Әселхан Қалыбекова

Асыл сөз


Айтыс та – көкпар сияқты қазақтың төл өнері.




Менің бақытым – қаламым мен домбырам.




Кітап адамның серігі ғой. Ақымақты ақылды, ақылдыны данышпан етеді.



Ой болу керек. Өлең сөзді өзге сөздермен былғамау қажет. Өнер тазалығы, тіл тазалығы сақталуы тиіс.



Мен үшін айтыс - өнерімнің өлшеміндей. Ең бастысы, халқым мойындады, елім құрметтеді. Ең үлкен бәйгем де, бағым да – сол.



Және бір бақытым бар өлең деген,
Жерімде биіктетер төмендеген.
Осында қарызым да төленбеген,
Осында қызығым да көрем деген.



Ана болу бақыты – дүниенің ұлы ісі,
Жалғастырып келеді Хауа ананың жынысы.

Әйел – ана, Жер – ана, Көктем деген бір-ақ сөз,
Соны ұғар бітеліп қалмасын тек құлақ, көз.



Тәрбие бер, тәлім бер ұрпағыңа,
Ертең ердің айналсын сұлтанына.

Өзі біліп, өзі оқып, өзі үйренсін,
Ақ-қараны айырып көзі үйренсін.



Әр әйел - әр үйдің шырағы.



Дінге адал болсақ, дінді таза ұстасақ, жүрегімізді тазаласақ, барлық қиыншылықтан шығып, бақытқа жетер едік, еліміздің басындағы қазіргі ауырлықтар кетер деп ойлаймын Мұсылман екенімізді мойындап, дінімізді қадірлейік. Бізді қай тығырықтан да дін алып шығады. Осыны есте сақтағанымыз жөн.



Біз қазақпыз. Өзімізден өзіміз қанша қашқымыз келгенмен, түбі бір қазақтың ортасына ораламыз. Қазақ болып туылдық, қазақ болып өлерміз.



Айтыста шапшаң ойлап, шымыр қорытатын эрудиция, алғырлық пен ақындық қуат, білім мен пайым керек. Соған қоса өзіңе деген сеніми, қарсыласыңды тырп еткізбейтін шегедей сөзің керек.



Арыстанбаб – менің пірім. Қорғап, жебеп жүреді. Сапарға шығарда басына келіп-кетемін.



Жұмбақ айтыс дамымай мүлде тасада қалды. Ешкімнің ойланғысы, мүлде кітап оқығысы жоқ. Бұл айтысқа көп білім керек.



Имандылықты, мейірімді, асыл тәрбиені бұрын ауылдан іздейтін едік. Қазір соның бәрін ұйыстырып отыратын, табынатын, сөзіне, айтқан уәжіне тақ тұратын, алдында өзіңді баладай сезінетін қария жоқ. Бар болса да бірен-саран. «Қызға қырық үйден тыйым, болмаса қара күңнен тыйым» дегенді айтатын кемпір аз. Тәуелсіздік, нарық қазаққа бақ болып келгенмен, бізден алатынын да алды. Жан да, тән де жалаңаштанды. Ұят, ар сатыла бастады. Қомағайлар көбейді, ниет, пейіл тарылды. Қайта қазір қаладағы адамдар, қаладағы жастар имандылыққа ұйып, мешіттерге барып жүр. Ауылды қайтып баяғы қалпына келтіреміз? Осыны ойлап жылаймын. Қариялардың баласындай, немересіндей балалардың алдында арақ ішкенін қайтіп қойдырамыз? Тектіліктің іздерін қайдан іздеп табамыз? Ақынның жүрегінен осының бәрі өтіп жатыр.



Айтыс менің ғұмырымның жарқын сәттері деп ұғамын.



Жұмбақ айтыс мүлде  дамымай қалды. Бұл айтыс – айтыстың төресі, күрделісі әрі көнесі. Бірақ айтыстың сол түріне қазір ешкімнің түрен салғысы жоқ. Өйткені, жұмбақ айтысқа түсу үшін тереңдік, білім керек.



Мен ауылдың қызымын. Ешқайда ұзап шыққым келмейді. Отырарымды әлемнің ең сұлу қаласына айырбастамаймын. Ән-жырдың өлкесі осы өңір.



Ойраны шыққан Отырар қаласы әр қазақты ойландыруы керек-ақ. Неге бізге қанға боялып Шыңғысханның тұлпарларының тұяғының астында қалған Отырарымызды ескерткіш қалаға айналдырмасқа...



Сайланса орныменен әкім жақсы,
Сөйлесе орныменен ақын жақсы.
Халыққа қайырымсыз әкімдерден,
Бір құшақ кеуіп тұрған отын жақсы.



Заман түзеліп келеді. Салт-дәстүр қайта жаңғыруда. Ер балаларымызды атқа отырғызып, тағылым, тәрбиеге көбірек көңіл бөлейік.



Жас аналарға көрсең көз тоятын, көкірегі кең сарайдай ашық, ел азаматы болатын ұрпақ тәрбиелеу үшін сәбилеріне ана сүтімен бірге, күннің нұрын, даланың лебін сіңдіріп, «Бесік жырын» айтып, ертегілерге еліктіріп өсір дер едім.



1  2  



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу