Кендебай Ахат

Туындылары


ЖАЙ ӘЙЕЛ МЕН БАЙ ӘЙЕЛДІҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

– Уа, бәйбіше, есенбісің, көрінбейсін бармысың?
Барған жерің аман ба екен, өзің қалай, саумысың?
– Есеп берер, сен кім едің, о, бейшара-байғұсым,
Неге келдің мазамды алып, бірдеңеге зармысың?

– Жоқ, жеңеше, нан мен шайға жетіп тұр ғой табысым,
Біздер жоқта бала-шаға бүлдіріпті, абысын.
Сіздің ит пен біздің итті таластырып көріпті,
Біздің төбет басым кепті арпалысып жаны үшін.

Намыс буған қайындарым шыдай алмай түнеріпті,
Менің әлгі «тентегіме» жұдырықты жіберіпті.
Ара түскен қызымызды тепкілепті, шашын жұлып,
Түсіндіріп қоймасаңыз біраз жері көгеріпті.

– Ей, ақымақ, білемісің сен ол бульдогтың бағасын?
Ақшаң қайда, алып берер өліп қалса жаңасын?
«Бас жарылса – бөрік кигіз, қолы сынса – жең ішінде»
Мә, жүз доллар дәріге, таңып қойсын жарасын.

Быламыққа жарымаған дауласпаймын итіңмен,
Бір жарып қал, мынаны ал да жүрген сорлы күйпіңмен.
Ит иттігін жасағанмен бұралқыдан жиренбей,
Менің балам, қалай өзі, теңін таппай сүйкенген?

Маған намыс болғанымен, саған үлкен мәртөбе,
Он мың теңге қосып ал да шығармағын тісіңнен.
– Не деп тұрсың, неге менің намысыма тиесің?
Түсінгің де келмеді ғой болған істің жүйесін.

Иесіз қалғыр долларыңнан маңдай терім көп артық,
Өзің жаққан өз отыңа енді «қаншық» күйесің:
Әл қыла алмай «байыңның» жұртқа батқан тізесін,
Шарап ішіп, сауна қуып, көлденеңдеп жүресің.
Жарың жоқта, көк аттыға көздеріңді сүзесің,
Баяны жоқ дәулетіңнен қара наным мың артық.

Ертеңіңді ойласаң, тәртібіңді түзерсің...

– Бас ауырып тұрғанда, керегі не айқайдың,
Тыңдап тұрар зауқым жоқ пәлсафасын «сайқалдың».
Тоқтат енді, мылжыңыңнан бір стакан сыра артық,
Тапаншамды қолға алмай, есік жап та, қайқайғын!

– О, бейшара, мүсәпірім, қалің мүшкіл, байқаймын,
Жетеді екен сенің де сыздап тұрған өз қайғың.
Қой, кетейін салғыласпай, дауасызбен бекерге,
Жетегіне ілінген соң не шара бар сайтанның...