Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҚАСИЕТТІ АҚ БАРЫС МЕНІҢ ЖЫЛЫМ

Өзімді-өзім қағазға жығып әрең,
Сүйегімнен отырмын сығып өлең.
Ұшпа желдей ұйытқып үш ай өтсе,
Аттандап тұр алпысың шыныменен.

Қызыл-жасыл жастық шақ баяғы елес,
Бізге құшақ қайыра жаяр емес.
Пеш түбінде ойландым ұйқылы-ояу,
Ештеңем де ертеңге даяр емес.

Жас күнгідей жүргем жоқ жүлде жарып,
Ұмытқан жұрт ұмытсын мүлдем анық.
Ақ шашымды қараға бояғанмен,
Шер көңілді жібітем кімге барып.

Бүлдірген соң тезегі мүңкіп елге,
Түйнек болды өлеңім түлкілерге.
Бір Алладан басқаға бас имейді,
Найзағайы кеудемнің күркірерде.

Қай заманның мұңлығы-зарлығы да,
Ем таппаған жазмыштың жарлығына.
Намаз оқып алған соң, тәубә қылдым,
Ұмытпайтын Құдайдың барлығына.

Барыс қылсақ деп едік түгел елді,
Мысық ниет тырнағын бүге берді.
Оразхандай құрдастар орғып-орғып,
Арғы бетке өтті де... жүре берді.

Кетті солай қимайтын жайсаңдарым,
Көтере алмай мен қалдым ой салмағын.
Абай атам көрмеген алпыс жасты,
Алпыс деген «тал түс», - деп айта алмадым.

Шын таланттар өтейді өмір құнын,
Қайталайды ғасырлар соның жырын.
Ақ шыңдардың басында жүретұғын,
Тазалықты, мәрттікті сүйетұғын.
Қасиетті ақ Барыс менің жылым!

Желтоқсанда от шашқан дара намыс,
Мына бізден айналып барады алыс.
Барыс жылы барыстай ұлдар тусын,
Қазағыма маңдайы кере қарыс.