Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ТӘУЕЛСІЗДІК ПЕН ТӘУЕЛДІЛІК

Тәуелсізбін деп жалаң сыр ұғып,
Қипақтап шетке қалам сырылып.
Қырыс боп қатқан тәуелділіктен,
Тұрар емеспін табан суырып.

Тәуелсізбісің көңілің көлдей,
Жүрекке қонды өзгеріс нендей .
Тәубәшіл санаң, жатты етті алаң,
Көзіне шыққан қып-қызыл шелдей.

Жарылқап біреу іргедегі елді,
Көзін сатқанға бірдеңе берді.
Тәуелділікке тәуеткен басым,
Тәуелсіз боп қалай үйренер енді.

Бой сіңді әдет таңсық екен-ай,
Тырс етпей тамшы қаңсып өтеді-Ай,
Құдайдан басқаға тәуелсізбін деген,
Әй,айналайын Шәмші көкем-ай.

Тұлпарға мінген текті ағайын,
Дей ме екен сірә шепті бағайын.
Әртүрлі дінге төрімді ұсынып,
Бір түрлі болып кетті маңайым.

Байтағын түзер бай ұлы майда,
Ескі дертіңнен айығып ойла,
Есіктен йт-құс ентелей берсе,
Еркіндігіңнің қайыры қайда.

Лапылдап жалын тола құшағы,
Байқоңыр міскін мола құшады.
Ресей түгіл Американың,
Зымыраны да содан ұшады.

Ураннан ауа ас та бүлінді,
Үңгйді Арап ақ шағылымды,
Тұлпардан қалған тұяқ еді жалғыз,
Шыңғыртты бұрау қасқа құлынды.

Кеш сайын үрей ексім кіретін,
Көп пе әлі күнім өксіп жүретін.
Кемеңгер рух қайдасың , қайда,
Қамшымен осып ес кіргізетін.

Айқай шу әбден жанына тійді,
Алқаштың жүдеу жары жасиды.
Оза шапқанға әркім қуанар,
Омақасқанға жаным ашиды.

Шикі егіске орағы түсіп,
Көзі қызарып , қабағы ісіп.
Тәуелсіздігім мас боп жүр әлі,
Тәуелд іліктің арағын ішіп.