Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ТӘРБИЕ БЕР, ТӘЛІМ БЕР

Тәрбие бер, тәлім бер ұрпағыңа,
Ертең ердің айналсын сұлтанына.

Өзі біліп, өзі оқып, өзі үйренсін,
Ақ-қараны айырып көзі үйренсін.

Білім болмас параңды өткізгенмен,
Ғылым қумас жаманды жеткізгенмен.

Дүниені бүлдірді санасыз қол,
Таланттыға ашыңдар парасыз жол.

Жетектеген ит үрер жылы орында,
Сілекейі шашырап кіл момынға.

Сатып алған мансапқа ақыл жетпей,
Ақымақтың әр күні ақыреттей.

Жетесізді сүйреме жұмысқа жек,
Еңбекпен нан табатын ақыл үйрет.

Әлдекімнің қызықпа әздегіне,
Әділетті ойлай біл, өзгені де.

Елді қорғау парызы ұлға ғана,
Үп еткен жел тимесін қыз балаға.

Тілегі, бір, діні бір жарасқандар,
Жалған сөзден жаңылып адаспаңдар.

Адалдық пен жомарттық, бауырмалдық,
Жамағатқа түсірмес ауырмалдық.

Шығарсаң да ғаламға атағыңды,
Ол баянсыз, сүймесең Отаныңды.

Ластама маңайын таза гүлдің,
Қаны шығар бір тамшы қазағыңның.

Ата-бабам көп тартқан азап-мұңын,
Жас ұрпаққа аманат Азаттығым...