Әселхан Қалыбекова

Туындылары


МЕЙІРЛІ БОЛ

Пәк күйінде сақтай алмай ,
Ауырлаттым денемді.
Ана сүтін ақтай алмай,
Артқан күнәм көп енді.

Шыбын жаным ұшып кетсе,
Бүкіл тәнім түкке аспай.
Қамалады түн түнекке,
Енді қайта шықпастай.

Үш жерімнен байланамын,
Көнбесіме көндіріп .
Топыраққа айналамын,
Құрт-Құмырсқа жем қылып.

Оңыма иә терісіме,
Аунай алмай жаудырап.
Қорқынышты көр ішінде,
Сүйек жатар саудырап.

Мүңкір- Нәңкүр жорығына,
Қалай төтеп беремін.
Намазымның орынына,
Өтпейді ғой өлеңім

Басқа өнерді тоқтат- демек,
Онымды жоқ құптаған.
Өлең жазшы, жазшы әпке деп,
Өтінеді жұрт маған .

Санаспайды ақынбысың,
Бақи жалған не шара .
Саудаласып отырмысың,
Сәждеңді сүй бейшара.

Барарың сол , көрерің сол,
Жол таппайсың қиялдан.
Мен байғұсқа мейірлі бол,
Мейірлі бол, я Аллам.