Әселхан Қалыбекова

Туындылары


КІМ ЖАМАН?!

Осы күнде кім жаман,
Шындықты айтқан сын жаман.
Парыз-қарыз ойда жоқ,
Қайыр-мейір бойда жоқ.
Әке-шеше мойнында,
Салақтаған ұл жаман.
Ки дегенді кимесе,
Әдепті жастан түймесе,
Қанша сұлу болса да,
Қылығы теріс қыз жаман.
Өресі жетпей әр іске,
Білімі жетпей дәріске.
Оқымай алған диплом,
Ұстазбын деп жүр мың жаман.
Жай мұғалімді менсінбей,
Директор болып парамен.
Білімнің басы құздаған.

Қарыз алып өсімге,
Кезігіп қырыс кесірге.
Қарай алмай ел-жұртқа,
Қисапсыз тартқан құн жаман.
Әкім атқа мінгенде,
Параңды бер де жет деген.
Әкім аттан түскенде,
Пәлекет әрі кет деген.
Ораза, намаз ұстамай,
Иманын сатып ет жеген.
Қазымыр шалдар шын жаман.
Сор артылып батпандай,
Маңдай терің ақталмай,
Мұқтаждық қысса бұл жаман.

Жамандықтың белгісі,
Адамдық атты былғаған.
Ащы суға жұтылып,
Ар-ұятты сыпырып,
Алпыстан асқан алқаштың,
Аузынан аққан жын жаман.
Айтқан ақыл дарымай,
Ішер асқа жарымай.
Жамандығына налымай,
Харекет ешбір қылмаған.
Әруақты аздырған.
Ата салтын жазғырған,
Аңқау елді азғырған.
Арам бездей тырсиып,
Сырттан енген дін жаман.
Өкініштің жаманы,
Он екі мүшең аманда,
Құбылаға мойын бұрмаған.