Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ТОЛҚЫҒАН ЖҮРЕК: қажылық сапардан жолжазба

Исламның бесінші парызы – қажылық сапары мен үшін өте қарбалас уақытта басталды. Қантымның мөлшерін тексертуге уақытым болмай жүргенде, немереммен ауруханаға жатуға тура келді. Былтыр осы уақытта дүниеден өткен марқұм анамыз Тұраш Ақмырза қызының жылдық асын өткерген күннің ертеңіне ел-жұрттың, бала-шағаның, Байекеңнің разылығын алып, Шымкенттен «Отырар» пойызына отырып, Алматыға тарттық. Обалы не керек, оларға Алла риза болсын, ауданымыздың әкімі Әлімжан ініміз, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанұлы, ардагерлер төрағасы, ұстаздардың ұстазы Құтым Ордабаев ағамыз, белгілі журналист Анар Аспан сіңліміз, тағы басқа ұл-қыздарымыз вокзалға келіп, ақ тілек айтып, бізді үлкен сапарға шығарып салды. Отырарлық Есімхан Қадыр, Мейірбек, Егемжар, Тәліп сынды ардагер кәриялардың қасында біз Аманкүл екеумізбен жеті кісінің бару-келу, жатын орны мен ішіп-жеміне кететін қаражатын көтеріп, демеушілік жасаған бауырымыз, өзіміз сайлаған депутатымыз Серікжан Сейітжанұлына шексіз алғыс, ұзақ жасасын, отбасымен бақытты ғұмыр кешсін, Алланың нұры жаусын деп сапар барысында бірнеше рет дұға қылдық. Пенде болған соң, көңілде үміт те, қорқыныш та бар. Алла расымен бізге Мекке, Мәдинаны нәсіп етіп, аман-есен барып келер ме екенбіз. Қажы болуға біздің қабілетіміз бен жүрек тазалығымз жарар ма екен. Оған біз әуелі дайынбыз ба деген сұрақтар көңіл түкпірінен жиі бас көтереді. Алматыдағы Аманкүлдің ұлы Ержан мен қайнысы Асан екеуі бізді халықаралық әуежайға жеткізді. Тәліптің ұлы Әубәкір де кәрияларды алып келді. Өркениетті елге лайық Алматы әуежай көрген көздің жауын алады. Ата-аналары, достарын қажылыққа ниет етуші қазақстандықтардың саны бес мыңға жуықтапты. Біз ең соңғы рейс екенбіз. Қазіргі танымал сазгердің бірі Бағлан Омаров анадайдан танып, амандасып, жолымызға сәт сапар тіледі. Салақ үйдің бақшасының бетімен өскен ұзынды-қысқалы, ебей-себей, ретсіз бұталарындай сақалдарын қалай болса солай жіберген қазақтың жас жігіттерінің қарасы көбірек екен. Олардың қауқиған сақалдары, біртүрлі жан-жағына немкеттілеу көзқарастары жүздерін суық етіп көрсетеді. Бастан аяқ қап-қара киініп, екі көзін ғана ашық қалдырған келіншектер де бар. Кейбіреулері кішкенен балаларын көтеріп алыпты. Жанымыздағы жүнді беттерден жүрек айныса да, «Кемеге мінгеннің жаны бір» дегендей, біздің арман-аңсарымыз болған Меккеге бірге баратын жол серіктеріміз осылар екенін әуежайдан шықпай жатып ұғына бастадық. 13-ші желтоқсан күнгі таңғы сағат 5-те ұшады деген ұшақ ертеңгі сағат 10-нан 20 минут кеткенде, аспанға көтерілді. «Аман-сау барып қайтыңыздар» деп біздің жолсапарымызды қамдап жүрген Аян баламыздың ұшып бара жатқандағы соңғы қоңырауы шыр еткенде, жүрегіміз қоса шырылдағандай, бар қимастарымыз артта қалып кеткендей толқыныс болды. Аянның қоңыр дауысы қандай сүйкімді еді, Құдай-ау дедім. Қош бол, сүйікті Алматы!

Аманкүл екеуміз ұшақтың ең соңғы орындарының біріне отырдық. Я, Алла, сапарымызды оң қыл, ниетімізді қабыл ет, артта қалған жұртымызды да, бізді де аман сақтап, борышымызды атқартып, туған жерімізбен қайыра қауыштыра көр деп тіледік. Қауға сақалдың бірі Мұхаммет пайғамбардың сапар дұғасын микрофоннан оқып берді. Қарақұм шөлінің аспанын қақ жарып, екі жарым сағат ұштық. Терезеден көз алмадым.

«Құмының да шегі жоқ,
Тауының да шегі жоқ.
Суының да шегі жоқ,
Соның бәрін көрсеткен.
Алла үйіне жол шеккен,

Темір құстың теңі жоқ» деген жолдар қойын дәптеріме түсті. Ашхабадқа қондық. Ұшақ май құяды екен. Бәріміз түсіп, күту залына бардық. Түркіменбашына алтыннан ескерткіш соқса да, олардың әуежайы біздікіне қарағанда, өте жүдеу екен. Әуежай жанындағы тауларға қарап тұрып едім. Аманкүл географ емес пе, «Бұл Копетдаг таулары» деді.

АСПАНДАҒЫ ТІЛЕК

Белесі мен белеңі,
Жоғарысы, төмені.
Жұмыр жердің жайқалған,
Жотасы қандай көп еді.
Жаңарып жатқан сияқты,
Ауысып тозған желегі.
Құмдар мен таулар көз тігіп,
Бұлттар қалды ентігіп,
Көргенде әуе кемені.
Шекара шегі білінбес,
Дүние неткен кең еді.
Бас изейтұғын секілді,
Мойындап Жалғыз Егені.
Сырымызды алатын,
Сыртымыздан бағатын,
Сен өзің кімсің демеді.

Екі жарым сағат ұштық. Әлі екі сағат ұшады екенбіз. «Жидда әуежайынан Мәдинаға автобуспен шығасыздар» дейді. Ия, Алла, барлық жолдарымызды сәтті ете көр. Қиыншылық туа қалса, оған төзетін шыдам бер. Артымыздағы ел-жұртымызды, бауырларымызды, бала-шағамызды, немерелерімізді, жиендерімізді, тілектес жанашырларымызды аман етіп, оларға да, бізге де Өзің пана бола гөр. Шексіз Құдіретті Шебер Ұлық Өзің ғана. Ата-бабам, әкем, анам келе алмаған Қағбаға қадам басуды менің пешенеме жазғаныңа шүкір. Қажылықтың шарттарын түгел орындауға, күш-қабілетімді, денсаулығымды жеткізіп, Өзіңнің назарыңда ұстап, мейір-шапағатыңа бөлей көр. Жалғыз жаратушым, Меккедегі Өзіңнің ең алғашқы көне үйіңе келе жатырмын, сегіз миллион тәуап етушіге жайған киелі дастарханыңнан дәм татып, Қағбаны айналып, сәждаға басымды тигізіп, Арафат тауына шығып, дұға оқысам, бұл сапардағы мұратымның орындалғаны да. Тілімді күллі жамандықтардан тиып, шайтанға еріп, теріс сөйлеуден сақта. Қанағат, ынсап бер, анадан қайта туғандай пәктікті бұйырта көр. Дұғаларымды қабыл ет, қажылыққа ниет еткен барлық мұсылман баласының жайған алақанын құры қайтара көрме.

МӘДИНАҒА МАХАББАТ

О, Мәдина, Мәдина, тиді саған табаным,
Адамзатқа мейірлі мөлдіреп тұр жамалың.
Мединада Мұхаммед, рас па деп жеткенім,
Көз айнама түсіріп қайта-қайта қарадым.

Пайғамбардың мекенін нәсіп болып көргенім,
Қасиетті мешітке, - Бисмилда, - деп енгенім.
Асу-асу белдерден, асып өткен пендемін,
Зәмзім беріп шөлімді қандырдың-ау сен менің.

Әс-сәләму ъалейка, ия расуллаһ нәбиім,
Мұнаралар асқақтап айбынды әсем ақ үйің.

Алла берді тілекті, тазартайын жүректі,
Парызымды өтейін, жігерімді жаниын.

Көк күмбезің әнеки, көзіме оттай басылды,
Көкірегім дүрсілдеп, ыстық моншақ атылды.
Қара демей, хан демей, қаптап кіріп барады,
Азығына анталап, рухтың ең татымды.

Сан мың адам жүрсе де, шөп таппайсың көлденең,
Тазалықты осылай сақтайды екен төрдегі ел.
Күні бойы қызықтап жүріппіз тек ауласын,
Қалыңдықтай қаймығып, босағадан енбеген.

Табалдырық аттадық, жайнамазға жығылдық,
Шиден тоқып ілгендей, жоғары жақ шымылдық.
Қасиеті ерекше, мәңгі нұрға шомылған,
Мұсылманға мархабат, мұқым жұртқа мұрындық.

Бала болып кеттік пе, жылаймыз да, күлеміз,
Мұнда қабыл бәрі де, армандаңыз, тілеңіз.
Қиянат жоқ, ұрлық жоқ, алалау жоқ, алдау жоқ,
Елге барып, япыр-ай, қалай өмір сүреміз?

МЕККЕ МҰХИТЫ

Сәлем бердім Байтулла, жер бетінің жұмағы,
«Жеті қабат аспанда тұр» дейді оның сыңары.
Анасының бауырын аңсай берген сәбидей,
Көрген сайын пенденің қанбайды екен құмары.

Азан айтып, таңы атып, азанмен күн бататын,
Алла деген құлдары сыбағасын тататын.
Мекке деген ғаламда зор арнаға ұқсайды,
Мұсылмандар мұхиты ағып өтіп жататын.

Ағып өтіп жатады, зікір айтып Аллаға,
Жүрегі бір, бауыры бір, ақ-қара деп талғама.
Зымыраған уақыт, бізге қарап тұрмайды,
Сен де қосыл ертерек жабдығыңды қамда да.

Пенделерді еркімен тірідей-ақ кебіндеп,
Айналдырған Қағбаны сен сынақта едің деп.
Патша Құдай төбемнен қаһарланып тұрғандай,
Аяқтарым барады, өз-өзінен жеңілдеп.

Бұл, әрине, қорқыныш, ал үмітім молырақ,
Тереңдегі маржанды шыққандаймын қолыма ап.
Алла үйінің қонағы жалғыз өзім секілді,
Тербеліп тұр әуезбен, аппақ гүлдер толы бақ.

Ұшқан құстай кідірмей, иеленіп көк төрін,
Жаназасын шығарды, бұйырғандар текті өлім.
Қуанудың орнына зар илейді еңіреп,
Бақыттылар ұстаған қара тасын Меккенің.

Қара тастың жиегі ақ күміспен қапталған,
Қара тас та әу баста ап-пақ екен ақ қардан.
Зәмзәм бұлақ көзі де, бастау алған жәннәттан,
Жұтқан сайын жұтынып, таңдайыңа бал қатқан.

Қасиетті таулар да Құдайға айтар марапат,
Мұздалипа, Минада маздап жатыр шарапат.
Аулымдағы есіктің алдындағы төбедей,
Көзге сонша ыстықсың, Арафат-ай, Арафат!

Деп жүрміз-ау кісі боп, дүниеде жан бақтым,
Көздеріміз көр бопты, сайтан жалған арбап тым.
Ерте тұрып, ей, достар, ниетіңді бекемде,
Қолым жетсін десеңдер, мәуесіне жәннәттің.

Қайта-қайта Қағбаға бүге бердім тіземді,
Қара жібек киінген, бір тәкәппар қыз өңді.
Маңдай тіреп, көз жұмып, шапағатын сезіндік,
Бұдан артық тілекке, жетеміз бе біз енді.

ҚОШТАСУ ТӘУӘБЫ

Ия, десе дегендей Қажылық барысында, жаратушы бір Алланың құдіретін бірнеше рет байқадық. Қағбаны айналғанда, төртінші, бесінші айналым басталғанда, Қағбаға жетуге, қолыңмен бір ұстауға ниет қыласың. Жарқабақтан асқан дариядай лып-лып қайнап, адамдар арасында алақандай бос жер қалмайды. Сөйте тұра көз алдыңда бөлінген судай, жіп-жіңішке жалғыз аяқ жол пайда болып, үмітің оянып, Алла үйіне қарай құстай ұшасың. Екі бұрылыстан соң, үшіншіде Қағбаның іргесіне қолың жетіп, маңдайың тіреледі. Қағбаға үш барып, жеті реттен жиырма бір рет айналыппыз. Үш барғанда да жоғарыдағы жағдай әр түрлі болып қайталанды. Құдіреттің шеберлігінде шек жоқ. Біреуге инедей қиянат, кесір келтірсең, ертеңіне сол өзіңе қайтады. Көкірек көтеріп, әлсізге күш көрсетсең, көп өтпей-ақ, кескен теректей етпетіңнен түсіп, бұтыңа жіберіп, бәлеге ұшырайсың. «Біреуге қылдай қиянат жасасаң, сол адамнан өз аяғыңмен барып, кешірім сұрағанша, сені Алла кешірмейді» деген хадистің шыншылдығына сәт сайын көзің жетеді. Адал момындар ішінде жаның қысылып, ақ тер, көк тер боп жүрсең де, Алланың ұлықтығына, құлдарына қамқор мейіріне бөленгеніңді біліп, жүрегіңмен ұғынған сайын сүтке тойған құлыншақтай құлдырап, шаршауды білмей, шаба бергің келеді. Ой, дүние-ай, осындай да кереметің бар екен-ау, тұла бойымызды жайлаған бақыттылықтан көкірегіміз нұрға толып, ыржиып күлеміз. Өмірде сыйлас көрші бола білген Аманкүлім мына ұлы сапарда бір анадан туғандай бауырыма айналды, өте қайырымды, әрі адал. Қасымыздағы кәрияларға да қолынан келгенше көмегін аяған жоқ. Алла разы болсын. Қоштасу тәуәбында адамдардың санында шек болмады. Шарасына симай шарықтаған сәттерде жетінші айналымнан соң, мені сыртқа шығармай, сегізінші айналымға сырып тастады. Қарасам, дәл Мақам Ибраһимнің артында тұрмын (Қағбаның қасындағы кішкене күмбез). Иін тірескен тар жерде сонша тығылыстан орын тауып, екі негр намаз оқып отыр. Мен де амалдап тұра қалып, екі рәкәт намаз оқыдым. Қош бол, Алланың ең қасиетті, ең алғашқы үйі дедім дұғамды қайырып, сен бәріміздің де мәңгі жадымызда қаласың, саған жан-жүрегімізбен ұйыдық. Сен мұсылман біткенді бауырыңа ыстық махаббатпен тартып тұрған ғажайып құдіретсің. Қараса көз тоймайтын сұлу да салтанаттысың. Жан-жүрегімізді балқытып, көкірек көзімізді ашқан мұсылман әлеміне ортақ рухани қазынаның ең асыл інжу-маржанысың. Қара демей, хан демей ниет етсе, мұсылманның қолы жететін рухани қазынаның ең биік заңғар шыңысың, сен екі дүниенің шамшырағы, пайғамбарлардың тәжі Мұхаммед Мұстафаның кіндік қаны тамған киелі топырақсың. Саған бүгілмейтін тізе, иілмейтін бас жоқ. Алла алдында бесінші парызын өтейтін әр мұсылман саған өзінше жақындап, өзінше сүйіп, тәуап қылады. Біз де қолдан келгенді жасадық. Қажылығымызды қабыл ет, қош бол, сүйікті Қағба, мейірімді де мерейлі Мекке!

Сөз соңында жерлестеріме айтарым, Қажылыққа ниет етіп намазға тұрған құлын Алла өзі алып барады. Лажы болса, жастық күш-қайратыңыз қайтпай тұрғанда, қам жасағаныңыз өзіңізге жақсы, бүкіл ғұмырыңызға, екі дүниеңізге пайдалы болмақ. Бізбен бірге жастар өте көп барды. Тау-тасқа ентікпей, еркін шығып, құстай самғап, қалаған жерінде дұғасын қайырып, жүздері бал-бұл жайнаған жастарға қызыққанымызды несіне жасырайық. Мұнда мың естігеннен бір көрген артық. Мұнда мың жасағаннан, Меккеге бір барып келген артық. Біздің сапарымыз ел-жұртқа жұғысты бола берсін.

ҚАУЫШУ ЖЫРЫ

Бұл өлеңім ұқсай ма жырларыма бұрынғы,
Елемейді құлағым күбір менен сыбырды.
Барлық мақтау мүліктің иесіне мәңгілік,
Илалла да сүйеді иманына мығымды.

Көргенімді анықтап жиғаным жоқ есімді,
Күнәмізден арылтып, Алла, бәлкім, кешірді.
Уыз көже ішкендей уылжиды жүрегім,
Аллаһу Акбар дегенде Байтулладан бесінді.

Жаратқанның бұйрығы бір сын екен арға бұл,
Ниет етіп қанша жыл өзімді-өзім қамдадым,
Жұрттан артық жаным жоқ, ақ тілегім қабыл боп,
Көзбен көрдім жайылған сыпырасын Алланың.

Қасиетті сыпыра үлкен екен бәрінен,
Рухымды ашыққан тояттатты нәрімен,
Көкірегім қан жылап, ел-жұртымды ойладым
Сорлап жатқан күн сайын шайтан, нәпсі шәрінен.

Тірілей-ақ тозаққа күйген құлдың бірі едім,
Ұмытқан соң қор болдық исламның тірегін.
Ибраһим Пайғамбар қыбыласын құшақтап,
Иллалладан жұртыма иман бер деп тіледім.

Өндірдейін жас бала өлмейді онда асылып,
Көлік те жоқ көшеде опат болған шашылып.
Қатарласып жүрсе де, «Сабыр» дейді арабтар,
Машинаға мінсе де, «Сабыр» дейді арабтар.

Күні қайнап тұрса да, дүкенінде сыра жоқ,
Ішу түгіл ойлау да жабысады күнә боп.
Мұсылмандар есепсіз қақпасына ағылған,
Кәпірлерге кіруге болмайды деп жазылған.

Мызғымайтын дәстүрі Мекке деген құт тұғыр,
Түзу ойлар түйісіп тарайтындай сүт ғұмыр.
Жүз жыл жатып, ұстаның дүкеніне түскендей,
Жүзім түгіл ұяттан табандарым қып-қызыл.

Міне, солай сапарым он бес күнге жалғасты,
Тас атқан соң ойбайлап, қашты шайтан албасты.
Бүгін барсың, ертең жоқ, ойланыңдар, бауырлар,
Құр сандала бермеңдер толтырам деп толмасты.

Ажал жауып темірден қазағыңа бас қайғы,
Сабыр, төзім жоқ жерде шайтан билей бастайды.
Мылтық берсең қолына атады да тастайды,
Көріп тұрып соқырсың, естіп тұрып кереңсің,
Арам судан құтылмай ісің алға баспайды.

Тышқан жылы келіпті, өрісіміз тың болсын,
Өсек-аяң, жамандық жерге кіріп, жым болсын.
Елге еңбек істеген ердің жасы мың болсын,
Илаллаға бет бұрған имандылық жыл болсын!