Кендебай Ахат

Туындылары


АНАШЫМ

Көзелерден мұң тамып жөргегіме,
Шырмап мені кетті ме өрмегіне?
Ашпай жатып өмірдің шымылдығын,
Айналдым ба тағдырдың ермегіне?

Анашым, анашым!
Мені тастап қайда кетіп барасың?
Ақ сүтіңде барғой менің таласым.
Оны қалай қара жерге сауасың?
Анашым, анашым!
Қара жерге қалай қиып сауасың?

Қалай шыдап жүр екен қайран жүрек,
Алады ма сағынса майдан тілеп?
Қара шұнақ тағдырдың бетін қақпай,
Қайдан опа табасың, қайдан тірек?

Анашым, анашым!
Мені іздеп қашан жолға шығасың,
Қашан келіп үміт отын жағасын?
Маңдайымнан қашан сипай аласың?
Анашым, анашым!
Мені іздеп қашан енді табасың?

Жетімектің сыздатып жан жарасын,
Қатыгездер табылар тұз салатын.
От жүрекке су шашып өз қолыңмен,
Үзесің бе үміттің бір парасын?

Анашым,анашым!
Санамда сен құдіретті анасың!
Сүзіп өтпей Сайрамсудың жағасын.
Неге мені несібемнен қағасың?
Анашым, анашым!
Орындалмас арман болып барасың?!