Әселхан Қалыбекова

Туындылары


КЕБІНСАНДЫҚ

Жете алмай елге соққанда нәубет,
Ер бағы ұшып тайыпты жолдан.
Құдықша қазып жан-жағын кеулеп,
Аманат етіп мәйітті қойған.

Сүйегін дұшпан қорламасын деп,
Желге де сыбыр сездірмей жауып.
Тыныштық елге орнағасын тек,
Белгілі жерден әкеткен тауып.

Артындағылар бұрыла алмай,
Алынбай қалса аманат бұйым.
Жаутаңдап жатқа қарызға тұрғандай,
Ақырға дейін сұрауы қиын.

Кебінсандық деп атапты оны,
Ат қойғыш біздің бабалар шіркін.
Қазақтың кешкен азапты жолы,
Тар жерде тапқан даналар кілтін.

Заманның соғып толғақты желі,
Шығады жерді жарып көктемдер.
Осыдан кейін ойлантты мені,
Кебінсандықта қалып кеткендер.