Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ӨРКЕНИЕТ ӨРКЕШІ...

Аңқау өскен баладай ек, қаталағыш қырдағы,
Кәрі сауда – сары сайтан саптыаяқты былғады.

Соны ішпесек көштен қалып, шөлден өліп қалардай,
Уға толы саптыаяқты қылғытамыз дем алмай.

Арам судан момындардың көтерілді жүрегі,
Кейбіреудің қолы ұзарды көкке тимей бір елі.

Қалтарыста қан көргендей жиырылып қабағы,
Шенеуніктер дүниені қасқыр болып талады.

Қанталаған көздерімен азу тісін ақситты,
Жалаңаштап сорлылардың сақалдарын сапситты.

Кембағалдың қанын ішіп, аш қалдырып баланы,
Өркениет өркешіне ырғып мініп барады.

Келемеждеп ыржияды төмендегі халықты,
Шырт түкіріп, шетел асты, туған жерден жалықты.

Үкімі әлсіз үкімет те шыға алмады жарыққа,
Қылмыс соңын жасыруға жаба салды нарыққа.

Қолды болған есіл байлық енді саған кім ие?
Алба-жұлба әбиірін жаба алмай тұр дүние.