Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ОҢТҮСТІК

Орайлы өміріме Оңтүстігім.
Оралып оңды-солды жол түсті мың.
Жететін жаһанның төрт бұрышына,
Дүние қанша болса, сонша ыстығым.

Фарапта өтті неше Фарабилер,
Созақта сорғалаған сара күйлер.
Түйінін тоқсан сөздін шешіп берген,
Бал тамған көмейінен бала билер.

Шеберді танып қаққан шегесінен,
Үзбеген құлшылығын Егесінен.
Берік боп Лә иллһа иллаллаға,
Түскенбіз Қазығұрттың кемесінен.

Қырықтың бірін қыдыр қонақ тұтқан,
Қонағын силамауды оғат тұтқан,
Не көрсе бір Алланың жазуы деп,
Таймаған тура жолдан жомарттықтан.

Әуле әнбиесін таныитын ел,
Ұяда уызына жаритын ел.
Қалған сөз бабалардан мақал мәтел,
Парапар Пайғамбардын хадисімен.

Түбінде орнығады таза қоғам,
Қалауын жүрегінің табады адам.
Айтады бір көргендер дұға қылып,
Оңтүстік аман болса қазақ аман.

Түркістан рухымның ең төресі,
Азбайтын арымайтын өлкең осы.
Алтынмен жазылып тұр тарихымда,
Отырар, Ордабасы, Мәртөбесі.

Орайлы өміріме Онтүстігім,
Оралып оңды-солды жол түсті мың.
Жететін жаһанның төрт бұрышына,
Дүние қанша болса, сонша ыстығым.