Әселхан Қалыбекова

Туындылары


Оразханның ашық хатына, Әселханның ғашық хаты.

БӘРІ ӨТІРІК, БӘРІ ШЫН

Қалқатайдың ауылы қашық жатса,
Құпия хат жолдар еді, ғашық тапса.
Есін жиып елуге беттеген соң,
Ойысыпты Оразхан ашық хатқа.

Мен жазайын ендеше ғашық хатты.
Неден сенің көңілің жасық тартты.
Шаршатыпты- ау өзіңді, серпілтейін,
Тұман ойлар төбеңнен басып қатты.

Ақ сұңқардай қолыма алты ай бақсам,
Қыран болып кетпей ме тұғыр қақсам.
Тұрымтайды менсінбей жүр ме дейсің,
Күйкентай мен қарғаны жемдеп жатсам.

Жөнін біліп жүрмейтін бұтаны ықтап,
Бұлбұлдардан құтылдық жылап сықтап.
Көк жоңышқа ішінде кешке дейін,
Бөденелер билейді «бытпылдықтап».

Отырарға ортақсың, еншілессің,
Ауыл мұңын тербейік, келші-депсің.
Мұңы да жоқ, халқымның дымы да жоқ,
Құдекеңмен көктегі көршілеспін.

Жұлдыздармен қосымыз қатар қонған,
Дәм- тұзымыз ерекше татар жолдан.
Отырардың ойраны ұмыт болып,
Оң жамбастан оянып Шаһар болған.

Қыры қырық ,даламның ойы сегіз,
Ақ тақырға жайылған тайы семіз.
Топырақтан тұз қоспай қамыр илеп,
Көз жасынан кеселеп шәй ішеміз.

Кім айтты екен «елің... деп аш құрсақты»,
Тоғытамыз аш болса тас бұршақты.
Халық аман,қой аман, қойға ілескен,
Салпаңқұлақ есекке қасқыр шапты.

Дәл сол кезде Құдай-ау қайда қалдық,
Жұмыс болды бұл өзі ойланарлық.
Мал болмайтын болған соң жануарды,
Шетелдік қонақтарға пайдаландық.

Мың-мыңдап байлар малын өргізеді,
Құмалағын түсірмей тергізеді.
Мырзалар ылғи қойдың арығын жеп,
Семізін кедейлерге бергізеді.

Ұры жоқ, ұры болса, аластайды,
Ондайлар өсер елге жараспайды.
Тып-тыныш Иран бақта жүргендейміз,
Иттерде, иттік қылып таласпайды.

Апта сайын қайтамыз ойнап тойдан,
Сүт сауамыз шелектеп бойдақ қойдан.
Үш жылдығың деп жүрсің,біздің әкім,
Үш он жылын алдағы ойлап қойған.

Таң қалады еліме жанап кеткен,
Отырамыз табысты санап көктен.
Осыншалық байлық пен тоқшылықтың,
Іргетасын Қанжігіт қалап кеткен.

Келе сала Тасекең тасын өріп,
Кілең қасқа жайсаңдар қасына еріп.
Іскерліктің арқасы байланды ғой,
Нарық деген нарыңның басы берік.

Не істеп жатыр дейсің ғой, әкімдерің,
Сен әлі түк білмейтін батыр ма едің?.
Құтекеңдей ағаңнан сұрап көрші,
Сондан кейін басымды қатыр менің...

Ырғалып тұр аңызда сепкеніміз,
Қоя алмаймыз басшыны шеткері біз.
Жетпіс жылда жетпеген жетістікке,
Осылардың арқасы жеткеніміз.

Дей алмаймыз байларға өкпеліміз,
Тау-тау болып жиюлы шөптеріміз.
Ошаған да жұп-жұмсақ бал татиды,
Бір екеуін табылса жеп көріңіз.

Қоян алған бүркіттей кептеріміз,
Жұтынып тұр жап-жаңа мектебіміз.
Бұдан артықт Құдай-ау не істейміз,
Көшіріп әкелмесек Меккені біз.

Май дегенің бес теңге құйылып тұр,
Шай дегенің пұлы арзан үйіліп тұр.
Ақын,әкім,бай демей,кедей демей,
Жұма намаз оқимыз жиылып бір.

Берілмесін әйтеуір кеш бағамыз,
Барлық адам достасып төс қағамыз.
Сенбі сайын жанында әулиенің,
Арақтан өлгендерді еске аламыз,
Ант етісіп, арақты ішпейік деп,
Тескен таудан асырып тастағанбыз.

Бұрылмапты біз жаққа назарларың,
Білмеймісің қаншалық жазаң барын.
Зиялылар қауымы кешке жақын,
Бимұраттың тыңдаймыз «ғазалдарын».

Салдырмай жүр депсің ғой теңге құрық,
Оның жолын үйрендім елде жүріп.
Бір мықтының үстінен арыз жазсаң,
Байлық өзі-ақ келеді өңгеріліп.

Түсті дей бер теңгені пәшкісі мен,
Жаңылмайтын жан бар ма, тәспісінен?
Алдыңа мал,астыңа көлік мініп,
Ауқатты боп шығасың аш кісіден.

Содан кейін арызды қайта аласың,
Пысық болып жұртыңа байқаласың.
Қалғанын бюджеттен қосып береді,
Төге бер үріп ішіп, шайқап асын.

Біздің елді көргендер тамсанады,
Өзіңде бір келерсің аңсап әлі.
Прокурор ,сот дегенге жұмыс та жоқ,
Ысқырып еріккеннен ән салады.

Көксарайдың басшысын қауіп қылып,
Мазалансаң қояйын сауықтырып.
Таланттардың қалтасын басып-басып,
Тәжірбие жасаймыз ауыстырып.

Білмей айта береді пенде деген,
Дәулетті адам табылмас елде менен.
Жалақымды көбейтіп жанашырлар,
Теңімен тұр үйімде теңге деген.

Арғымағын Абайдың мінгенімде,
Қуанбаған әкім жоқ елде мүлде.
Бала болып шапқылап жыңғыл мініп,
Бауырым деп жүгірді келгенімде.

Екпініміз басылмай бойда шабыт,
Семейдегі бәйгені ойға салып.
Үркімбаев кезінде салсын деген,
Ақсарайда отыз күн той жасадық.

Байғазымды түгелдеп ел кетеді,
Сен айтқандай ақын да пенде тегі.
«Оңтүстіктің» атынан бір орамал,
Жаба салсаң иығыма нең кетеді?

Жүрмін әлі баса алмай шаттығымды,
Білесің ғой ақ көңіл, пәктігімді.
Ашық хатқа ғашық хат жаза салдым,
Бас ауыртып тексермей фактіңізді.

Өз көзімен сенбеген кісі көрсін,
Оңалыпты елімнің ісі дерсің.
Шында бар,жалғанда бар, арман да бар,
Өзің –ақ арғы жағын түсінерсің.