Әселхан Қалыбекова

Өмірдерек


Әселхан Қалыбекова 22 сәуір 1950 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Көксарай елді мекеніндегі М. Әуезов атындағы орта мектебін 1966 жылы бітірген. 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті, 1971-91 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған. 1981 – 1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.

1989 жылы Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының 6 сәуірдегі Указымен Қазақ КСР – ның Халық ақыны құрметті атағы берілді. Әселхан Қалыбекова тек айтыскер ғана емес, жазба ақын ретінде де жақсы қырынан танылған. Ақынның екі жыр жинағы бар. Айтыс өнерінің ақтаңгері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың “Отырар аспаны ” (1994), “Басыңды тікпей бақ қайда?! ” (1990-2000), “Алладан пәрмен сұраған” (2000), “Сырттан кеткен тамырлар” (2004), “Жыр-Шапағат” (2008), “ Әселхан Әлемі” (2008) атты кітаптары жарық көрді. 1981 – 1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орынды уысында бекем ұстап тұрды.

Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова Отырар аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған ақындар мектебіне жетекшілік етті. Аталмыш мектептен көптеген айтыс саңлақтары шықты. Бүгінгі айтыс көкжиегіндегі шоқ жұлдыздар – Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова т.б. Әселхан мектебін көрген шәкірттер. Әселхан Қалыбекова Отырар ауданының Құрметті азаматы. 2005 жылы “Парасат” орденімен марапатталған.



 

http://kalamger-uko.kz

Бастапқы бетке оралу