Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ҚАЗАҚ БАЙҒҰС, ҚАЗАҚҚА…

Іс орнына сұп - суық,
Соғысамыз сөзбенен.
Сол керек қой ысқырып.
Жат пиғылға көздеген.

Өтті жылдар азапты,
Текті ұмытып үлгердік.
Өзді өзіміз қазақты
Жамандаумен күн көрдік.

Есірткісін егуде
Жаңа дәстүр нобайсыз.
Елулікке енуге
Ұзын етек қолайсыз.

Жабысқан дерт кенедей
Қан бұзылып қайғырдық.
Өсиетті елемей
Қасиеттен айрылдық.

Даңғыр құңғыр, дайын ән,
«Жұлдыз» жасап желік көп.
Бейнет қылмай байыған
Бай- шораға еліктеп.

Ағайынға ақшалы
Керек емес мүң – зарың.
Жарты қадам баспады.
Тілді жырлап жиырма жыл.

Қарға мінез құлықты
Қыраныңнан не пайда?
Оятпаса рухты,
Ұраныңнан не пайда?

Тілек айтып өтімді,
Тәтті тілмен ораймыз.
Кешке біткен көпірді
Түнделетіп тонаймыз.

Тұлға тұтып әр кімді,
Жол таппадық жартымды.
Дініміз де әр түрлі,
Діліміз де әр түрлі.

Ата- салтқа күдікшіл,
Қорқатындай сұрынан.
Арабшыл я түрікшіл,
Қазақшыл имам құрыған.

Велосипед мінгендей
Барып келу ғарышқа.
Ойсыздығын мін көрмей
Ойы жұрттың алыста.

Шабатұғын кез бе бұл,
Жалғыз өзің тәнті етіп.
Қамшы тисе өлгенің
Көк желкеңнен сарт етіп.

Күшті екен деп сотқарға
Кім ұстатар жілікті.
Айтыспенен көкпар да,
Мафияға бірікті.

Өткенді айтып жылаймыз
Кеткенді айтып жылаймыз.
Бүгінменен ертеңді.
Сонда кімнен сұраймыз.

Ақ қараны іріктеп,
Айыра алмаған күнде азар.
Қазақшылық шылық көп,
Қазақылық кімде бар.

Анықталар таң атса,
Дедік деудей шыдайық.
Қазақ байғұс, қазаққа
Бола алмай жүр лайық.