Әселхан Қалыбекова

Туындылары


НАУРЫЗ ШАШУ

Абай жыры болғанда азық ұлтқа,
Әселханның жетер ме назы жұртқа.
Топан судан тірлікті сақтап қалған,
Қызыл тілім ақ сөйле Қазығұртта.

Төтеп берген дүние сан құқайға,
Әмірінсіз Иенің мал жұтай ма.
Ассалату Ассалам Расул Алла,
Пайғамбарым туылған Мәуліт айға,

Ей ағайын, қарашы шыңға мына,
Көктем шуақ жалап тұр, жылғаны да.
Өзін өзі табиғат тазалайды,
Космостың қосылып ырғағына.

Шығарсам деп әлемге асқақ атын,
Өбектейді әркім-ақ жас баласын.
Өзім болсам дейтұғын, өзімшілдік,
Өзегіңді суырып тастамасын.

Күнде апат, күйзелткен сормаңдайды,
Жан тазармай жазылмас бойдан қайғы.
Ойды, миды, жүректі қоқсық басып,
Оқыс қимыл өмірді ойрандайды.

Батыс көрген, уланып бастың бәрі,
Қазаққа кеп не бәле жапсырмады.
Иық, кеуде, кіндігі жалаңаштар,
Ару емес, аурудың асқынғаны.

Заман мынау алапес тескен жара,
Жатқа қарап жарымас өскен бала.

Кемелденіп қатарға қосыласың,
Құдіретін Құдайдың сезсең ғана.

Жылымыққа желігіп кетпегейсің,
Ұлылыққа бас имей өтпегейсің.
Оңай жерден мал іздеп әуре болма,
Адал еңбек етпесең, көктемейсің.

Жаңа күнге, Наурызға жаны аптығып,
Байқатады таулар да ғажап қылық .
Әлсіреген Рухха әл жинаңдар,
Қазығұрттың басына қарап тұрып.

Жастар, жастар халқың бар, қандасың бар,
Бір-біріңе қол созып жалғасыңдар.
Болашаққа бет бұрған боталарым,
Алдамайтын үмітке жармасыңдар.

Ағыл-тегіл ақ тілек, тойда мұңдай,
Күмән күдік қалмасын ойда қылдай.
Жан-дүниең байысын иман- нұрға,
Жас қозының уызға тойғанындай.

Барыс жылы Барыстай ырғып тұрып,
Қазығұрттан басталсын тірлік тұнық!
Елбасының, ел жұрттың амандығын,
Бір Құдайдан cұрайық, құлдық қылып.