Әселхан Қалыбекова

Туындылары


* * *

Жұлдыз дедік, күн дедік, жарық дедік,
Талайларды тірідей дәріптедік.
Жақсылығын асырдық ағайынның,
Ақын деген көңілшек халық па едік.
Бәрінен де шаршаған сияқтымын,
Баянсызын тұрғандай анық көріп.
Өлең жазар кез қайда баяғыдай,
Бесіктегі бейкүнә қалыпқа еніп.
Бізден де өтіп барасың, беу, дүние,
Ішімізді жаңғақтай шағып көріп.
Өз күнәсін сезе ме пенде бейбақ,
Бұрынғылар жөнелген бағытқа еріп.
Полицияға біреулер жібергендей,
Қалтамызға есірткі салып беріп.
Жан төзгісіз азапты арқалармыз,
Екі метр шұңқырда барып келіп...
Ақырымды бер Құдай құзырыңа,
Мен бір тұлып, тоқтаған ағып келіп.