Әселхан Қалыбекова

Туындылары


ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН

Есігі тарс жабылғандай мәңгі қара тозақтың,
Аспанымда айналып тұр, аймалап тұр ғажап күн.
Бостандықтың орнайтынын бодан болып жүріп ақ,
Сезген екен Шәмшісі мен Жұмекені қазақтың.

Бұл әуенді тебіреніп Әуезов те тыңдаған,
Сүйсінгенін жасырмаған Нұрғисадай нұрлы адам.
«Менің елім, менің елім»-деп Нұрсұлтан приздент,
Әр бір сөзін жүрегінің ырғағымен шыңдаған.

Соқыр тұман ашылды да заман қалай өзгерді,
Шындық жеңіп, шынатақтай Шәмші басты безбенді.
Құлқынды емес, ұлтын сүйген ата баба жолымен,
Ұранды да, Құранды да танитұғын кез келді.

Көк байрағың желбіреп тұр, шырқа көкке Ел ұран,
Қанша боздақ құрбан болды ғаділеттің жоғынан.
Самал ескен Сарыарқада салтанатты Астана,
Құдай деген Қазақтың да тұрды желі оңынан.

Әлимсақтан Жаратқанның назарына іліндім,
Әл-Фараби түбін қазып, шамын жақты ғылымның.
Күні ертең-ақ бүкіл әлем тұнығыма тамсанып,
Мәйегінен нәр алады менің ана тілімнің.

Батыр бабам жау қайырып, көкпар шапқан, қой баққан,
Егескеннің кеудесіне көк найзасын бойлатқан.
Дүниеге бір-ақ келер алыптығын дәлелдеп,
Қажымұқан заманының бұлшық етін ойнатқан.

Бір кездері көтере алмай озбырлықтың жебесін,
Ауып кеткен бауырлардың елге бұрдық кемесін.
Көп адасып құттыхана мешітіне енгендей,
Тұс тұстан кеп, қағып жатыр бір Қазақтың шегесін.

Дінсіздіктен, мұңсыздықтан планета қатерлі,
Жанды ойламай, тәнді ойлаған тығырыққа әкелді.
Жадау сәтте жарқырады Қазақстан жұлдызы,
Елу алты ел, төраға етіп, төбесіне көтерді.

Ақыл, иман, кеңдік, теңдік бәрі бізден табылар,
Қазақ десе бас изейді халықаралық қазылар.
Ғалам жүгін көтеруге Қазақстан ұмтылды,
Арқасының жауыры әлі… Жазылмаса жазылар.

/p