Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ЖАС КЕЛІН ЖЫРЫ

Келіншекпін әппақ жаулық жамылған,
Енді маған жараспайды жаңылған.
Шаңырақтың тік ұстайтын еңсесін,
Мен бір алтын шегесімін қағылған.

Төмендегі орынымды білем мен,
Бір тізерлеп отырамын жүремнен.
«Барған жерде бағыңды ашсын!» деп елім,
«Тастай батып, судай сің!» деп жіберген.

Артықпын ба Баян сұлу, Жібектен,
Аттамаймын ақ бата мен тілектен.
Тағдырыңа нали берсең қыз еткен,
Жел де бізге қадалады ыз еткен.

Көргені бар жан десін деп үйінен,
Үлкендерге сәлем беріп иілем.
Кінәратсыз ізетіне келіннің,
Түксірейген тоңмойын да иіген.

Ақша жүзім тотығар да, қараяр,
Бола алмаспын ұйқы басқа жан аяр.
Тұзақ үзген тік аяқтар бар дейді,
Ұят тағы, шыдайды оған қалай ар?

Ерте тұрып есігімді ашайын,
Күліп жүріп тірлігімді жасайын.
Иә, Алла, абырой бер, сабыр бер,
Бақытымды босағадан тосайын!