Әселхан Қалыбекова

Лебіз


«Айтыс әлемінде Әселханның айдай жарқырап көрінуі – сөз сайысын жатырқап қалған халқымыздың бұл өнерге бірден құныға қызығуына, бойына сіңіруіне үлкен әсер етті.»

Бақтияр ТАЙЖАН
/div



«Айтыстың көшіндегі қыз-келіншектердің осы легін халық ақыны Әселхан Қалыбекованың есімі қосылмаса, бұл тізім кіптен де толық болмас еді. Өйткені осы жиырма жылдық кезеңнің жыр беттерін жазып келген Әселханның айтыс додасындағы ойып алған орыны ерекше құрметті, еңбегі айрықша бағалы. Халықтың көз алдында өнерін ұштап, өлеңін шыңдаған Ә. Қалыбекова дәл осы жылдары сақа айтыскерге айналғаны ақиқат.

Жазба поэзиясының болсын, айтыс өлеңін болсын дарынды өкілдері халықтың қаймағы бұзылмаған қалық ел ішінен қанаттанатыны анық. Әселхан да ежелден өнерлі өлкелердің бірі – Отырыр төңігерінде туып-өсіп, осында ұзақ жылдар бойы  ауа-райын бақылаушы болып еңбек етіп, жар сүйіп, бала-шаға тәрбиелеп, енді немерелерін әлпештеп, туған топырақтан тамырын үзбеген қалпында өлең бәйгесіне қатысып келеді. Арғы атасы Ергөбек Құттыбайұлы қандай арқалы ақын болса, өз анасы Тұраркүл де – сөз киесін қастерлеген шайыр адам.»

Жүрсін ЕРМАН



«Ақынның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, ардақтысы – ар, қаруы – тіл, ең қымбаттысы – ел - жұрты. Әселхан, сенде осының бәрі бар.»

Көпен Әмір – Бек



«Әселхан Қалыбекова – айтыс ақыны ғана емес, жазба өлеңінің де хас шебері екенін «Қызылқұм қызғалтақтары», «Отырар аспаны» атты жеке жыр жинақтарымен де дәлелдеген ақын.»

Маржан ЕСЖАНОВА,
айтыскер ақын



«Әселхан Қалыбекова – тума талантымен дараланып тұратын кең тынысты, халықтық сарындағы ақын. Сондықтан болар, ол қандай айтыста болмасын көкейкесті мәселелерді көтереді, арамызда орын алып жүрген кемшіліктерімізді ашына жырлайды. Оларды түзетуге, қайта болдырмауға барлығымызды үндеп, нәтижесін берер күреске шақырады.»

Беркін ҚАЛМАХАНОВ



«Әселхан құбылыс. Ол ата-бабадан қалған өнерді, айтыс өнерін жалғастырушы жан ғана емес. Ергөбектей ақынның, асылдың сынығы.  Ақындық ата-бабасынан дарыған дарабоз ақын.»

Анар АСПАН



«Әселханды бүкіл қазақ біледі. Қазақстан Республикасындағы қазақтар да, елімізден тыс мемлекеттердегі қандастарымыз да  Әселхан десе, елең етеді. Жүздері жылып сала береді. Іштей де, бір-біріне “бәрекелеп” сырттай да ризалықтарын білдіріп, қауқылдасып қалатыны рас. Әселхан Қалыбекова – айтулы айтыс ақыны, осынау өзгеше өнердің шын жүйрігі, шынайы дүлдүлі. Өзінің ерекше қалыптасқан айтыс мектебі бар.»

М. ҚАРЫМСАҚ



«Әселханның жазба өлеңдері де оқырман көңілінен шығады деп ойлаймын. Әр үйде, кітапханада Әселхандардың кітабы қолдан-қолға тимей жүрсе, сөз жоқ, ойлы оқырманның өресі одан сайын өсе түсер, сөйтіп, қазақ деген аз ғана халықтың санасы молая түсер еді.»

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын, Қазақстан Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты



«– Әселхан, өнерің көп ашылмаған,
Алтындай әрбір сөзің қымбат маған.
Айтыста домбыраңмен жыр төккенде,
Бір жанды көре алмадым тамсанбаған.

Әлемге тарап жатыр Әсел аты,
Тиіп тұр Әл-Фараби шарапаты.
Ақындық өнеріңді шыңдай түсіп,
Бола бер өз халқыңның салтанаты.»

Қуаныш Төлеметұлы



«Әселхан, сен – ауыз әдебиетінің инесісің, мәдениеттің түймесісің, айтыстың күймесісің. Әселхан, сен құдықтың суы секілдісің, не көбеймейсің, не азаймайсың. Бірақ мейір қандырады. Кенезесі кеуіп, таңдайы тандырдай қатқан талай қазақтың шөлін басқаннан артық сауап бар ма?»

Көпен ӘМІР-БЕК



«Бармақтай бақ ілінген талабыңа,
Жасыңнан мәлім болдың алабыңа.
Дарабоз ақын қызсың сөз дарытқан.
Құдайым тілің менен қаламыңа.»

Әдібек АРАЛБАЙҰЛЫ



«Бүкіл қазақты әнмен, жырмен сусындатқан айтыс өнерінің айдынында Отырардың отты өлеңдерін жаныңа серік етіп жүзіп келесің.

От – ғұмыр айналасында жарық сәулесін шашып табиғи таланттың дарынына бас игендей. Қара тасты тіліп түсетін, қанжар – сөз өз халқын сүйе алмайтындар мен ел үшін күйе алмайтындардың еңсесін басып, есінен тандырғандай. Бұл – жыр додасындағы аты аңызға айналған халық ақыны Әселханның екпіні.»

«Оңтүстік Қазақстан»
газеті редакциясының ұжымы



«Мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көріп кеттім. Бүгінгі күні халқымыздың Саралары - Әселхандай – ақ болсын!»

Фариза ақын



«... Сонау 80-ші жылдары қазақ халқы өше жаздаған өнерінің бірі – айтыспен қайта қауышты. Өлең деген, жыр деген сел боп ақты. Ал, өзі де, өлеңі де өзгеше Әселхан айтыс аспанының найзағайы болды. Күркіреп, дүркіреп,  жарқ – жұрқ еткен жасын ақын шөліркеген далаға ізгіліктің дәні толы жыр селін төкті Құдайдың өзі берген талантын, дарынын халқына арнап келе жатқан ақынның әр айтысқа қатысуының өзі үлкен еңбек жазуға тұрарлық дүние.»

Анар АСПАН



«Ұлттық поэзиямыздың екі саласында да еркін көсілген сирек таланттарымыздың бірі - Әселхан Қалыбекова қарындасымыз.»

Қаныбек САРЫБАЕВ
СССР Жазушылар одағының мүшесі