Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҚЫЗДАР, ҚЫЗДАР...

Қыздар , қыздар қаракөз қалқаларым,
Сұрын көріп заманның таң қаламын.
Бүгіндегі жігіттер шаршамайды,
Жүрегіңе қалай-деп жол табамын.

Қыз сүйкенсе емес пе тіленгені,
Тіленгені қыздардың тірі өлгені.
Құлдыраған қоғамға ойыншық боп,
Ер, әйелдің ауысты рөлдері.

Ұятыңды өлтіріп , мыстын ғұрып,
Өз басыңа жасайсың дұшпан қылық .
Қойның ашық тұрған соң зып береді,
Асылыңды арамдап тышқан жігіт.

Ісі біткен қуаяқ қыр асады,
Сусыз бақтың белгісіз гүл ашары.
Бір-ақ сәттік босаңдық әттеген-ай,
Ғұмыр бойғы қайғыға ұласады.

Қыздарым-ау мықты бол өзіңе өзің,
Бәрі алдамшы балқытқан ыстық сезім.
Жерге қарап қалмағай сын сағатта,
Таразыға түскенде жібек , бөзің.

Бақытты етем дегенге сене берме,
Жібек те жоқ бұл күнде Төлеген де.
Қызыл ішіп қызарып көзге түсу,
Рұқсат жоқ қазақта ол өнерге.

Иман нұрдан қашықтап тозақ ғалам,
Табынады сайтанға мазақтаған.
Қыздар азса тегіміз азады деп,
Тиым салған күңнен де қазақ бабам.

Бойжеттірген оң жақта еркелеткен,
Адалдықтың пәк туын желкен еткен.
‘’Аманаты аман сау ілікті ‘‘-деп ,
Анасына сүйінші ерте жеткен.

Байға асыққан арандап қыз жарымай,
Сабыр сақта отырма сызға бұлай.
Бір әулеттің болашақ анасы сен,
Бір жігітке қарыздар мырза Құдай.

Махаббаттың қосылып қос аралы,
Шын гауһардың бағасы асады әлі.
Алашымның аяулы арулары,
Абыроймен аттаған босағаны.

Сол босаға құт болған бәрімізге,
Сары алтындай жиналған дәні күзде.
Жатқа еліктеп , жабығып , қорлық көрмей,
Қыз ғұмырдың қылаусыз мәнін ізде.