Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҮКІЛІ КЕЛДІ ЖОРТПАСТАН
(Әңгіме)

Биылғы көктем Жартыбай қарияның отбасына жақсылықтың сәулесін себезгілеп тұрғандай. Өйтпегенде ше? Адам түгіл жан-жануар да титтей тіршілік иелері құрт-құмырсқаға дейін, алты ай азынаған кәрі қыстан аман өткен соң, аяқ-қолын жазып, шуағын төккен көктем нұрына елтіп, қыбыр-жыбыр күй кешпей ме?

Тік мүйіз қара тайынша бұзаулап, бала-шағаның ерні аққа тиді. Уызға таласқан немерелерінің жағал-жағал аузын ескі орамалының жыртығымен сүрткен кейуана:

«-Болды-болды, тоймасаңдар да тобықтай жұғым болған шығар.

Бұған да тәуба. Қағынды келіп қара сиыр арам қатпағанда, күбі пісіп, май да жейтін едіңдер әуелі... Жайрады да қалды, жайрағыр» деді кейісті үнмен. Немерелері көздері күлмең-күлмең етіп, далаға атып-атып шығып, әудем жердегі Сарыбелге қарай жарысып жүгіре жөнелді. Он алты жастағы сүткенжесі Зүбайра да балаларға қосылып кетуге әкесінен ұялып, әдеп сақтап тұрған сияқты. Балалар шығып ойнаған Сарыбелге жүзін көлегейлеп қарай береді. Сарыбел деген аты болмаса, кешегі жауыннан соң, көк торқаға малынып шыға келген жоқ па? Зүбайраның үстіндегі көгілдір көйлегі мен масаты қынама бешпенті көнеріңкіреп қалса да, талдырмаш денесіне құйып қойғандай жарасып тұр.

«-Зүбайраш, әу Зүбайраш» деген үйден анасының даусы шықты.

- Әу, апа, - деп жылдам басып үйге кірді.

- Мына ыдыстарды жуа сал, жеңешеңнің қолы тимей жатыр ғой, - деді тобылғыдан жонған ұршығын созғылап жатып. Сұқсырдай болып, лып етіп, тостағандарды іліп әкеткен кенжесіне кейуана сүйсіне қарап қойды. Ішінен үнсіз мейірленіп, «-ақылдым-ау сол, қайтейін, үлде мен бүлдеге оранып жүретін шағында қысқа жіп күрмеуге келмей қалды ғой» деп білдірмей күрсінді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын көршінің қызы Халиманың мойнындағы аппақ моншаққа қызығып апалап мазасын алған. – Апа, өзің барып көрші. Әкесі Халимаға әдемі моншақ әкеліп беріпті. Әдемісін-ай, тура жалт-жұлт етіп тұр. Менің де сондай моншағым болса ғой, екі қолымен мойынын орай сызып, «бүйтіп тағып алар едім», - деп анасына қараған. Апасы алғашында мән бермей, «қойшы, кейін сен де аларсың», - дей салған. Бірақ моншақ жайлы әңгіме онымен біте қоймады. Қызы Халиманың үйіне барған сайын әлгі моншақты айтып, аузының суы құритын болды. Тіпті бір күні «ол маған моншағын көрсеткісі де келмейді» деп көңілі пәсейіп, көзі жасаурап келді. Сонда апасы: -Құлыным, - деген оңашалап, жоққа жүйрік жетпейді. Халиманың әкесі сенің атаңа қарағанда, қолы ұзындау кісі, үйлеріне ары-бері өткен саудагерлер де келіп қонып жатады. Біздей емес, ішім-жемі де мол. Ана шешесін көрмейсің бе? Жұртқа мұрынын шүйіріп қарайды. Тойға киетін батсайы көйлекті үстіне киіп, көлбең-көлбең етеді. Сенің атаңның малы болса, байға жалданып несі бар? Өз малын бағып, сендерді киіндіріп, ішкізіп, жегізіп отырмай ма? Құдайдан көп дәулет сұрамай-ақ қойдық, ең болмаса ішер асқа жарытпай қойды ғой» - деп қамығып көзін сүрткен. Зүбайра содан кейін моншақ жайлы да, сәнді киім жайлы да ләм дегенді қойған. Қайта өскен сайын қатайып, кеудесіне өжеттік ұялап, Халима жаққа көз салмайтын болды. Әке-шешесіне, аға-жеңгесіне құрақ ұшып көмектесіп, сыңғырлап күліп әзілдеп, үйдің ажары мен базарына айналды. Парасатына пайымы, ақылына көркі сай болып бой жетті. Күн сайын ұйықтар алдында «Ия Құдай, қарғамның бағын аша гөр» - дейді анасы күбірлеп.

Түс ауа күн астымен келе жатқан қос жолаушы үйге беттеді. Кедейдің қараша үйіне онша-мұнша ешкім келе бермейтін. Бұлар кім деп бала-шаға анталап көз тіге қалды. Шуақта жіп иіріп отырған Зүбайраның анасы орнынан көтеріліп, сәлем берген қонақтарға басын изеп, ернін күбірлетті. Сүзілтіп арғымақ мінгендеріне қарағанда, ауқатты кісілерге ұқсайды. Екеуі де орта жастан асқан иман жүзді адамдар екен.

-Жеңгей, алыстан жол жүріп шөлдеп келе жатыр едік, сусын табылар ма екен?-деді олар аттарын тежеп. Кез келген құдайы қонаққа аттан түсіңдер дейтін ата салтынан аттай алмай қауқалақтаған анасынан бұрын Зүбайра қыз тез-тез басып үйге кіріп кетті. Аатсы малдан келсе ішер деп мұздатып қойған қабақтағы ашымық көшені ағаш қасықпен қозғап-қозғап, ескі зерең тостағанға толтыра құйып алып шығып, жолаушының біріне ұсынды. Апасы қызының бұл тірлігіне қуанып кетсе де, ішінен сары қымызды сапырып ішіп жүрген мырзалар біздің ашымал көжемізді ішсе болар еді-ау деп ұялғандай төмен қарады.

-Бәрекелде, қарындасым. Енді мына ағаңа да әкеле ғой, - деді сусыны қанып көңілденген қазақ. Қыз ішке кіріп аяқ басқаны білінбей, тез шығып екінші жолаушыға да сусын әкелді. Ол кісі алғашқы қонақтай апырақтамай, әуелі қыздың жүзіне назар тоқтатып, содан кейін қолындағы тостағанға көз салып, баптанып тостағанды қою мұрттың астына жайлап төңкере бастады. Кенет тостаған таусылуға таянғанда, астындағы ат әлденеге қылт етіп, басын шұлғып қалғанда, көженің соңы жолаушының зерлі шапанының омырауына төгілді. Кеудесіне аққан көжеге қарамай, қызға қарап күлімсіреп, ыдысын қайтарып жатқан адамға Зүбайра сыңғыр етіп күліп жіберді. Дегенмен әдеп сақтап, ерінін тістей қойып еді, жүзі қылғалдақтай қызарып қоя берді. Ат үстіндегі мейман асықпай қалтасынан орамал алып, көкірегін ысқылап сүртіп, қыз анасына алғыс айтып жолға шықты. Бұлар Қаратаудың етегін жайлаған Ерден, Байтақ деген екі құрдас сырлас кісілер еді. Екеуі де бастан, малдан кенде емес, елге аты шыққан байлар болатын. Былай шыға бере Ерден Байтаққа қарап: «жаңағы қыз көргенді, әдепті болып бойжеткен екен» деді. Байтақ Ерденге қарап, «Е-е, Ереке, езуіңнен көженің ағысы жаман еді, есім ауып қалды десейші» деп жырқ-жырқ күліп алды. «Мен де бірдеңені сезген сияқты едім. Бірақ қырық шоқпыт кедейдің қызына сонша үзіле қалады деп ойламаппын. Алты қатыны бар Ерден бай жетінші тоқал алыпты десе, ештеңе бүліне қоймас, алсаң ал, тым жастық қылып жүрмесе» деп сөзінің соңын кібіртіктетті.

«-Әй, Байтақ, деді Ерден салмақтаныңқырап, әкем алғашқы әйелімді алып бергенде, он жеті жастағы бозбала едім ғой. Қазір соған тура қырық жыл болды. Әкем марқұм жалғыз баласы болған соң, қызығымды ертерек көргісі келді. Биыл елу жеті жасқа толдым. Әзірге, құдайға шүкір, тұғырдан түскенім жоқ. Оның үстіне үлкен әйелдерім қартайды. Балалы-шағалы болып, алды немересіне келін алғалы жүр. Кейінгі әйелдерім текті жерден шыққанмен, көңілімнен шықпай жүр. Олар бір менің қабағымды бағып, қалауымды таппаған соң, ағайынның, мейманның қалауын қайдан тапсын.

Алғанда жұрттан озып алты қатын,
Байларға бітер ме екен артық ақыл,
Саны бар қатындардың сапасы жоқ
Алтауы жиылғанда жарты қатын.

деп бір ақын мазақ өлең шығарып кетіпті. Үйден риза болмай аттанған ғой. Оны айтасың, әйелдерімді жұрт көп дегенімен, өзім жалғызбын. Ер азаматқа бала тауып, ас пісіре алатын ғана емес, жүрегімнің соғысын алыстан байқап, қиын-қыстауда ауырлықты бірге көтерер, жайшылықта сырыңды бөлісер, сырлас, сырыңды сыртқа шығармас жан серік әйел керек екен. Сондай біреу табылса деп мен ойлағалы көп болды». Ерден осыны айтып, ат үстінде тіктеніңкіреп отырды.

-Ендеше, - деді Байтақ та желпініп, - мен жаңағы қыздың әкесін бұрыннан білемін. Жартыбай деген жортпас құлшығаштың үйі. Шынымен ойың кетсе, құда түсуге өзім-ақ барамын деді әңгімені шорт кесіп.

Енді бір айдан соң, түс әлетінде Жартыбайдың үйіне Байтақ бастаған құдалар ат басын тіреді. Жартыбай Ерден байдың атақ-даңқына қанық болғанмен, осылай жанды жеріме пышақ ұрар деп ойлап па? Алты әйел үстіне барса, Зүбайраштың жайы қалай болады. Кемпірі қызымыз әлі жас қой деп пырсылдап жылауға көшті.

-Құдағи, он үште отау иесі деген. Балаңыз жас емес, ел білетін Ерден байға барса қор болмайды. Ерекең меселімді қайтармас деп өзіңе дұғай сәлем айтты. Одан да қалың малын айдаттырып алып, қызды ұзатудың қамын ойлаңыз, - деп қаба сақал қара кісі ұзақ сөйледі.

Жартыбайдың немере ағасы Көштен қария да інісін оңашаға шығарып, «байдың көзі түскен екен, келінді басып, қызды көндір, ол да ата-бабасынан әруақ қонған Ерден бай болса, бұл бізге Құдайдың бергені шығар. Жатжұрттық бала ғой, ертең бір жалаңаяққа қор болғаннан сол байдың есігінде жүргені жақсы. Есіңді жиып, беліңді бу» деді інісіне. Бірақ Жартыбай жарытып сөз айтпады. Қонақтар отыра-отыра кешті болдырды. Кедейдің кеңесі бітпестің кері келді ме, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні көрінбеді. Зүбайра жеңгесімен ас қамдап жүріп бәрін де естіді. Балғын бойжеткен бір қызарып, бір бозарды. Момын кембағал әке-шешесін, байға жалданып күндіз-түні бір тыным алмайтын тесік өкпе ағасының халін ойлады. Әлденеге алқынып, тамағына өксік тірелді. Өңі қуқыл тартып, күрт шешімге келгендей кейіп танытып, түйіліп тұрып қалды. Далаға шығып, қайта үйіне еніп бара жатқан әкесінің қолынан ұстай алып жетелей жөнелді.

-Көке, - деді әдеттегіден бөлек, жүрегі дүрс-дүрс соғып. – Еркелетіп өсірдіңіз, бетімнен қақпадыңыз, мен ризамын, жыламаймын да, сықтамаймын да, Ерден байға мені ұзатыңыз. Тек бір басыма екі қыздың қалың малын сұраңыз. Бірін мал қылып алдыңызға саларсыз, біріне өзіме жасау қыларсыз. Алланың бұйрығы осы шығар, мен көндім. Зүбайра әкесінің көкірегіне басын қойып, өксіп жылап жіберді. Жартыбайдың да көзден тамған жасы сақалынан сорғалап, Зүбайраның бетіне тиді. Әкелі-балалы екеуі әрі қарай бір-бірін үнсіз ұғынып, мәңгілік айрылысудың шекарасына келгенде ауыздарына сөз түспей, бір орында құшақтасып тұрып қалды.

Бір аптадан соң, Ерден байдың ауылынан екі қыздың қырық жетісі келді. Жартыбайдың үлкен ұлы жалданған байдан есеп айырысып, Зүбайраның қалың малына иелік қылды. Жаз бойы Қайыпберген ұстаның дүкеніндегі көрік қыз-қыз қайнады. Біссіміллә деп әуелі отау үйдің шаңырағын иіп, одан керегесін көктеп, уығын ұштап, бабына келтірді. Жасауы байдың қызынан кем болмасын деп, шешесі, жеңгелері алаша тоқып, текемет басты, сырмақ сырды. Су жаңа оюлы әбдіреге қымбат киім-кешек толды. Ерден қарап жатпай, өзінің жақын туысынан ілуде біреуде ғана болатын асыл бұйымдар сырға, білезік, сақина, алқа, тай-тұяқ алтын беріп жіберіпті. Енді Зүбайраның жасауы бұрынғыдан да көріктеніп, көзді тартып, жалт-жұлт еткен әшекейлері бірінен-бірі өтіп, жас қалыңдықтың өзін де, отауын да құлпыртып жіберді. Ең ар жағы аяққап пен кесеқапқа дейін бетіне мәуітіден айнала ою жүргізіп, екінші айналымға шоқпар бас зер басып, ортасын бұғының мүйізіндей үлкен тарау-тарау өрнектермен бедерлеп, қыз-келіншектер бар өнерін төкті. Отаудың оң жақ бүйіріне жібек шымылдық құрылды. Оның маңдайшасынан жерге түсетін ұзын екі өңіріне түрлі-түрлі алтын түстес жіптермен кесте тоқылып, зерлі шашақтар қадалды. Шымылдық ішіне оюлы әдемі төсек ағаш қойылды. Шаңыраққа ілінген бау сырғалар төмен салбырап жарыса қалықтады. Ақ отаудың іші-сыртынан айқыш-ұйқыш тартылған қызыл-жасыл бау басқұрды көргенде, жаңбырдан соңғы зеңгір аспанға ілініп тұратын қызыл-жасыл кемпірқосақты еске түсірер едіңіз. Бірақ ол бір Алланың құдіретімен ғана болатын құбылыс. Алаштың арманшыл арулары аспан отаудың киелі өрнегін өзінің ақ отауына қалай көшірген деп қиялға берілесіз.

Ақ үзікке жарасқан
Қызылдан қалған дөдеге,
- деп Ергөбек ақын жырлағандай, Зүбайраның отауының іші алтын, сырты күміс, көрген де арманда, көрмеген де арманда дегендей жарасымды еді. Шілде өтіп, қыркүйек кіргенде, Зүбайраның ұзату тойы өтті. Кедей-кепшік бір тойып, бай жездені кеу-кеулеп көкпар тартып, ән шырқап, екеу-екеу айтысып, бір жасап қалды. Ерден бай нақсүйерін бар сән-салтанатымен көшіріп әкеліп, ауылының оң жағына таман жазықтау қырға отауын қондырды. Жігіттіктің соңы, қариялықтың алды деді ме, ат шаптырып, той өткізді. Атақты Майлықожа ақын келіп, Зүбайраның беташарын айтты. Ұзын дүрия көйлектің сыртынан киген қынама жеңсіз, асыл гауһар тастармен безендірілген үкілі сәукелесі, тіп-тік бойына үйлесім тапқан жас келіншектің аяқ басуына дейін ақынның шабытын келтірді. Домбырасын баптап, бай ауылдың үлкендерін атап, бір сәлем деген сайын Зүбайра екі қолтығынан демеген келіндермен бірге самал тербеген сәмбі талдың бұтағындай майысып, иіле берді. Көп қошеметіне сүйсінген ақын беташарды жалғай түсті.

Оу, үкілі келді Жортпастан,
Тұла бойын шоқ басқан,
Алты қатын үстіне
Қайтіп келдің қорықпастан?

Ой, пәлі деп дуылдаған топ думанды қыздыра берді.

Осы күннен бастап байдың бағына бақ қосылды. Жұмыртқадай ақ отаудың түңлігі басқа үйлерден бұрын ашылып, дастарханы ерте жайылды. Уақыт өте келе салақсып кеткен күндестері де, өзінен үлкен келіндері де ес жиып, Зүбайраның үкіміне ден қойып, бүкіл ауыл бетіне қарады. Ерден ауылына келген қонақтар қай уақытта келсе де, үлкен ілтипатпен қарсы алынып, үлкен-кіші, бай-кедей демей, ізгі құрмет көріп, риза болып, батасын беріп аттанатын болды. Сол ауылға барсақ, жағдайымыз болады деп небір қашықтықтардан керуен тартып келе жатқан мұсылманның баласының ат басын тіремегені жоқ шығар.
«Қырықтың бірі - қыдыр» демекші, одан байдың дәулеті тасымаса, орталанған жоқ. Малшы, жалшыларға дейін бір мұқтажы бола қалса, Зүбайра әпкеме айтайыншы деп тұрады, «қыз жақсысы қара лашықта» деген осы екен-ау деп ел көпке дейін айтып жүрді.

Зүбайраның арқасында Жартыбай да бүтін байлыққа жетіп, дүниеден армансыз өтті. Ал Жортпас құлшығаштар сол кезден бері біздің бағымыз да, күшіміз де қызға кеткен екен деп отырады. Майлықожа ақынның бір ауыз өлеңі ұмытылмай ел аузында қалды.