Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҚҰДЫҚТАРДЫ ІЗДЕУ

Құм іші тарих, тола ақпарға,
Қалмасын ұрпақ сірә өкініп.
Жарттөбедегі жамағаттарға,
Зиярат қылып құран оқыдық.

Арылғың келсе ойдағы жүктен,
Білдірме бауыр көңіл тарлығын.
Заманның мықты тұлпары джиппен,
Рөлде мықты Әмірхан інім.

Ергөбек атам зәм-зәмға балап,
Мұздай суына шөлін қандырған.
Ата-жұрт қайда, құдықтар қайда,
Адыра қалып шөбі жаңғырған.

-Алдыңнан бір жол өтеді қиып,
Дегені дереу ырасталады.
Жол тапқыш екен тыңдадық ұйып,
Жол серікке алған Рәппананы

Жайлаудың аты, қыстаудың аты,
Біледі жақсы құмдағы сырды,
Әзілі удай, өткір қылжақы,
Бұрынғылардың жұрнағы сынды.

Ескірген жолдар, ескірген жалған,
Айтады кімге арызын ақтық.
Ауызы опырайып, көміліп қалған
Ескі құдықтың бәрін де таптық.

Ел барда ғана шұғылалы екен,
Жабысты ойға желімдей сұрақ.
«Жексенқұдықтың» суы бар екен.
Оған да еге көрінбейді бірақ.

Араққа тойып ұйықтапты байы,
Әйелі кеткен отарды бағып.
Біз көрген осы қойшының жайы,
Бір жұтым айран табылсын неғып.

Ергөбек ақынды сағыныш шырмап,
Ебелегіне дейін өлеңге қосқан.
Жазмыштан озып, жүрекпен жырлап.
Қалдырған атам мәңгілік дастан.

Құдайберген көкем тірі болғанда,
Құлазымас еді -ау құмдарым онша.
Кеткендей сіңіп, сірі жалғанға,
Шөп басып қалған қырдағы жолша.

Мұңдандым солай амалым нешік,
Сексеуілді құм бабамның жері.
Мұз белге сонау күн бата жетіп,
Мұрынқараққа оралдық кері.