Әселхан Қалыбекова

Туындылары


АЛАКӨЗ ХАНЫМ АЛА БЕРЕДІ

Директор болатындар пара береді,
Алакөз ханым ала береді.
Жалғыз емес, әрине,
Жамбаспай бастықтың жамбасына,
Сықап сала береді.
Сыбайластар сырынан дым білмеген,
Білсе де пара беріп үлгермеген,
Білімділер бір шетте қала береді.

- Ә, Жақа, - деп Алакөз ханым қиылып тұрады,
Апандай кеудесі аш мысықтай иіліп тұрады.
Оңыңыздан түйе,
Солыңыздан бие,
Соңына ерткен тай келді.
Құзырыңызға шіріген бай келді.

-Иә, ол кім?
-Кім екенін қайтеміз,
Бізге керегі пұл.
Айдауымызға жүретін құл.
Мыңдықтар сізге,
Жүздіктер бізге, қорықпаңыз,
Ешкім де түсе алмайды ізге.

-Жарайсың, Алакөзім, Алакөзім, Айка!
Дегенімен осы жолы байқа.
Байдың еті тәттісіне тәтті,
Бірақ жаңа әкімнің беті қатты.
Ана мәслихат хатшысы,
Мойнымызға қоймаса да бірдеңе білетін сықылды,
Сыртымыздан әр түрлі күңкіл-сыңқыл жүретін сықылды.

-Ой, Жақа, Жақа, қойшы е е е!
Бұл орында тұра бермейміз,
Мұндай пайданы қыла бермейміз,
Сақтансақ сақтанайық,
Есебін тауып жеп қалайық.
Бәрін өзім қатырамын,
Доллар-молларыңды судай сапырамын.
Алады дегенмен,
Мені ешкім ескермейді.
Қойын, қонышымыз кең ғой,
Ояқ-бұяғымды қол салып тексермейді ық-ха-ха-ха,
-Мұның дұрыс,
-Онда несіне тұрыс.
-Оның сауаты бар ма, тесттен өте ала ма?
-Ой, Жайқа, шаршадым ғой айта-айта-а-а-а,
Мінгеннен соң бесті,
Туралаймыз есті.
Оған тестті күні бұрын беріп қоямыз,
Жауабын компьютерге теріп қоямыз,
Жақа-а-а-а-а, ол бізге к-к-ө-ө-ө-п береді.
Тіпті түк сезбейтін наданы жақсы,
Оны менің тестім өткереді.
-Сонда ол қанша береді?
-Жай қызметкерден де жытырып жатырмыз,
Бай қызметкер қанша десең, сонша береді.

Иә, сүмеңдеген сауатсыз да директор,
Түк өнбеген жауапсыз да директор.
Құқ етпейтін қауақсыз да директор,
Отырарда бәрі бола береді,
Алакөз ханым ала береді!