Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ЫНСАПТЫ ОЙЛА...

Басың сауда ынсапты ойла, айналаңды ду қылма,
Атқа мінген, ей, бауырлар, сұрауы бар судың да.

Таза ма екен тұла бойың, тәубәңді айтып тұрдың ба,
Жемқорлық та құмар ойын, жықпай тынбас құрдымға.

Ілік іздеп, арақ ішіп, ашу-ыза жасама,
Тәңірге иман келтіре алмай тантығанға не шара.

Ағайынды ажыратып себеп болсаң керіске,
Ысырап қып өрт қойғаның пісіп тұрған егіске.

Ынсапты бақ, иманды өсір, күтіп қара диқандай,
Тас төбеңнен тас жауса да шындығыңды айт бұлтармай.

Еш жерінде нұқсан жоқ па, сақта оны аяла,
Жүректегі иманыңа жүрдім-бардым қарама.

Қытымыр мен қатігездің қайда болса жайы тар,
Қанағатпен байымасаң, қабір сені байытар.

Ынсап қылған кісілердің сабыры да салмақты,
Уәдеде тұрғызбайтын жауы да әккі, жан-жақты.

Құрсақты ойлап, құлқын үшін күнә, қылмыс ауырлар,
Ынсап қайда, жұртың үшін ынсапты ойла, бауырлар!

Ұқсай алсаң тындырымды, парызға адал солдатқа,
Дүние түрі ауысқанда дайын көлік жәннатқа.