сондай өмірді басымызға өзіміз тілеп алдық қой. Енді қайда қашсаң да құтыла алмайсың. Өйткені айналаңның бәрі –адамдар.
       - Адамдардың несі бар екен?-деп таңырқадым мен. – Қайта соларға қосылып, солармен бірге тыныш өмір сүрмеймін бе? «Көппен көрген ұлы той емес пе, Әбеке-ай?
       - Сен той –думаныңды тауыса алмай жүргенде, Құрал Көмек басқаша айтады. -Әбекең сұқ саусағын көтерді.–Тура кітап мұқабасындағы саусақ секілді! Өңменімнен өтіп барады. – Тыңда.

       Адамдарға таңданам,
       Адамдарға жалданам.
       Адамдарға сенемін,
       Адамдарға алданам.

       Адамдарға ақталам,
       Адамдарға тапталам.
       Адамдарға қол соғып,
       Адамдардан сақтанам!

       - Әбеке-ау, жанымды қу шүберекке түйіп барасыз ғой. Бағанағы ұйқы жайын сұрағаныңызды енді түсіне бастадым. Шынында да ешнәрсені байқамай өмір кеше береді екенбіз-ау...
       Әбекең сөзімді бөлді:
       – Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым? Жасаған ием дүниеге бәрінен бұрын қасиетті қаламды түсіргенде, адамның иығына осы ауыртпалықты бірге артқан ғой. Ал, қаламның құдіретін түсінген адам ғана ақындық жолға шығады. Оның көзінен де, көңілінен де ешнәрсе тыс қалмайды. Мысалы мынадай:

       Менің өлкем құтты болған мекен деп,
       Қиял кезем, бақытты боп өтем деп.
       Аяғы жоқ мүгедекке қарадым,
       Аяқтарым соныкі ме екен деп.

       Арманымды ұстамақ боп бекемдеп,
       Алаңдаймын бақыт қайда екен деп.
       Досты жерлеп, қабірінде қайғырдым,
       Оның орны менікі ме екен деп.

       Екеуміз де үнсіз отырып қалдық. Бір-бірімізді аяп отырмыз ба, әлде жұбатарға сөз таба алмай отырмыз ба, белгісіз.
       Әбекең қозғалды. Темекісін іздеген екен. Күлсалғышын алдына жылжыттым. Сәл жеңілдегендей болдық.
       Қып-қызыл кітапқа қол созуға сескенгендейміз. Онда адамның ар-ожданымен бірге туып, ғұмыр бойы бірге жасауы тиіс небір асыл, ғажап қасиеттердің «қызыл кітапқа» еніп бара жатқанын ескертетін жанайқай бар. Оның себебін жүрдім-бардым жасалатын, құлықсыз әрекеттерімізден іздемейміз бе? Қолымыздан келетін, орайын таба алатын іспен айналысудың орнына икемімізді әлдеқайда қашық тұрған, басымыз жетпейтін биікке талпынатындығымыздан ба? Кемшіндік қай жерден кетіп жатыр?
       Ішке қулық сақтап, бұқпантайлап, ауырдың астына түсуден қашып, аянкештік хал кешіп барамыз ба? Неге өйттік? Жауабын тағы да кітаптан іздеп көрейікші.

       Аспанда емес,
       Жердеміз ғой, жердеміз
       Бірімізден біріміздің
       Асып кетті зердеміз.
       Оймен емес.
       Тоймен жүрміз жарысып,
       Білім, білем...
       Пендеміз ғой, пендеміз.

       Рас қой бәрі де. Таласа алмайсың. Ары қарай оқи бересің. Басқа бір әлемге, шындықты шыжғырып бетке айтатын дүниеге еніп кете барасыз.
       Ғасыр, жылдар айналғанда көшкінге,
       Сараң дүние болар дейсің дос кімге?
       Сұрағаным өздеріңнен кешірім,
       Арызданып көргенім жоқ ешкімге!
       - Әбеке, бұл ақынды қайдан таптыңыз?- дедім, темекінің тұқылын күлсалғышқа тастағанын күтіп отырып.
       - Оның өзі өте сабырлы жігіт. Өмірде. Өмірде дейтін себебім, ол ынта тудырмайтын іске ұмтылмайды. Әсте өзгенің сыбағасына қызықпайды. өйтіп, өзін-өзі қажытып, алтын уақытын кетіретін жігіт емес. Осыдан бес жыл бұрын « Ай туып келеді» деген жыр кітабын ұсынған, кейінгісі –осы, «Бөрілерге гипотеза» деген кітап.
       – Атауы жұмбақтау екен.
       - Сен білесің бе, оның өзі жұмбақ жігіт.
       - Өлеңмен бәрін айтып қойыпты ғой.
       - Мұнда айтылғандар- – оның ішіндегі ойдың пәленбай пайызы ғана шығар, қайдан білесің...
       Үнсіз келістім. өйткені, ақынның өзі бір өлеңінде:

       Өзен, көлде өсемін,
       Менің жаным тал шыбық.
       Ақша бұлтпен көшемін,
       Соның бәрін қалшы ұғып.
       Жаным-саған жыр елі,
       Түнің менен күніңде.
       Менің жаным жүреді,
       Осылардың бірінде,- депті.

Ақиқат шындықты бейнелі поэзия тілімен жырлауда
өлең әлемінен көрінген Құрал Көмектің жыры ортаймасын.
Ақын Атанбек Наурыз



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу