Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҰЛЫҚТАН ҮМІТТІ ҮЗБЕДІМ

Әкім де депутат көкенде,
Тост айтып басады көтерге.
Бой сіңді әдеті бой бермей,
Ұрпақты ұстатты қатерге.

Құдайға өзі әркім жол салып,
Әзәзіл ішінде ән салып.
Рухты бездіріп оқытқан,
Құранның құны бар қаншалық.

Әсіре қызылдар қоғамы,
Әйелдің ақылын тонады.
Қап-қара қолаң шаш обал- ай,
Сап-сары сабалақ жабағы.

Түбінен тілініп тұйықтар,
Әбйір жаппады қиықтар.
Көшеге йманды жерледі,
Жалаңаш омырау, иықтар.

Тіл деген жазылмас күйік бар,
Дін деген дүбара сұйық бар.
Йменшек ұятты, ибаны,
Үйіріп тартады ұйықтар.

Насиқат айтқансып нанымды,
Сақалды сайтандар қағынды.
Қалтасы долларға жерік боп,
Сатады шелектеп қаныңды.

Алаштың ауруы бізге мұң,
Шырылдап шипасын іздедім.
Былыққан мың пәле көрсем де,
Ұлықтан үмітті үзбедім.

Анамның дұғасы қабылды,
Бабамның дәстүрі дәл үлгі.
Басымды бәледен қорғап жүр,
Киелі ақ жаулық кәдімгі.

Киелі ақ жаулық кәдімгі,
Ағартты қап-қара тәнімді.
Құлқұншыл құттаяқ болғаннан,
Ынсапшыл ақ таяқ қадірлі.