Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ТҰРАННЫҢ ЖАҢА ТҮНДІГІ АШЫЛДЫ

Түркістанға түмен жиылды халық,
Сансыз баптардан сан қырлы.
Алла жолына ақ бура шалып,
Аллаһу әкбар жаңғырды.

Аспаннан түскен белгі ме дерсің,
Құранға қазақ ұйыды.
Асқаржан, сенің пейіліңе берсін,
Асылдың тозбас қиығы.

Басшы айтты, келді ат пенен тонды,
Билік ет ұзақ тағыңда.
Алты алашқа жетер абырой болды,
Ізгі амалыңнан жаңылма.

Берместей жауап Хақ сұрағына,
Аспандаушы едік құс аулап.
Үш жүздің жатқан жақсылары да,
Орнынан тұрды-ау бір аунап.

Қанатын жайып көгерсін бақтар,
Арманы биік адаммын.
Аллаға шүкір, Аллаһу әкбар,
Азаматтарымды аман қыл.

Ақ түйенің қарны жарылды,
Мәре-сәре боп ел деген.
Яссауи баба, айтшы зарыңды,
Дертіміз аз ба дендеген.

Дүние аңдып есі ауған пенде,
Сиқырға еріп жаза артты.
Ақырын сұрап, ақылға келген,
Адамдар жанын тазартты.

Тұранның жаңа түндігі ашылды,
Жәуһар руһқа Зұлжәлал.
Жылы нұр жауып, күзді жасырды,
Игілік осы бізге адал.