Кендебай Ахат

Туындылары


АЛТЫН ТОРДАҒЫ БҰЛБҰЛ

Даңғойға әкеп жарамсақ жәркей сыйлаған,
Бойына дарын, жүрекке жалын жинаған.
Бағдаршам болып құстарға көкте жанғанмен,
Бұлбұлға әттең бармақтай бақты қимаған.

«Тұйғын» деп қосқан тағдыры жарда ойнаған,
Жасынды көлбей – жапалақ ғұмыр жалғаған.
Ну орманды тамсандырған құдірет,
Бір құзғынға ой да сала алмаған.

Сауысқан шоқып, әз жанын жатса жаралап,
Ызыңдап маса инесін сұқты мазалап.
Алтын торда тұншыққан мәжнүн құстың,
Шыбын-шіркей жүйкесін түтті алалап.

Дәріптей қалса байқамай бір құс оңынан,
Қызғаныш тосты жылан боп суық жолынан.
Сайрауды қойып томаға-тұйық күй кешті,
Ата қыранның үмітін үзбей қолынан.