Әселхан Қалыбекова

Туындылары


Қалыбекова Әселхан САРА ТОЙЫ – ДАРА ТОЙ

Сара апамыздың 115 жылдық тойына Оңтүстік Қазақстан облысынан бір өзім шақырылдым. Кезінде Қабанбайдай батыр бабаларымыз қарыс жері үшін қан төккен, жерінің түгін тартсаң майы шығатын құтты мекен ғой бұл. Содан да:

Қайырған қалың қазақ малды жоннан,
Қорғаған Қабанбайлар қанды қолдан.
Жетісу жерұйығым жәннәтымсың,
Құйқалы қонысымның алды болған.
Көрінбей аттылы адам жайлауынан,
Құлаштап шаруасы шалғын орған.
Тойыңа шартараптан ағылды жұрт,
Жетелеп жез бұйдалы нарды жолдан.
Армысың, Жетісулық жайсаңдарым,
Талайда тамсандырған Талдықорған, - деп сәлем бердім.

Той облыс орталығына қойылған Сара ақынның ескерткішін ашудан басталды. Мүсінші Т.Досмағанбетов жасаған ескерткіш түгел сары мыстан құйылыпты. Бұлбұл көмей дала аруы қолына домбыра ұстап, жанындағы еліктің лағымен сырласып отырғандай кейпі қазақ қызына келіңкіремей ме деп күдіктенсек те, өшіп қалған жарық қайта бірден жарқ ете қалғандай қуанышты күй кештік. Кейін дәл осындай мүсін қазіргі ақын Сара ауылына да орнатылып, үлкен мектепке апамыздың аты берілді. Жалпы Жетісулықтарға мың рахмет. Қарашоқы тауының түбіндегі неше жыл елеусіз жатқан қабіріне де биік етіп күмбез тұрғызыпты. Ол жерде арнайы бәйге атына бата қылып, құрбандыққа мал шалып ас берілді.

Шашуын бүкіл қазақ әкелгендей,
Жүз жылғы арман құны өтелгендей.
Сара апай орынынан тұрып бүгін,
Тәубә деп басын қайта көтергендей.
Қойыпты кесенесін тастан қалап,
Ұрпаққа тәу етуге тұрар жарап.
Кешегі, бүгінгісін есіне алып,

Куә боп, Қарашоқы тұрды қарап, - деген жолдар тіліме оралды. Заманның түзелейін дегені шығар, Ақсу ауданындағы қант зауытындағы орыс ағайындар өздері бастама көтеріп, ақын Сара атындағы мәдениет сарайын салып бітіріп, мәскеулік мүсіншілерге жасатқан ақын қыздың тік тұрған бейнесін қойыпты. Маған осы ескерткіш өте ұнады. Нағыз қазақтың ақын Сарасы осы болуы керек.

Ауылынан пенделіктің асқақ қонып,
Кеткендей періштеге тастақ толып.
Тұр, міне, тұғырында ақын Сара,
Аққудай ұшып келген аппақ болып, - деп қуанышымды білдірдім.

Бұдан соң әйгілі Біржан – Сара айтысы өткен Ешкіөлместің бауырында жиын болып, үлкен ескерткіш тақта қойылды. Енді бұл тойдағы театрландырылған көріністер, аламан бәйге, көкпар өз алдына бөлек бір әңгіме.

Той, айтыскер ақынның тойы болған соң ба, айтыс та өте қызықты, шабытты болды. Алпыстан жасы асқан бір Жаркенттік Тәжібаев деген ақын менімен айтысамын деп қолқа салды. Өзі әзілге қайым екен.

-Әселхан, балдызымсың нәсіп еткен,
Көңілім сені көріп тасып өткен.
Өзіңе айтатұғын арызым бар,
Тәушендей апаң әбден ғашық еткен, - деп бастады.
Мен де еруліге қарулы деп:
Халқымның айналғанмын еркесіне,
Келіп ем Алатаудың өр төсіне.
Бұйыртса бір жігітті көрем деп ем,
Кезіктім таудың кәрі серкесіне.
Әнім бар аспанменен қалықтаған,
Тыңдаудан мені жұртым жалықпаған.
Серкенің қос мүйізін қағып тастап,

Тәушенге осы жолы алып барам, - деп жатырмын. Айтыс болған соң айтылмай тұрмайды. – Жаркентке неге қытайды қаптатып жібердіңдер десем, «көнбіс қазақпыз ғой, қытайдың арзан шайы мен қантын жеп отырмыз» дейді.

Тағы азап сорлы қазақ шекпекпісің,
Қытаймен қосыңды бір етпекпісің.
Мәз болып отырсың ғой қант, шайға,
Құл болып, қу құлқынға өтпекпісің.
Жерім деп, болашақ деп селт етпейсің,

Немене қытай болып кетпекпісің, - деймін жағасынан алғандай болып. Ертеңіне көкшетаулық Баянғали Әлімжановпен айтыстым. Баянғали қазір көп ашылған, көп ізденіп, шыңдалған ақын.

-Іше қойса бұл апам,
Жеті «жүн-жүн» жұтқандай.
Жеті жігіт келсе де,
Бір қолымен сыққандай.
Өлеңіне қарасам,
Сара апамнан жұққандай.
Көлеміне қарасам,
Жеті Сара шыққандай, - деп әзілдеген соң мен де:
Дәулігін Әселханның сынадыңдар,
Сендерге бірақ менің күмәнім бар.
Бойыңа жегеніңді батырмайтын,
Бәріңнің іштеріңде жыланың бар.
Майысып қалыпты ғой жіліншегің,
Саудырап сүйегің мен шеміршегің.
Басылып шөмейіпсің барлық жының,

Шөміштен қысып жүр ме келіншегің, - дегенімде, өзі де, жұрт та күлкінің астында қалды. Соңында екеуміз «Біржан атындағы», «Сара атындағы» екі жүлдені бөлістік. Айта берсем, той тамашасы көп. жетісуда бұдан кейін де дүрілдеген екі той өтті. Бірі әулие Қабан Қаблиса ақынның тойы, екіншісі әйгілі Орбұлақ шайқасынан арналған Салқам Жәңгірдің тойы. Өз көргендерімді ел-жұртым да білсін деп жаздым осы мақаламды.

Иә, Сара Тастанбекқызындай, Бикен Ырымбекқызындай, Зылиқа Тамшыбайқызындай біртуар аруларды дүниеге әкелген Жетісу елі қандай бақытты ел еді десеңізші.