Кендебай Ахат

Туындылары


ҚАРА ЕМЕН

Ширек ғасыр мұң кешіппін жетімдікпен алысып,
Ширек ғасыр тер кешіппін кісілікпен табысып.
Әжетіңе жарап қалар көргенімді саралап,
Енді балам, ой кешейін музаменен қауышып.

Бұл жалғанда қиын-қыстау бастан талай күн өтті,
Қайық міндім ескексіз сыбанып тастап білекті.
У жұтып жүріп қамығып, су жұтып жүріп жағаға,
Алып шықтым шығынсыз асылдан қалған шүмекті.

Қысқа жіп келмей күрмеуге басымнан сөзді асырдым,
Уытты уәжді айта алмай ішімнен тынып жасырдым.
Қисынсыз алса жағамнан өресі тарлар өңмеңдеп,
Найзағай болып күркіреп, жай болып түспей басылдым.

Аңғалдықпенен періні періште көріп ақтадым,
Жыланға кірген ақ құймай, кептерді қиып тастадым.
Тасада садақ керіліп, тұрғанда тұзақ құрулы,
Сағымға сеніп, артынан бармақты тістеп жатқаным.

Шындықты айтып шыжғырсам, пендеге ешбір жақпадым,
Жанымды менің түсінер жақыннан адам таппадым.
Музаға шағып мұңымды, кесірін сенен қақпайлап,
Томпақтау келген тағдырдың бетінен қатты қақпадым.

Атыңа шіркеу болатын кісі ақысын жемедім,
Затыңа шіркеу болатын нашарды көрсем – демедім.
Қасіретім мен бақытым бір басыма жетерлік,
Қайшылықтар тоғысында өмір сүріп келемін.

Сел болып аққан сезімді тоғандап түгел сақтадым,
Шытынап қалған көңілді түтінге ыстап қақтадым.
Қорғасын ойлар тұтқындап түнімен кірпік ілместен,
Қан-жоса болған жүректі қақ жарып саған ақтардым.

Амалсыз аңқам кепкенде күрмегі болдым күріштің,
Тұмсығы барға сендерді шоқытпау үшін тырыстым.
Отының болып жарылып, күлің боп шығып отыңнан
Қайнадым, балам, сендерге қазаны болып ырыстың.

P.S. Өтінде желдің қасқайған емен де бір күн қартаяр,
Өзегі іштен мүжіліп, желегінен нұр таяр.
Өлшеулі тұзы таусылып, құлаған кезде артында,
Қара орман боп жайқалып, алла жазса із қалар!