Кендебай Ахат

Шығармашылығы


Кендебай Ахат


      Аңқылдаған жігіт ағасын мен оның жастау кезінде көргенмін. Нағашы қайнағасы ақиық ақын Сабырханмен бірге Ахаттың Жетісайдағы үйінде мейман болғаным әлі есімде. Ол бізге сол жолы өлең оқыған жоқ еді. Дәрігер жігіттің өзі ақтарылып ешнәрсесін көрсетпеген соң сыпайы қоштасып кете барғанбыз.
      Бүгін ол менің желді жетпісіме құтты болсын айта кеп «Қазығұрт» баспасынан шығып жатқан жыр жинағы жайынан да хабардар етті. Осы кітабына аздап алғы сөз жазуымды да қалайтын сияқты.
      Несі бар заманымыздың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов інімнен бата алған таланты ақын інім Әбілда Аймақтың ілтипатына бөленген Кендебай өлеңдері маған да ұнады. Бұл жігіттің бойындағы ақындық - гүлін жаңа ашып келе жатқан ақындық. Оның өлеңдеріндегі лиризмде жібектің өріміндей нәзіктік те, жас жігіттің қуатындай өршілдік те бар. Туған өлкесінің сұлу табиғатынан жаралған ақкөңіл жырлар жүрегіме жап-жақсы әсер қалдырды.
      Ақыры өлеңге келген екенсің, Кендебай, жүрегіңді ашып кел. «Ол сені өзіне құл ғып алмай құдірет ғып көтермейді». Екі жинақ шығарыпсың, мұның ішіндегі бар өлеңің менің талғамымнан шықты десем, мен өтірік айтқан болам. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Ақындық та жаза келе ашылады. Ақындықтың ұлы жолы кісіні шаршатады да. Ақындықтың барлық дегеніне көнгендер ғана оның биік шыңына шығады. Жолыңа бақыт тілеймін. Ақындықтың ауылында біріміз-бірімізге жыр кітаптарын көбірек сыйлайтын болайық, Кендебай інім. Келісті жырларды көп жаз. Асыл дүние көрінбей қалмайды.
      Арман тұлпарына мінген екенсің, асықпай алға ұмтыл. Алдағы жылдар ақындықтан мол үлес берсін саған.

Тұманбай Молдағалиев,
Қазақстанның жалық жазушысы




«Айналайын Керқұла атты Кендебайым, Кененім...»


      Айналайын,
      Керқұла атты Кендебайым, Кененім,
      Таңдап мініп алыпсың-ау жігіттіктің дөненін.
      Өзіңнің жаз көңіліңдей жайсаң екен өлеңің
      Сендей дарқан азаматтың жүрегіне сенемін.

Мұхтар Шаханов
18.01.1997 жыл




«Бисмиллаһи-әр-Раһмани-Раһим...»


      Бисмиллаһи-ір-Раһмани-әр-Раһим.
      Дендробақта жыр жазады бір ақын.
      Асқақ екен Алатаудай арманы,
      Құс жолына шуақ жалғап тұратын.

      Осында екен Асанбайдың арайы,
      Осында екен сұлулардың талайы.
      Сұлулыққа тамсанумен күн сайын,
      Ағарыпты ағамыздың самайы.

      Беу, Кендекең, кім болды екен жасында,
      Өртенген-ау найзағайға, жасынға.
      Өлең нәрін жөргегінде сіңіріп,
      Ақын болып жаралған-ау басында.

      Бисмиллаһи-ір-Раһмани-әр-Раһим.
      Асыл болсын, беу, жамағат, мұратың,
      Ағаштардың арасында жыр жазған,
      Асанбайлар, Кендебайлар шын ақын.

Әбілда Аймақ
15.08.2002 жыл
Шымкент дендробағы




ШАЙЫРДЫҢ ШЫНАЙЫЛЫҒЫ


      Майса шуақ шашып, мінәйі жымиятын жігіттің шайырлығы шынайы екенін елең еткізген әуелгі әуендерінен аңғарғанбыз. Мамандығы дәрігерлер әдебиет әлеміне келсе, әжептеуір тірлік тындырары тарихтан белгілі. «Тұранның Тұманбайы» атанған айтулы, ақиық ақын ағамыз Молдағалиев інісінің «Көгершін көңіл» атты жыр жинағына ақеділ алғы сөз арнаған еді. Кендебай Ахаттың кезекті кітабына кіріспе пікір жазарда Тұмағамыздың сол тамшы-тілектерін қайталай қарап шыққанбыз. Ағынан жарылатын аға ақын өзінен кейінгі буын саналар шайыр бауырдың өлеңдеріндегі лиризмді, жібектің өріміндей нәзіктікті, жас жігіттің қуатындай өршілдікті, туған өлкенің сұлу табиғатына деген іңкәрлікті айрықшалай атап-атап көрсетіпті.
      Тұмағаң: «Ақыры өлеңге келген екенсің, Кендебай, жүрегіңді ашып кел»,-- дейді.
      Ал әлемнің әйгілі ақыны атанған Мұхтар Шаханов Кендебайға арнаған өлеңінде: «Сендей дархан азаматтың жүрегіне сенемін»-депті.
      Көрдіңіз бе, екі дүлдүл де Кендебай ініміздің жүрегіне жол ашады. Жауапкершілік жүктейді. Салмақ артады.
      Қазақ университетіндегі (ол кезде жалғыз университет еді ғой) ұлы ұстаздарымыздың бірі әрі бірегейі Зейнолла Қабдоловтайын асыл ағамыз әдебиеттің әр сабағына кірген сайын: «Әдебиет – ардың ісі», - деп кіруші еді. Сол кісінің сөзін жандандырсақ, жыр жазбақ – жүректің жұмысы дегеніміз жөн шығар.
      Ахат Кендебайдың кезекті кітабынан біз Тұманбай көкеміз келісті көрсеткен ерекшеліктердің дами түскенін, шайыр шынайылығының шымырланы, ширай түскенін, өзі еңбек ететін. Шымкент дендробағындағы ғажайып ағаштар секілді биіктей түскенін байқадық. Алаштың абзал да абыз ардақтылары қатарынан саналар Асанбай Асқаровтың көзі секілденіп көрінер осынау бақтың белгілі жағдайларға байланысты қатты қиналып, шөліркеп, құрғап, қурап та кете жаздағаны белгілі. Ақын Кендебайдың жан-жүрегінде де сондай бір құбылыстар мен қиналыстардың жүріп жатқаны жырларынан жан-жақты аңғарылады. «Бисмиллаһи-әр-рахмани-әр-Раһим: Асыл болсын, беу, жамағат мұратың. Ағаштардың арасында жыр жазған; Асанбайлар, Кендебайлар шын ақын»,-деп Әбілда Аймақ шумақ шиырғандай, Кендебай да ақындық жүрегін ашып тастаған, қоғамның кесел-кесепаттарына дәрігерше диагноз қойып, елінің ертеңі үшін емдегісі келеді. Ағалары атап айтқан лиризмнен гөрі тіршіліктің трагизміне терең мән-мәніс бере тебіренеді. Әрине, нәзіктік, махаббат, сұлулық, тамылжыған табиғат жайындағы жырлары аз емес. «Тас дәуірде махаббат болды ма екен?», «Ағаштар сыры», «Сезім», «Муза», «Қызыл жейде» сияқты өлеңдері осы ойымызға айқын айғақ. Лирикалық кейіпкер періште құшақты аңсайды, түсінде хор қызын құшады, ояна кеткенде пенденің құшағында жатады. Келіншек талға қыз күнін сағынтады. Абайсызда етегін жел көтерген қырмызы гүлді қымсынтып қояды. Алайда аталмыш жинағында қоғамның қауіпті дерттері туралы толғаныстары басымырақ.

                  «Төр де бүгін сатулы,
                  Көр де бүгін сатулы.
                  Қорқау табыр жіліктеп,
                  Бөліп алған азулы.

                  Өнеріңді, жырыңды,
                  Не қылады жырынды.
                  Қайыршы ғып ақынды,
                  Заман солай сүрінді»,- дейді шынайы шайырымыз.
Немесе, мына шумақтарын оқыңызшы:
                  «Дөкей күйеу – атышулы атағы,
                  Шет елдерге қыз апарып сатады.
                  Шаш етектен болса керек пайдасы,
                  Туған күнін Венецияда жасады.

                  Базар ашып атшаптырым аумағы,
                  Әкім інім қатарынан қалмады.
                  Бірақ, бірақ... Қаптап жүріп теңгені,
                  Қайыршыға көз қиығын салмады».

      Кендебай Ахат ашынып айтқан аурулар, кіжініп көрсеткен кемшіліктер қоғамымызда дертіп-ақ тұр ғой. Ақынның ашық жүрегі шырыл қақпай қалай шыдайды? Қайыршылардың хал-ахуалына тікелей арналған бірнеше өлең және бар.
      Күрсінтіп отырып, күлдіріп қоятын қасиет Кендебай бауырымыздың адами мінезіне де, ақындық қолтаңбасына да жарасып тұрады:

                  «Өлшенбейтін безбенменен салмағы,
                  Қызық екен ақындардың талғамы.
                  Бақай есеп бұйырмастан бағына,
                  Ұсталмаған теңеу табу – арманы».

      Әнекиіңіз, көрдіңіз бе?! «Қорқауланған қоғамымызда», «Қылмысқа белшесінен батқан байлары басымданып бара жатқан қоғамымызда», «Қайыршыланған қоғамымызда», «Жетім қоғамымызда» ақыныңыз қанша азап шеккенімен, «ұсталмаған теңеу табуды» басты арманы санайды!
      Кітаптағы «Кісілік пен кішілік» балладасы, «Бақ пен сор» поэмасы, Әбілда Аймақпен айтысы һәм шайырымыздың шынайылығын сан қырынан танытады.
      Өмірде де, өлеңде де майса шуағыңнан, өзіндік өткірлігіңнен тайма, керқұла аттан түспе, Кендебай!

МАРХАБАТ БАЙҒҰТ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.




АҚ ТӨСІНЕ ТОЛҚЫННЫҢ АРЗУ ЖАЗДЫМ


      Ауылдың ащы алмасы...
      Жан-жағына жіті қарап үлгермей алпыс - талтүсіне аяқ басыпты. Алладиннің шамын ұстап жағардай алқынғанымен атағы дардай емес. Алтын басы аманында атақты не қылсын! Ажары қандай?
      Ахат Кендебай жаны аяулы лирик ақын. Атағымен ат үркітпейді, есесіне жаныңа жақын жайсаң.

                  Қырандарға керек емес алтын тақ,
                  Мұзарт құздан шығар даусы саңқылдап.

      Алқымы іспеген алымды. Айтары анық екен. Алып-ұша жөнелмесе де иландыра біледі.

                  Алмас қылыш – қара өлең киесі,
                  Менменсіген ханның басын алардай.

      Айтылып келген һәм айтыла бермек ақиқат. Арқа сүйері – Кәлам киесі, әр заманның қағаны мен ханы, шаһ пен падишаһы болатыны сынды ақыны мен жазушысы болатыны өмірдің өз қағидасы. Ауылдағы нарғасқа Нарағаңнан соң талай ақын келер һәм кетер. Алайда Нарағаң өз биігінде қалар, атасы - Абай һаким, ағасы маңғаз Мағжан сынды.
      Ахат – Алланың жалғыздығына куәлік эпитеті һәм көркем есімінің бірі. Ахат Кендебай да ғалам соғысынан кейінгі қазақ ауылындағы қара шаңырақтың бетіне қараған ұлы. Ат ұстары! Алланың жазуы һәм әмірі – тағдыр әліппесі. Аңқасы кепкен. Ақ боз атты Кендебай кер құласын ертегі елінде қалдырыпты.
      Ақжелең лирик. Аты да, заты да мәрт. Аманат арқалау оңай ма!

                  Жалғанға жалдап жанымды,
                  Алдыңа жайдым барымды.

      Арғымаққа мінген Кендебай, міне нағыз ақындық болмыс; қара пайым. Аян көкем Нысаналы баяғыда философиялық атрибуттарды поэзиялық денеге айналдырып жалт етті де тексеру кәмисиесінің төрағасы лауазымын сағалап кетті. Ақбозға мінген Кендебай Баратынский, Нысаналының пәлсапасына басын ауыртпай-ақ ауыл провизорының сары алтындай санасымен самаурын иығын бұрқ-сарқ селкілдете алды.
      Ауыл жақсы ғой, шіркін, нақа қадірін білгенге. Адыр пендеміз, сәл нәрсеге семіріп шыға келеміз. Абай һаким де Шыңғыстауда жатып Һете, Байронмен «сен» деп сөйлесті, Лермонт ұрқымен тең сөйлесіп қазақша тілін шығарып жіберді.
      Апорттың дәмі қалмады бұл күнде. Ащы алмалар селитра суын ішпегесін бе қайта тіл үйіре бастады. Алып Әуезов «мен қай жерде отырсам да төр» дегендей ақынның төрі – ауыл! Ақын бол, бақыл бол мейлі жарық жалғанға келген екенсің жаныңды жалдамай шалқайып көр.

                  Жаз бойы тұрған сызылып,
                  Жүрген ем соған қызығып.

      Ағаш арасын араламаса ас батпайтын Кендебай танымын, жүрек қағысын шебер шендестіреді. Астары, тұспалы емін-еркін. Айтарын жұптай біледі:

                  Желіктің қиын тарқауы,
                  Сұлулық жырдың арқауы.
                  Сезімге құштар жүректің,
                  Мүмкін бе ерте шаршауы?

      Алғаш «желігі несі?» деп аңырып ем, ішкүдігім сейілді. Ақынның бәрі пайласуф. Апылатын болып кетпегенімен «желіктің» өзін әдемі әуеске, сұлу сезімге шақтап ширыққаны шын ғанибет. Аңғалағына қарадым Кендебайдың – көзі күлетіндей. Айлакер емес, жалтармайды, көзіңе тура қарайды – жанының жайдары күлкісі.
      Алпыстамын дегенді өлеңінде жиі айтады. Албырт -- ханды да, қараны да оңайлықпен мойындамайтын тәкаппар мінез, бірақ, мойындаса қауқалақтап үстіңе түсе кетеді:

                  Қақаған қысқа төзімді,
                  Шыршаға салшы көзіңді.

      Аяқталар жері осы еді. Арындап қалыпты Кендекең. Ақырғы шумақтың мүлдем басы артық – Мұқағалидың мәшhүр «Жапырақ жүрек жас қайыңын» байқамай қайталап кеткен.
      Арынды, қызу мінез ақындарда мұндай-мұндай болып тұрады. Абзалы мұндайда кімнің ойын серік тұтқаныңды ескерту ғой.
      «Ағаштар сыры» өлеңін де тұщына оқып шықтым.

                  Бөксе тұсын жаба алмастан жүз бұрым,
                  Келіншек тал сағынады қыз күнін.
                  Көз сүрінер бір кездері міні жоқ,
                  Ұмытыппыз шыбық кезін біз бүгін.

      Ағаштың жанын тану,адамзаттың сұлуы әйелге теңеу, ересектің көкірек көзін қиыстыру. Айтары жоқ пайым-парасат. Ақыл бір күнде қонбайды, әр жаста ұшталып өзіңмен бірге есейе бермек.

                  Бағым ба әлде сорым ба,
                  Музаның жүрмін соңында.
                  Шарықтап шабыт шағала
                  Ұшып жүр тұрмай қолымда.

      Аңыраған ырғақ қайдан? Ауыз әдебиетінен. Аңқылдаған мәрт серілік кімнен? Аузын ашса көмейі көрінетін қазағуарлықтан. Ақындық тегіне, ендеше несін бас қатырайық. Аз-мұз Мұқағалиға еліктеу бар. Айып емес әрине, марғасқа Мұқағали Бодлер, Маяковский, Рождественский емес. Ана тілінен уызданған, арқа сүйеуге әбден татиды.
      Адалынан жарылған Кендебай сөз кестесін көркем шегеді:
      Жонын тіліп аспанның жасын ойнап.
      Аспандағы жасын поэтикаға таңсық емес. Алайда көктің «жонын тілген жасын» тың теңеу. Ашулы мінездің табиғи мінезін жалпақ тілде образбен ойландырып қою.

                  Алланың берген дарыны,
                  Жетімек көңіл қарымы.

      яки:

                  Тартпасы бостау тағдырдың,
                  Тізгінін тарта бастадым.

      Ақ қағазға төгілген шынайы сезім осындай оралымды болса керек. Алланың қадырына жеткен қанағатшыл пенде Кендебай.

                  Шыр етіп келіп жалғанға,
                  Құлашты сермеп арманға.
                  Тағдырмен жаға жыртысып,
                  Көнесің басқа салғанға.

      Ақын ақиқатын айта білген: «Періште болып туылып, пенде боп адам өледі».

                  Қызыл көйлек орнында қызыл жейде,
                  Қызыл жейде ішінде сұлу кеуде.
                  ...
                  Бауындағы кісінің пісіп тұрған,
                  Қызыл алма талайды қызықтырған
                  Сәске түсте бағбанды әбіржітіп,
                  Күнді мына,қарашы,шыжып тұрған...

      Ақылды да ойнақы өлең, лүп-лүп лирика. Алпысқа келдім дегені өтірік Кендекеңнің. Айыбы, әйел баласы жейде кимейді, ұзын етек көйлек киеді. Алда-жалда ұзын етекті көйлек кимегенімен мұны қазақы сөз саптау салтында әсте «жейде» демейді. Аты-заты жейденің «мужской род». Абыржып шыжыған күнде әлекке түскеніңізді жалғыз осы сөз зәк кетіре жаздаған. Арсыз ұйқы жаман. Абайсыз айтылып, орнын таппаған сөз де артық. Ақылды өлеңнің шырқын бұзған қылды қамырдан ажыратыңыз.
      Ақынды ақын, балықшыны балықшы түсінеді. Алыстан таниды.

                  Өнеріңді жырыңды,
                  Не қылады жырынды
                  Қайыршы ғып ақынды,
                  Заман солай сүрінді

      Немесе:

                  Туысыңнан кісі жоқ,
                  Басшылардың ісі көп.
                  Тұманбай көкем Ғаббаспен,
                  Шапқылап жүр «кіші боп»
(Сабырхан рухымен сырласу)

      Аза бойың қаза тұрмақ, көзкөргендер кеткен соң күніміз не болмақ?
      Аллаға мүнәжат айту, арзу айту. Айырма шаш-етектен. Арзу айту – наз-еркелік мүнәжат, тағат-ғибадат. Ақ қарға қыздың атын жазып, оның еріп кеткеніне санын ұрған Әбілда Аймақ құрдас-көкем бар. Ақ төсіне толқынның арзу жазған Кендебай Ахат келді. Ақынның пәлсапасы, әлбетте, бөлек. Анығы осы, өйткені оған керегі жалғанмен жағаласып жиған-терген тәжірибесі hәм көкірегіне түйгені.
      Аймақ пен Ахат бір тәсілге жүгініп ұқсас ой айтқанымен бұл қайталау да, еліктеу де емес. Абайлап аршыған өз шындығы, өз эпитеті.
      Аңғал бала кезіндегідей Әбілда да қарға енді ешкімнің атын жазбайды.
      Асып-таспайтын тағдырдың тезінен қылшығы қисаймай өткен Кендебай арзуын айта береді. Ара-арасында алпысқа келгенін бір ескертіп қойғанды ұмытпайды. Арыз айтып-жазғаннан әлбетте арзу айтқаны шын ғанибет. Арзу өйткені Алланың пендесіне бұйырған наз-нығметі. Айта білу үлкен өнер, жүректің қылын шерту. Арызқойлық кәзит жанрына дендей жабысты. Ара-арасында ақын-жазушы да ұшырасар. Арзу айта білген Кендебай олардан оқ бойы ілгері.
      Ақ боз атқа неге міндірдік стереотип кер құла мінуге тиістіні? Айта білетін ақындығына. Ақжелең сезімталдығына, жұмсақ жанына, кішілікті білген кісілігіне бола, әрине!
      Құмарымды қандырмай қамсыз дәурен...
      Астамшылдықтан ада бір ақын өлең есігін қағып кіріпті.Арсын-күрсінге мүлдем ұқсамайтын. Аз емес бойына жасырып келгені. Айға қол созыпты. Алақанға қондырған жүрек лүпілі лирика. Азуын жанығаннан: «Тас дәуірде махаббат болды ма екен? » дегендей риторикалық сауалын сүйрете келген. Адам баласының ақылы тастан, сүйектен, мүйізден күнкөріс қамына бола тұтыну заттарын жасауға жетіп қалғанда бәлкім әйелді де әлпештей білсе керек.
      Аяқ асты кәусар сезімге жаны ашыған Кендебай оңай-оспақ ақынға жатпайды

                  Қытайлар бүкіл әлемді,
                  Мылтықсыз жаулап алыпты.
                  Себебі ұлықтарына
                  Ақындық сезім дарыпты
      Азаматтық ерлігі, өркеуде уәжі де жетерлік екен Кендекеңнің
                  Қорқауланған заманда ойға шомып,
                  Кім оқиды, білмеймін жазғанымды?

(Ә. Аймақпен жазба айтысы)


                  Есерге ескек ұстатқан,
                  Қоғамның өзі айыпты.

(Кең дүние тарылып...)


                  Қыран емес бұлаң мінез заманда,
                  Періште боп жүру қиын адамға.

(Үкілі үміт)


      Айтары жоқ лирикалық пәлсапа, пайым-парасаттың айшығы. Алайда, бұл философиялық лирика емес. Аян көкем өзін жұрт түсінбегесін пәлсапасы құрысын деп кітап саудасын, тексеру комиссиясын қызықтап кетті емес пе.
      Ақ сөйлепсіз Кенаға, бәріміз де қам сүт емдік. Анадан періште боп туғанмен пенде боп ақымға кетеміз. Алда-жалда мінсіз боламын деу құры тыраштық. Азғыра беретін Ібіліске еру, ол шіркін де өзін оттан жаралған текті, пендеден білімдар һәм тәуапшыл санаған. Алланың пендеге сәжде ет (басыңды и) деген әмірінен бас тартамын деп жолдан шықты, қарғыс арқалады.
      Астамшылық қой жәй бәрі де. Ақындар, Сабырхан көкеңіз айтпақшы, бұл фәниге тозақтан өтіп (тоғыз ба, сегіз бе) жұмаққа жету үшін келеді. Ағалар – ашылмаған кітап, Сабырхан көкесіне Өмірсәуір бекер өкпелейді, ал сіз ақылын жаңсақ ұғыпсыз. Айтпасқа болмады мұны, үлкенге ақыл айту әбес. Алматыдан кезінде өзімді күштеп қуған ағаларыма енді алғыс айтып жүрмін; әттең көбінің көзі жоқ бүгінде.
      Алғашқыда «өзің неғып жүрсің казачьи станса Верныйда, менен несін қызғанасың?» деп жата тулағам. Анамның жалғыз қалғанын айтып осал тұсымнан ұстады, дегеніне көндірді. Ағаңыз Сабырхан ақындық жолдың ауырлығын иегімен нұсқаған. Алайда өзіңіз басқаша жорығансыз. Ақбоз мінген Кендебайдың қазығына қайта оралғаны, бойын ақындыққа түбі бір жеңдіргеніне қуанып жүрміз. Ақ жолына түсіпсіз. Алғашқы кітабыңызды өз қолыңызбен сыйладыңыз. Асықпадық пікір білдіруге, ұнай тұрғанмен «жақсы екен» деген жалпылама құптаудан әріге аспадық. Ақырын күткен ек. Алдамапсыз сол жерде. Ақындыққа келмей дәрі-дәрмегіңізді езіп іше бергенде оқырманнан, менен гөрі өзіңізге кәтта обал болар еді.
      Ақындық дауасы табылмайтын иллаһи дерт, дәрігер ретінде мұны менен артық та білерсіз.
      Ағамыздың, еркелігімізді көтерсе, шамына да тие кетелік. Артық сөз кәдеге жүрмейді:

Боғатына жүректің ұя салып

(Сезім)


      Анау Сайрамдағы ескі үйдің боғатынан «ибри» (араб) тілінде жазылған көне қолжазбаны тауып алғыш М. Мирхолдоруғли акаңа құлай сеніп кетсеңіз керек. Абайлаңыз ер-азамат та, ақын да аңғал келеді.
      1. Кез-келген, тіпті өзбек тілінің сөздігін ақтарыңыз: «ибри (иврит)- йаhуди» дейді – дүр.
      2. Боғат - төбеге жабылған қамыс пен үй қабырғасының жымын білдірмей ұрып, сылап тастағаны лай болса керек. Өзіне ыс-күйе, құрт-құмырысқа үйір келеді. Қолжазба, құжат сақтау әсте мүмкін емес тез бүлінетіндіктен.
      3. Адамның жүрегі - Алланың қолтуындысы, лай ұрып алақанымен тегістеу адамның қолынан келе қояр ма екен ?
      Артық-ауыс бірер сөзді шенедік, тұтастай өлең шумақтарына азу батырмаймыз. Айтпауға сұлу өлеңнің шырқын олақ бірер сөз бұзып тұр.

                  Орамалмен желпіді күлімсіреп
                  Ұрын келген муза қыз түн жамылып
                  Сүт сезімге беріліп түніменен
                  Ертесіне жыр жаздым күніменен,
                  Арман етіп құладым төсегіме,
                  Білегінен ұстауды шыныменен.

      Арамшөп «боғатты» құртыңыз осынау әдемі өлең жолдарынан.
      Айтары анықты жүрегі жалбызды ақын дейді-дүр. Алпысқа келгенінде, жыр жинақтары қай жасында жарық көргенінде, қай мамандық иесі екеніне қарап қалған дәнеңе де жоқ. Ауылда ма, астанада ма? Ақын қайда тұрам десе де өзі біледі.
      Арудың жасы – он сегіз! Айтылмайтын бір ақиқат бар. Ақынның жасы – он алты. Атам Қазақ қонақ деп қызды сыйлаған. Ақындар да әйел сыйлағыш. Арасында қатынжандылары да ұшырасады. Айт-айтпа ару жасына таласпайтыны осыдан.

Сәрсен Бек САХАБАТ,
Нәзір Төреғұлұлы атындағы
халықаралық сыйлықтың лауреаты.