Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ОТАҒАСЫ
(Әңгіме)

Жаздың жайма-шуақ күндерінде әсем Алматының Алатауға арқа тіреген «Бағанашыл» мекенінде Ғалия құдашамен кездесіп, інімнің үйінде әңгіме-дүкен құрғанымыз бар.

Ғалия бұйралау шашын қысқа қидырған етжеңді, орта жастан асқан келісті сұлу әйел. Анадайдан ыржиып күліп, ойындағысын ірікпей айта салатын ақпейіл жан. Ол мені, мен оны көргенге қуанып, бір дастарханның басында келіннің (Ғалияның сіңлісінің) баптап пісірген тамағын жеп, шәйін ішіп, әңгімеден әңгіме туып, аузымыз босар емес.

Түнге қарай екеумізге бір бөлмеге төсек салынды. Әрі-бері көз жұмып, көрпе бүркенгенмен, ұйықтай қоймадық.

-Әсеке, - деді маған қарай аударылып жатқан Ғалия, сірә, әңгіменің тереңдеуіне көшкен сыңай танытып.

-Мен Сарыағашта тұрғанымен, Семейдің қызы екенімді білесің. Оқып жүріп осы перзенттерімнің әкесі Өсенмен танысып, отбасын құрдық. Екі құлағы қалқиған қап-қара ғой, - деп әуелде достарым, апа-сіңлілерім күліп, күңкілдегенімен, кейін Өсеннің адамгершілігін, кісілігін көріп, бәрі соның сөзін сөйлеп, жанынан шықпай үйренісіп кетті.

Бірақ өзім өкінгенім жоқ, қайта Құдайға шүкірлік етемін, жігіттің сұлтанына жолыққан екенмін. Өсен қызметте көтеріліп, совхоз директоры, мен ауылдағы почтаның бастығы болып еңбекті дүрілдеттік. Ағайын-туған, жора-жолдастың арасында беделіміз жоғары.

Күнде жиын, кішігірім тойларды жүргізе беретін менің асабалығым да бар. Алғашқы сүйген бөпелеріміз қыз балалар еді, кейінірек ұлды болып та, ақ түйенің қарыны жарылған қуанышты сәттерді бастан кешірдік. Ең жақсысы, Өсен екеуміз тату, жіліктің майындай тәтті өмір сүрдік. Кейде менің от-жалыным аузымда асығыстау тірлік боп қалса, Өсен «Ғалияш» деп еркелетіп, қоздана бастаған ұшқынды салмақты мінезімен білдірмей баса салатын.

Бір күні түсімде Семейде тұратын аға-жеңгемді көрдім, екеуінің екі қыз, бір ұлы бар болатын. Жеңгем бетіме қарап тұрып, үш баласының куәлігін қолыма ұстатты да, үйден шығып кетті. Жеңгем әлі жап-жас еді. Таңертең дүниеден өткенін естідік, телеграмманы алғанда талып түстім. Ағайым ішкілікті көбірек ішетін, енді балалардың жағдайы қалай болады деп, көз жасыма ие бола алмадым. Марқұмды қара жерге тапсырғаннан кейін:

-Ғалия, - деді Өсен, - жеңгең балаларын бізге қалдырыпты, түсіңде куәліктерін бергені оның аманаты. Алланың аяны ғой, бауырларыңды жолға дайында Сарыағашқа алып қайтамыз деді. Егер Өсен айтпаса, өзім тәуекел ете алар ма едім. Бас иемнің ақылы бар түйінді шешті. Бауырларым біздің балаларымызбен бірге өсті. Аллаға тәубе ешнәрседен тарыққанымыз жоқ. Атақ, даңқ, дәулетіміз жұрттан аспаса да, ақжарқын көңіліміз, түзу мінезімізбен-ақ жұрт сыйлайтын дәрежеде болдық. Үлкен сіңлім мен ортаншы інімді бір-бір үй етіп шығардық. Кіші сіңлім Гуля да мектеп бітіріп, «Қапланбектің» бухгалтерлік курсына түсті.

Бірде тұңғыш қызыма алтын сырға сатып алдым. Қымбатына қарамай қызыққан соң, қызымның құлағына таққанша асығып үйге келдім.

-Өсен, қарашы, мына сырға қандай әдемі, әрі қымбат, қыздың бойжеткені қуаныш қой, жарыратып тағып жүрсін дедім.

Өсекең бетіме бетіме бір түрлі көңілсіздеу қарады да, «иә» дей салды. Мен шапшаңдығыма басып: - Өсеке, неге үндемейсің, саған ұнамай тұр ма, әлде қызыңның өскеніне қуанбайсың ба? деймін бастырмалатып, - жоқ, неге деді ол теріс айналып. Менің шыдамым таусылып барады. – Немене, Өсен, алып ұшып келген көңілімді су сепкендей бастың ғой, не болды сонша деп қақсап қоя бердім.

-Ғалия, - Өсен иығымнан тартып қалды. - Біздің қызымыз бен Гуля сіңліңнің түйдей жасты екенін, бірдей өскендерін ұмыттың ба? Алсаң екеуіне де алмайсың ба, оның жүрегін жараламай. Алмасаң қоя салмайсың ба? азар болса, арзандау болар, екеуі бірдей тақсын – дегені.

-Ойбу – деппін сасқанымнан көзім бақырайып, оны ұмытып кетіппін ғой, - не алсақ та екеуіне бірдей алатынымыз мүлдем есімнен шығып, қара басыпты ғой, не деген ақымақпын. Кешір, Өсеке, сен болмасаң, мен нағыз көк соққанның өзі екенмін ғой, - деп бармағымды тістедім. Сөйтіп Өсекеңнің парасаттылығы мені ыңғайсыз оқиғадан сақтап қалды. Бір бұл емес, талай жерде, қара жігітім маған Қаратаудай қорған болды.

Қым-қуыт тірлікпен жүріп, ортаншы қыздың да балиғатқа толғанын байқамай қалыппыз. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келді. Бір жігіттен хат алып жүретінін білетінмін. Өсен де, мен де жұмыстамыз, қыз үйде, еш нәрседен алаңсызбыз. Қызым киімді кеңірек етіп киетін. Үйде жүрген соң, менің жемпірімді үстіне іле салып, асхана мен екі ортада шауып жүреді. Біз шаршап келгенде тамағымыз дайын, үйіміз таза, көйлек-көншек жуулы, соған мәзбіз. Бірдеңе іше салып таусылмайтын отырыстарға, туған күн, шілдехана, құдалықтардың төрінде жүріп, күннің қалай батқаны, таңның қалай атқанынан бейхабармыз. Сөйтіп екеуміз де оңбай қателесіппіз. Әсіресе анасы маған кешірім жоқ. Ақ сүтімді бердім, өсірдім, оқыттым, енді болды деп асқақтап жүріп, апанға құладым. Ана деген баланы туған егесі ғана емес, олардың оң, теріс ісіне төреші де болуы керек екен ғой.

Күндегі әдетіммен жұмыстан келіп, киімімді ауыстырып, әндетіп жүргенмін.

- Мама, бері келші, - деді қызым бұрыштағы бөлмеге өтіп. – Иә, не айтайын деп едің? Қызымның бетіне қарасам, көзінен жасы сорғалап тұр. Қабағы кіржиіп отыра кетті. Орысша оқыған еді. -Мама, мен туамын – деді тікесінен кетіп. -Не, не дейсің, не деп отырсың – деп жағасынан тартып тұрғызып ем, жемпірдің түймесін ағытып жіберді. Көк собыққа тойған танадай қарны шермиіп түсіп кеткен. -Міне, көр, мен осындаймын – деп қарап тұр.

- Ойбай, сұмдық – деп баж ете қалдым, әрі қарай не болғанын білмеймін, қаным басыма шауып: - ойбай, Өсен, ойбай, өлдік, мынау не деген масқара, жұртқа қалай қараймын, не бетімді айтамын. Сырттан әкесі жүгіріп келді.

- Папа, я рожу – деді екі құлағын басып мелшиген күйі. Өсен далаға шығып кетті.

Менің жан даусым шырқырап, есім кіресілі, шығасылы. -Кет – дедім қызыма, - кет, бейбақ, қайда барсаң, онда бар, көзіме көрінбе. Сарыағаштың маңына жолама, шық, оңбаған, шық, кет, кет! -Солай ма, мама? – деді қызым қанын ішіне тартып, - онда қош болыңыз. Есікті тарс жапты. Бір кезде Өсен келіп қасыма отырды.

- Ғалияш, шыда, бұл да бізге бір сабақ. Мен мына өз қолымды кесуге оқталып, балтаны алып ем, қол түгіл бір саусағымды да шауып тастай алмадым. Ауырғанынан қорыққан жоқпын, одан ешнәрсе түзелмейтініне көз жетті. Қыз қайда?

- Қуып жібердім, өлсін қарабет – дедім міз бақпай. Қой, Ғалия, енді басыл, далаға шығып темір жолдың үстінде отырған қызын үйге жетелеп кірді. Жедел жәрдем шақырды. Қызын киіндіріп: -айналайын, ренжіме, мамаңның ашуы қайтады, біз сені жақсы көреміз, далаға тастайтын перзентім жоқ, қандай қиындық болса да бірге жеңеміз. Емханаға барып аяқ-қолыңды жеңілдет. Олар сенің жағдайыңды бізге хабарлап тұрады деп бетінен сүйіп, жедел жәрдемге мінгізіп жіберді.

Таңертең бет-аузым добалдай ісініп, басым айналып, «жұмысқа қалай барамын, елге қалай қараймын» деп солқ-солқ еткен екі шекемді қысып отырмын. Түнде қыздың босанғанын, дүниеге қыз бала келгенін хабарлаған. Өсен кірді түк болмағандай көңілді.

- Ғалияш, біздің тұңғыш немереміз жарыққа шықты, сенің бұл отырысың не? Сен жуынып, жақсылап таранып, өзіңді ретке келтір. Бүгін бұрын кимеген ең жақсы киімдеріңді, барыңды ки. Мен де сөйтемін.

Біз бұрынғыдан да бақытты, барынша қуанышты екенімізді, ағайын, досқа, сұрағандарға көрсетуіміз керек. Базардан ең қымбат гүл шоғын алып, ауруханадағы қызды құттықтап, немеремізді көріп, көрімдігін берейік. Бәрі Өсен айтқандай болды. Абыржығанымызды ешкім білмеді. Көрші-қолаң, туыстар қоңыраулатып, құтты болсын айтты.

- Ол қыз екі қабат па еді, білмеппіз ғой дегендерге,

- Ия, әскердегі күйеубаланың жазған хаты күнде келіп жатыр деймін. Сөйтіп менің Қаратауым өзінің таулығын істеп, бізге сыпсың сөз де, жел де тигізбей, көкірегін тосып, отбасымызды ұяттан арашалап қалды. Жерге тірідей кіріп, өліп бара жатқан мені амалдап тірілтіп алды. Бір өкініштісі, немереміздің әкесі нәрестесінің жүзін де көре алмай, әскерде қайтыс болды. Немереміз қолымызда өсті. Атасын жанындай жақсы көреді. Қазір бойжетіп, жоғарғы оқу орнында.

- Әсеке, мен бақыттымын, - деді Ғалия құдаша тағы да, әйелдердің бақыттымын деп айтуы сирек болған соң ба, мен оның нұрланған жүзіне сүйсініп қарай бердім.

Бірде дейді ол еркектер ішіңкіреп отырып, әйелдерді сөз қылды. Мен дастархан иесі құрбыма көмектесіп сыртта жүргенмін. Сөйтсе бір досымыз қызып алып, қатындардың байынан басқа ең кемі үш көңілдесі болады деп соғып жіберіпті. Оны бір құрдасымыз ушықтырып, Ғалияның ше деп қалады.

- Етегіне намаз оқиын деп пе ең, ол да сол қатындардың бірі, - дейді тілін тартпай. Ә, дегенше Өсеннің темір жұдырығы әлгі бөспенің жағына сарт ете қалып сұлап түседі. Мен келсем, опыр-топыр, ананың аузы қисайып кетіпті. Бәрін кейін естідім ғой. Әні, менің шалым сондай, - деп әр оқиғаны рахаттана еске алып, аңқылдап отырған Ғалия құдашаға мен де риза болдым. Шынында да Өсен нар азамат екен-ау. Өзінің алып қанаттарымен өз ұясына пана болып, оларға тиер таяққа өз арқасын тосыпты. Ғалияның ұнағанына қолын жеткізіп, ұмтылғанына бойын жеткізіп, өмірлерін жақсы өткізіпті.

Сол Ғалияның қайтыс болғанына да біраз жыл болды. Өсен бір ауылдың батагөй ақсақалы, ұл, келін, немеренің асқар таудай сүйеніші. Елде ашу-араздық болса, басып, керілдесіп келгенді келістіріп жіберетін данагөйлігі бар. Ғалия гүлдерді жақсы көруші еді деп қабіріне әр түрінен егіп, шие тал отырғызып, апта сайын суарып, баптап, күтіп жүргені. Кейде немерелерін алып барып, көрдіңдер ме, апаларыңның гүлдері жайнап тұр деп әрқайсысын қолымен тіктеп, айналасын қопсытып, арам шөбін жұлып, Құран оқып қайтады.

Иә, әр еркек кіндік Өсендей отағасына айналса, бұл дүниеде бақытсыз әйел, бақытсыз ана болмайтын шығар. Ешбір ұя өткінші өкпек дауылға алдырмай, аппақ балапандар өргізер. Бір қызығы, Ғалияның сонша мақтаулы Өсені өзінің жартысындай-ақ кісі.