Кендебай Ахат

Туындылары


КӨКПАР

Өмір – дода, жігіт – асау арғымақ,
Тізгін үссе, ор қазсаң да қарғымақ.
Шабандоздың тақымына қысылған,
Бала күнім – көкпар болған көк лақ.

Мәре алыс, дода қызған шағына,
Шабандоздар салым салу қамында.
Сілікпесі шығып қалған көк серке,
Шыда, шыда, қақ бөлініп «қағынба».

Тартыс алда, абайлаңдар жарандар,
Айла-шарғы, басыбайлы надан бар.
Тартпа қиып, көлбей шауып алдыңнан,
Жүгеніңе жармаспасын жамандар.

Қараниет бітім емес, кек тілер,
Ілік іздеп үзеңгісін тепкілер.
Түйсіктердің қайшылығын қамшылап,
Ұпай жинар жабы мінген ептілер.

Көрсоқырдың көкірегі көк тірер,
Нысабы жоқ, үлесінен көп тілер.
Қара қылды қақ жаратын көкпарда,
Теберікке кездеседі тектілер.

Жеңіс жақын, бағың ба, жоқ, сорың ба?
Қалып қойды қанша жүйрік соңыңда.
Серке ілген арғымақтың тізгіні,
Тағдыр атты шабандоздың қолында.

Ей, шабандоз, босат енді тізгінді,
Арғымақтың еркіне бер бұл күнді.
Жануардың мықтап ұстап жалынан,
Босат енді, босат енді тізгінді...