Әселхан Қалыбекова

Туындылары


МҰРАГЕР

Мұрагермін, менде де бар мұрагер,
Кім болса да қойнына алар мына жер.
Қияметтің таразысы тартылса,
Тозақ ішін толтырады-ау күнәгер.
Қылмысыңнан жалтарайын десеңіз,
Құлақ-көзің, аяқ, қолың куәгер.
Жұмақ кілтін сатар еді көбейтіп,
Саудагерлер қолдан келсе бұл егер.
Қасарысқан мінезіңді тәрк етіп,
Бір иеңе мүләйімсіп сына бер.
Екі дүниеме еткен болдым қызмет,
Мейірімдімнен үміткермін ұға гөр.
Өкіндім де, тәубе дедім, тырбандым,
Зікір тоқпақ көр кеудемді ұра бер.
Парыз өтеп, рақымды болайын,
Жақсылардың жақсылығы жұға көр.
Сауабымды, білігімді арттырып,
Діл раушан ләззатына бұра гөр.
Күнәмді кеш күллі азаптан өткізіп,
Ақ пайғамбар туы астына жеткізіп,
Рухымды шат-шадыман қыла гөр!!!