Әселхан Қалыбекова

Туындылары


CАМАРХАННЫҢ КӨК ТАСЫ ЕРІГЕНДЕ

Құлыншақтай құлдырап ене емізген,
Жылы қуат ойнап тұр денемізден.
Биыл наурыз ерекше бір Алланың,
Шарапаты төгіліп төбемізден.

Мейіріне қарашы жер ананың,
Жөргек қылды гүлдерге орамалын.
Жаңа күннің нұрына жерік болып,
Құрсағынан шығарды қалағанын.
Қасиетін айтсайшы жер ананың,

Аузына алып әжелер Жасағанды,
Берекеге молықты ошақ алды.
Кел аяулым қыс бойы күттім сені,
Жын-жыбырдан тазартып босағамды.

Он сегіз мың ғаламға қақса дабыл,
Отырар мен Түркістан астана бұл.
Он саулығы кедейдің егіз төлдеп,
Омыртқасы қатайсын жас баланың.

Күн шуағы жіпсітіп арқамызды,
Пәк сезімге ұйытар орта бізді.
Ұшқан құстар жұптасып өбектейді,
Ізгілікке шақырып баршамызды.

Дүбір- дүбір дүние тақтасында,
Қыбыр-қыбыр тіршілік нақ қасымда.
Ақ нөсерден ақ Кептер дәрет алып,
Ұя сала бастады ақ шатырға.

Жаратқанға жаныңды еліктіріп,
Көз тоймайтын не деген көріктілік.
Наурыз тойын тойлаған бір ғанибет,
Яссауи күмбезін көріп тұрып .

Асыл иман мөлдіреп жанарда тұр,
Жүрегіңнен орын бер оған батыр.
Қазан аңдып мақтанба тойғаныңа,
Азан аңдып наурызда намазға тұр.

Нәуетектер сыртымнан күңкілдей ме,
Найзағайдай жарқ етсең шіркін кейде.
Самарханның көк тасы ерігенде,
Самарқаудың сүйегі сілкінбей ме,
Ібілістің ұйығы үйтілмей ме...