Әселхан Қалыбекова

Туындылары


СОРҒА БІТКЕН УРАН

Ағалар қайда айбарлы,
Інілер қайда жайдарлы.
Мөп-мөлдір Табақбұлағым,
Азап бұлаққа айналды.

Ураннан дәулет мол ағып,
Ойдағы олжаң оралып,
Жатырмысың, мырзалар,
Жағажайда демалып.

Сендердің жаның аяулы,
Көңіліміз біздің қаяулы.
Аттылыны аздырып,
Жүдетті заман жаяуды.

Қайсысың барсың кісім дер,
Бар болсаң қолдың ұшын бер.
Залалсыз болса сол уран,
Алыстан балық ауламай,
Біз тұрған жерде тұрыңдар,
Біз ішкен суды ішіңдер.

Тереңге салып тас қауға,
Бүлінді түптен бастау да.
Етегі қанға малынып,
Келіндер түсік тастауда.

Уран тиеген ыңырсып,
Көліктің арты тымырсық.
Көшеге уы жайылып,
Жығылды шыққан гүл ыршып.
Тіршілік түгел жаралы,
Әбілет басқан ыбырсық.

Өмірден күдер ерте үзіп,
Өткен күнде кем қызық.
Өлі бұзауын жалайды,
Мөңіреп сиыр жер сүзіп.

Көрмеген мұны көз қайғы,
Дерт түсіп қанды қозғайды.
Еріні жырық ботасы,
Еме алмай інген боздайды.

Қара нан мен қара шай,
Басқаға қайда шамасы - ай .
Мал жаны құрбан дәрменсіз,
Қағылған сүттен баласы - ай.
Қосыла шапқан ауылға,
Қымбатшылықты қарашы - ай.

Біреулерге мал қайғы,
Біреулерге жан қайғы.
Бала бақша, мектеп салам деп,
Жәкішов жұртты алдайды.
Салғанмен бақша, мектепті,
Айтуға ауыз бармайды,
Тұңғышын тастап қойғандар,
Ана бола алмай зарлайды,
Көктей солған өріктей,
Көзінің жасы парлайды.
Ұрпаққа удай қиянат,
Бұдан артық болмайды.
Бүйте берсе оңбайды,
Бала бақша, мектепке,
Баратын бала қалмайды.

Сорға біткен уран - ай,
Сүйектен өткен у зары - ай.
Халыққа обал дейтұғын,
Қазақта еркек тумады – ай...