Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ЖАЗМЫШЫМЫЗ ЖОҒАЛҒАН ИМАНДА ТҰР

Көктем келіп қаққанда көкті қаңғыр,
Тамырымен оянды текті тағдыр.
Мамыр қыздың бояуы көз тартсын деп,
Сәуір жігіт селкілдеп төкті жаңбыр.

Табиғаттың тырбанып нұрына әлем,
Бұлтты басып тұрғандай мініп әрең.
Қымызға тоқ қызарған қазақтардай,
Құйылып жүр мастықпен тіліме өлең.

Желбіреген жусанның жүпары аңқып,
Көк камзолдың жағасы қызыл барқыт.
Лала гүлдер түнде ұйқтап құндақталып,
Сәскеде әрең тұрады нұрға балқып.

Қуанасың көктемнің салтын көріп,
Сыбырлайды самал жел шалқып, желіп.
Қонақ күткен келіндей сызылады,
Киіп алған Кеуректер алтын бөрік.

Қоңданыпты қойнауын марқайтып қыр,
Құмның іші байлығын байқалтып тұр.
Сексеуілдер кетердей серуендеп,
Мұрынқарақ маужырап май тартып тұр.

Аяқ асты былқыған арасан көк,
Бес шоқыны қойғандай жаңа сәндеп.
Өлгендер де шығар-ау армандайтын,
Бас көтеріп бір сәтке қарасам деп.

Құдыреттің мұншама тегеуріні-ай,
Жаралыстың құпия тереңдігі-ай .
Кенжетайын көктемнің үкілепті,
Ғибрат ал дегендей шебер Құдай.

Бір күні айтып жылармыз қурайға сыр,
Уралайды бүйірден уран ғасыр.
Жүрегі жоқ обырлар жұтып қойған,
Жазмышымыз жоғалған иманда түр.