Әселхан Қалыбекова

Туындылары


КИЕЛІ РУХ МЕКЕНІҢЕ ОРАЛШЫ

Бекер екен бәрін біліп біттім деу,
Бекер екен тарихымды ұқтым деу.
Бүгінгі ең өкініштің үлкені,
Алатаудай бабаң жайлы түк білмеу.

Ия, Құдай, аңыз ба бұл, елес пе,
Тылсым ғайып жетеледі көмеске.
Өз ғасырын өз иығымен көтерген,
Ылажың жоқ оны Алатау демеске.

Күнәһарлар теріс қарап зорыққан,
Тіс жаруға киесінен қорыққан.
Шежіреміз қатпар-қатпар қазына,
Қоңыраттың топырағы қорытқан.

Данышпандай ойы терең бойлаған,
Арыстандай ер тудырған ой, заман.
Табандасқан Тайшықтардың тағдыры,
Қос батпанның қолтығында ойнаған.

Өр дауысы көкті жарып саңқылдап,
Айқасқанын алып түскен алқымдап.
Бес қаруын күнге шаққан сарбаздар,
Даламыздың сәні болған жарқылдап.

Қой үстіне бозторғайлар жорғалап,
Ханы әділ елдің бағы маздамақ.
Берке науан мәрттігіне сүйсініп,
Жалғызына айналыпты Әз Ғарап.

Батырлар-ай, жауар бұлттай күркіреп,
Жасығын да асыл еткен сілкілеп.
Жеті өлшеп, «Жеті жарғы» жұпталып,
Дала заңын мойындатқан дүркіреп.

Есімі жау қалтыратар айбарлы ән,
Аңдысқанға алмас қылыш қайралған.
Алатаулап жауға шапқан сарбаздар,
Алақайлап қайта берген майданнан.

Қан төгістің басып заңмен аптығын,
Өсіп-өнді ел, тыныш тойлап шатттығын.
Шебер Алла касетасын қосты да,
Ақиқатты жайып салды нақ бүгін.

Мұрынқарақ, Қызылқарақ, Қарақтар,
Қойнауында бұғып жатыр сан ақпар.
Киелі рух мекеніңе оралшы,
Күте-күте сарғайды ғой парақтар.

Бүгін бәрін шешпесе де күш-білек,
Көп құсадан арылғандай ішкі леп.
О, Алатау батыр, сенің рухың,
Уранннан да, атомнан да күштірек.

Ей, бауырлар, ынжықтыққа бой ұрма,
Тектілік бар тебіренсең бойыңда.
Қарыныңның бөтелкемен қампайып,
Тамырыңның тарылғанын мойында.

Қатысы жоқ садаққа да, жебеге,
Сияқтымыз тілсіз көлік, кебеже.
Майдаланып кетіпті-ау деп мұңайып,
Батыр рух қарап тұр ма төбеде.

Ия, Алла, жолымызды әділ ет,
Санамызға саф рухтың дәнін ек.
Алатаудай бабасына бас иген,
Ауылымның ақ ниетін қабыл ет.

/p