Кендебай Ахат

Туындылары


ҚЫРАНҒА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ
(Асанбай Асқаровтың рухына)

Еңсені езген қапырық қолқаға қол сап тарылтты,
Мамырлап ұшқан ақша бұлт шүмекті аздап ағытшы...
Аспанның астын апыр-ай, қас-қағым сәтте жаулап ап,
Ғайыптан келген қара бұлт дүниені түгел жауыпты.

Жер менен көктің көбесін аяусыз сөгіп найзағай,
Мұздақ боп қатқан ақ жауын тоқтамай тұрып алғаны-ай.
Жалаңдап тілі әбжылан ұяға төніп тұрғанда,
Шарықтап ұшқан қыранның жартасқа келіп ұрғаны-ай.

Жайқалып қалған өлкенің мәуесін оған жиғызбай,
Қиянат-құйын килігіп үсікке бәрін ұрғызды-ай.
Қарайған көзі қанталап, шибөрілер анталап,
Дауылпаз құсты бас салды құлаған жерден тұрғызбай.

Жалған да жалған, жалған-ай,
Тағдырдың басқа салғаны-ай.
Екі көзі талып, төрт бөлып,
Шарасыз жасқа толғаны-ай.

Амал не, жерік болған соң, тұйғынның қасық қанына,
Қарық боп қалды абақты қыранның қайғы-зарына.
Тізеге салып армансыз тәкаппар басты ие алмай,
Тояттап жатты құзғындар тұмсығын қадап жанына.

Арман да арман, арман-ай,
Көп ойдың жерде қалғаны-ай.
Дәтке қуат екен ғой,
Арыңнан таза болғаны-ай.