Дәркен Танабаев

Шығармашылығы


Дәркеннің дәнекері


Дарыны даусыз Дәркен бауырым сыпайы бауырмал мінезімен Күнгейдің әдеби ортасына тез сіңіскен лирик ақын. Балаларға арнап жазған жыр жинағы да жарық көрген. Жалпы, өз басым оның үш кітабымен таныспын. Туасы бір біріне ұқсамайтын дарынды ақындар шоғыры пайда болғанда қай әдебиет те, қай қоғам да өсу мен өрлеуге аяқ басарын біздедн бұрын бұрынғылар да айтқан. Соның растығына көзіміз жеткендей.
Біздің жазы ұзақ жақта мақамы әр қилы-жазу техникасын жетік меңгерген жалын-жүрек ақындар шоғыры қалыптасты.Көше әдебиеті баса-көктегенде апыр-ай мұның ақыры қайда апарар екен деген күдігімізді сейілтіп жіберді. Дәркен солардың бірі де бірегейі. Тым жас деу де әбес, алайда жыһазу өнеріне мейлінше ойланып келген. Бұл да бір өзін баптап дайындаған жақсы қасиет. Дәркен кешегі кемел сәциализм заманының сүт-кенже ұрпағы. Сол тұстағы әдебиеттің жақсы, озық дәстүріне тәуір үйреніп,классиканы бойына сіңірген. Отызға келгенше тобанаяқ жүріп ертерек танылмауынга басты себеп оның Қазақ политехникалық институтын бітіріп, өз мамандығынан қол үзбей жүрген жұмыс бастылығында болса керек.
Сабақты ине сәтімен, ХХ ғасырдың аяғында 1999 жылы «Жібек жолы» баспасыднан тұңғыш жинағы жарық көрген. «Қызға ғашық жүрегім»деген атауы китайский бояудай бетке шапшып тұр.

Ең дауасы үйлен деді ағам да,
Оңай тиіп жүрген де жоқ маған да.

Мұңайып үнсіз есіңе ал,
Сүйіскен жерді менімен.

Елес боп есте қаларсыз,
Аман бол сол бір қара қыз.

Кәдуілгі махаббат хикаясы. Бізгедейін болған, әлі де бар, бола беретін. Кіршіксіз жан тазалығы. Жастық өмірден жиған-терген бар багажы. Жас Вертер – Дәркеннің басынан кешіргендері. Эрудиция да бітімі де бойына жасырынулы. Жастық та, жан сұлулығы да зор байлық, дер кезінде танып-бағаламасаң өмірі ұстатпай қолыңнан сусып кете беретін. Жаны тазадан жақсылық күтуге болады. Демек, Дәркен өзіне сенуге болатынын алғашқы кітабынан жастай байқатыпты. Ақынның бәрі тап осылай бастайды, кім қалай жырлайтыныв мәдени зердесіне байланысты. Біразы өмір көрдім-таныдым дегендей пәлен градусқа жалт береді. Сері боп селтеңдепөзіндік пәлсапа түйеді. Сергектер ғана бастапқы тұғырынан таймайды.

Саусағыңмен айқасқанда саусағым,
Бір өзіңе сенетінін айтпады ма қалқам-ау.

Міне, Дәркеннің әлгі ой жоруымызға жауабы, өмірлік тұғыры. Бекзат Қуандық Шаңғытбаев, Ләйләнің жыршысы Жұматай. Сөйлемдері қарадпайым, сөз саптауы қазақы мәдениетте ойланатын, мәдениетті жазатын жас бекзат, Дәркен Танабай. Шынайы қарапайым осындай болса керек. Қарабайырды өз басым қарапайым демеймін. Мұндайғаұшып-қонып, салып-ұрып бірер жылда жете алмайсың. Жан қинау, маңдай тер шылап еңбектену керек. Махаббат тақырыэбы құтқармайтын мәңгілік. Алайда «қызбен кім жүрмейді, қымызды кім ішпейді» дегендей оңай оспақемес. Асықтық – зердені, кісілікті қалыатастыратынөмір мектеьбі, әркімнің тәлім-тәрбиесіне, ішкі түйсігіне дегендей дайындық деңгейі де әрқилы.
Білімнің, осы күнге сәнге айналған екі-үш дипломның бұл жерге қатысы жоқ. Басқа, бөлек әңгіме.Зерде мен білім екеуі туабітті бақас бәкелес. Бастысы білім көпке ортақ жалпы, ал жалғызілікті зерде-жалқы. Танып-білуге қиындығы осында – пәлcападан гөрі психологиялық ілкімдестікте.
Кітабының атауын ілмелеп ем. Шынысы, жеке өлеңге, циклға, тіпті бөлімге жарасқанымен тұтас кітапқа қол болмапты. ...Дәркен өз мақамымен тақырыпты әдемі алып шыққан. Нәзік көңілді. Бұл кітапта, жалпы кезкелген жаста пәлсапа жоқ, есесіне шым-шытырық педагогикалық ащы-тұщы қуаныш-күйзеліс, сағыныш естелік. Ата-анасының, туып-өскен елінен үйренген адамтанудың кісілікті әліппесі бар.
Осыдан соң «Ана-Жер-ана» (2001), «Қазығұрт» (2003), «Таңғы шуақ» (2010) жинақтары тіркес жарық көрген.
Дәркенмен таныстығым бертін «Таңғы шуақ» жинағынан басталған. …Сосын «Мәуелі бақ» сыйлады. Тұңғыш кітабы қолыма ең соңынан тиді. ...Махаббат лирикасында тбізде үстірт көзқарас қалыптасқанын қыз-келіншектер поэзиясы санайтынын айтпақ ләзім.Баяғының пролеткульт заманында Бедный, Маяковскийлері алға шығып өлең саяси памфлет, очерк стилінде жазыла бастағанда махаббат лирикасын семинаристканың сентиментализміне итере жығып орға құлаттық.Содан әлі айыға қоймадық.Бұл аздай махаббат революциясы-хэппи-энд заманында «ай лаб ю». Николай Басковқа еліктеп тыңдарман оқырманға «я вас люблю» деп қылымсығанды сәнге айналдырды. Жығылған үстіне жұдырық. Махаббат бәдік өлеңге, құмар ойынына айналды. Қазекем баласына анасын, Һалал жарын, ұл-қызын сүйіп, қалған елге «сіздерді жақсы көремін» десе жетіп жатыр. Әдептен озып кеттік.
Дәркен әдептен озбапты, сыйды басын көтере жығылыпты. Осыған шын сүйсіндік.

Сәрсенбек Сахабат





Жыр арқауы-киелі Қазығұрт


Жерлесіміз, әңгіраталық Дәркен Танабаевтың мамандығы-мұнайшы.Қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытында қызмет істейді.Қолы қалт еткенде, өлең жазады. ...«Қазығұрт» деп аталатын жинағы негізгі арқауы-өзі туып өскен киелі Қазығұрт туралы ежелден ел арасында тараған аңыз әңгімелер мен шежірелердің сырына үңіліп, қасиетті тауды өздеріне рухани азық еткен,есімдері әлемге әйгілі түркі, қазаққа ортақ тұлғалар туралы ой толғамдарымен , сол арқылы атажұртқа деген перзенттік сағынышын білдіруі.
Көне Қазығұрт тарихы жайлы аңыздарды жақсы білетін көкірегі ояу, санасы түрік көнекөз қариялардың қатары бүгінде сиреп барады. Дегенмен, зерделі жас ақын балалық шағында әкесі мен ауылдағы құймақұлақ қариялардың әңгімелерін зердесіне тоқып, жаттап өсіпті. Соны жыр тілімен әсерлі жеткізе біліпті.
Жинақты оқу арқылы оқырман киелі Қазығұрттың тұнған тарихынан мол мағлұматтар алып, даңқын асырған перзенттерін, туған жерді сүюге, құрметтеуге, ұлттық болмысымызды тануға және оны қорғауға үйренеді. Жас ақынның өзгеге ұқсамайтындығы сол, ел аузында айтылып жүрген аңыздарды құр баяндамай оны тың ойлармен, жаңа ізденістермен толықтырып, жаңаша қорытады.
Кітапқа үш поэмасы, бір ертегісі және бірнеше циклды өлеңдері енген.
«Қазығұрт» поэмасына қасиетті тау жайлы ежелден айтылып келе жатқан аңызды желі етіп, оны бүгінгі өмірмен байланыстырады. Бұл әсіресе қазіргі замандағы елімізге ғаламдық, ақпарат ағыны қаптап, батыстан қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа, өктемдікке бағытталған хабарлар мен телеарналардан ауызданған жас ұрпақтың туған топырағы туралы шынайы мәлімет алып, санасының тазаруына мүмкіндік жасайды. Өз халқының арихын тануға жетелейді.

Шытырманды көп айтатын аңызым,
Түсіндірсем деймін саған маңызын.
Бір сергіп таза ауасын жұтқан соң,
Қазығұрттың айтам талай аңызын, -
дейді поэма кіріспесінде.

Поэмадағы «Қазығұрттың басы неге айыр», «Кемедегі хикая», «Шілтер ата», «Әңгір ата», «Көзді ата». «Жыланбұзған» тарауларындағы қарт Қазығұрттың мыңдаған жылдар бойы бүгіп жатқан құпиясын ашып, оны көркем тілмен айшықтайды.
Шежірелі тау туралы толғанып,ақын неге тіршілік иелері Алланың қаһарына ұшырады, неге жер бетін топан топан су қаптады? -деп сауалдар қойып,толғамды ой сабақтайды, ойын бүгінгі ұрпақ одан қорытынды шығаруы мкерек деп тұжырымдайды.
...Көне Қазығұрт өңірінен талай ұрпақ түлеп ұшқан, елінің даңқын шығаруға үлес қосқан. Солардың біразы ақын дастанына өзек болған. Олар-ғұлама ғалым Әл-Фараби, Асан Қайғы, Төле би, Бәйдібек баба т.б. Олар әрдайым Қазығұртқа табынып, оның абыройын асқақтатып отырған. Туған жерден бата алып, алыс сапарларға аттанған. Әл-Фараби ғылым-білім жолына сапарға шығар алдында Қазығұрттың бір уыс топырағын алып:

Топырағыңды үлкен жолға алайын,
Ырым қылып, тұмар етіп тағайын.
Келерім хақ, күтші мені Қазығұрт.
Оралғанша қош аман бол, ағайын, -
деп сиынады. Елінің аманатын ақтауға серт береді.

...«Қарлығаш би» өлеңінде тарихтан бізге жеткен аңызды сөз етіп, кеңестік кезеңдегі әпербақандық саясатқа өз көзқарасын білдіріп, жұртқа ой салады. Әбден асып-тасқан бір бастықтың әмірімен Қарлығаш бидің күмбезін бұздырып, комбинат салдырмақ болған жосықсыз әрекетін баяндайды. Құрылысшылар осында ұя салған қарлығаштардың қарсылығына тап болып, бассыздықты тоқтатуға мәжбүр болады. Яғни, аруақтарға тас атпау керектігін, әйтпесе киесіне ұшырайсың деген ойды жас ұрпақ зерденсіне құяды.
«Темірлан» өлеңінде жарты әлемді билеген Ақсақ темірдің өмірінің соңы сипатталады. Темірланға келіп, нөкерлерімен қасқыр аулауға шығуы, осында өткен өміріне көз жіберіп, жіберген қателігін түсініп, тобаға келуі, адамзат алдындағы кінәсінен арылу үшін Қожа Ахмет Яссауиге кесене салу оқиғасы жырланады.
Біраз өлеңдері Тараздың арғы-бергі тарихына арналған. Бір кезде тоғыз жолдың торабы болған, сауданың, мәдениеттің білімнің ошағына айналған қаланың қилы тарихы, оның құлдырауы ұтымды берілген. Одан келер ұрпақтың сабақ алуы, аңқау болмауы, бірлікте болуы керектігі, әйтпесе, қол жеткен биіктен оңай айырыласың деген ой түйіндейді.
Дәркеннің бұл үшінші кітабы екен. Жинағын оқи отырып, поэзия айдынына үлкен дайындықпен келгенін, әсіресе күрделі эпикалық жанрда жазуға икемді екенін аңғартады. Ақын оқиға құруға шебер, поэзияның көркемдік тәсілін тәуір меңгерген. Кітаптың тілі жатық, шұрайлы, түсінікті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым, ақынжанды әкесі Өміртай Танабаевтың жолын қуып, ақындық жолына түсіпті.Жүрек әмірімен таңдаған ауыр да қиын жолда жас ақынға шығармашылық табыс тілейміз.

Көшкінбай Елікбаев





Дәркен-лирик ақын


...Дәркен Танабаев өлеңдерін оқи отырып, лирик ақынмен танысқаныма қуандым. Ол:

«Сыр тартайын тарихтың беттерінен,
Түп тамырым нәр алған көкбөріден.
Нұһ пайғамбар кемесі тоқтап қалған,
Туған жерім Қазығұрт бөктерінен.
Ырыс-құтын себелер жауынымыз,
Қобыз күйін шертеді дауылымыз.
Қыдырлардың мекені Ғайып Ерен,
Қырық Шілтенмен
Бір қонған ауылымыз», -
деп туған ауылын, кіндік қаны тамған өңірін жырына арқау етеді. Тағы бірде:

«Қазғұртым қара нардың
Қос өркеші секілді:
Қос өркеші жер ананың
қос кеудесі секілді»... -
деп толғанады. Айтары жоқ, әдемі теңеу!

Бәріміздің шыққан жеріміз ауыл. Ақынның туған жеріне арналған жырларын оқи отырып: борпылдақ топырақты кешіп, тау-тасқа табаныңды тілдіріп қозы баққан, шарқ ұрып тары қорыған кездерің есіңе түседі... Асық, шілдік ойнаған, қозықұйрық теріп, көкорай шалғынына аунаған, өзеніне шомылып, балығын аулаған балдәуренді сағынасың... Делебең қозып, жүрегің шымырлап атқа қонып шапқың келеді... Қиялыңа қанат бітіп, көгіңде қырандай қалқығың келеді... Сарқыраған өзеннің, сыбдыраған құрақтың, сылдыраған бұлақтың үні естілгендей болады... Тіпті, меңіреу далаға тіл бітіп, жайдақ белдерге, бедеу қырларға үн бітіп-сені өзіңе шақыратындай күй кешесің...
Көктем туралы жыр жазбаған, оны аңсамаған ақын жоқ шығар, сірә... Дәркен ақын да көктемді жып- жинақы етіп былайша суреттейді.

«Күркіреп бұлттар өткенде,
Ақ жауын селдеп төккенде.
Көк майса дала жамылып,
Сағынып құстар жеткенде.
Қызғалдақ толы бөктерге,
Оралсам мен де көктемге..»

Ал мына бір өлеңі жастық шаққа деген сағыныш көңіліңді аласапыран күйге бөлейді.

«Өткен күндер оралмайды қарасам,
Бүршік атып гүлге оранды дала сан.
Алтын тұсау аяғыма салғалы,
Тоғыз көктем жүзі өтіпті санасам.
Беу, шіркін-ай!..
Жастық шаққа оралсаң...»

Лирик ақын жігітім табиғат пен ақын мінезінің ұқсастығын, бұған қоса өмірдің жалғандығын, әр көктемнің өзіндік орны барын мына өлең шумақтарымен өрнектеген.

«Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң,
Шымқаладан мезі болып, ауырдым.
Қайдасың деп, Қазығұртқа тартып ем,
Рахаты-ай! Рахатын-ай ауылдың!
Төркіндетіп қуанып жүр көктем кеп,
Жоталар да, сайлары да көкпеңбек...»

... «Бармақтай бақтың бағасын,
Түсінбес құнын кей кісі!?
Бақытың кетсе басыңнан,
Қонады келіп қайғысы»,- дейді.

Айтары жоқ... Өмірдің өзегінен суырып алғандай шымырлаған шындық. Адам баласын терең ойға шомдыратын фәлсапа, ақынның махаббат тақырыбына жазған өлеңдері де кісіні бей-жай қалдырмайды. Оның Төлеген болып шарқ ұрып Жібегін іздегені, Мәжнүн болып Ләйліге сүйіспеншілік назы,мұңы көңілге қонымды. Шынайы сезімін Фархат болып та сездіретін тұстары бар:

«Қара түндей бұрымыңды,
Қиялымда тарқаттым.
Келші жаным,Шырын болып,
Мен аңсаған Фархатпын»,- дейді.

Шынайы сезіммен жазылған шумақтар! Ақынның өмір бойы сұлулыққа сүйсініп,ғашық болып, өз қиялымен сомдап алған «Музасын» аңсап өтуі жазылмаған заңдылық. Ақынның жүрегі қоғамның барометрі болса, ақын жүрегінің соғысына бағдар беретін компасы – Муза. Ақынның аяғына тұсау салуға болатын шығар, бірақ жүрегіне салуға болмайды. Сезіміне,қиялына,еркін ойлау қабілетіне шектеу қойған күні оның ақындық қасиеті де жоғалмақ...
Дәркеннің «Бөрі ана» атты аңыздың желісімен жазылған поэмасындағы «Бөрінің жоқтауы» да нанымды берілген:

«Бөлтіріктерімді қайда деп,
Көк тәңірден сұраймын.
Рахымы түссе айтар деп,
Аспанға ұлып жылаймын»,- немесе:

«Жаныма жара салғанның,
Алдына ісін келтірем.
Күшіктерімді алғанның
Әулетін түгел өлтірем»,- деп кектенеді.

Қанды қырғыннан аман қалған, жаралы сәбидің жарасын жалап, аналық мейірімі оянып, сүт кернеген емшектерін емізіп бәйек болғанын:

«Қайғырған кекті мұңымен,
Жібітті сәби жанары.
Қорған боп бөрі түнімен,
Жарасын ептеп жалады»,- деп суреттейді.

Бүгінде өз баласынан өзі жеріп,құйтақандай сәбиін көшеге тастап кетіп жатқан қатал қоғамда, бөлтіріктерін алған адамдарға кектенсе де, адамнан туған қорғансыз сәбиге бөрінің қамқорлық жасағаны сенімсіздеу көрінсе де, тәрбиелік мәнін жоғалтпайды.
Баланың өсу кезеңінен хабар бере келіп:

«Тағдырдың жүрді жолымен,
Өткен соң күндер ағылып.
Жігіт боп өсті Көкбөрі,
Кешсе де ғұмыр тағылық»,- дейді.

Жемтік іздеп шыққан Көкбөрінің бұлақтан су алуға келген сұлу қызды көрген сәтін:

«Жүрегін кетті от қарып,
Сезімге бойы шырмалып,
Дауыстай жаздап Көкбөрі,
Көзімен салды шығарып»,- деп ғашықтық сезімге берілген, бөріше ұлығанымен адам екенін сезінген сәті суреттеледі.

Баяғы бөрінің бөлтіріктерін, ауылды қырғынға ұшыратқан жау қайта шапқанда, қолбасшысы:

«Құрығым менің ұзынды,
Шапқанмын талай даласын.
Анау бір нәзік қызыңды,
Қойныма қақпас саласың»,- деп қыздың әкесіне дөң айбат көрсетеді. Оның айтқанына көнбеске әкесінің шарасы болмайды, бірақ жауыздың да ойлағаны іске аспайды:

«Бөрі ана келіп жетті енді,
Жауызды жайпап матауға.
Көкбөрі кіріп кеткенді,
Қыз кірген үлкен отауға

Қандырмақ нәпсі құмарды,
Қолбасы соны тұрды ойлап
Умаждап әлгі тұмарды,
Шыққан соң салмақ жын ойнақ.

Далада тойлап қол жатыр,
Ешкім де сырын ұқпады.
Кіргенмен үйге қолбасы,
Далаға қайтып шықпады.

* * *
Жұмбаққа мына қаралық,
Кетіпті біреу пышақтап.
Көздері ашық аларып,
Өз басын жатыр құшақтап».

Немесе:

«... Көкбөрі сұлуы қасында,
Асыпты таудың шыңынан.
Жалаңаш құздың басында,
Бөрі ана отыр ұлыған»,- деп оқырманның ойын сонау ертедегі ғұңдар мен сақтар дәуіріне жетелейді.

Жалпы алғанда, Дәркен ініміз қаламы қарымды лирик ақын. Астана, Алматы қалаларының жырқұмар қауымына біршама таныс болғанымен, өзіміз осы күнге дейін бұл жігіттің өнерінен бейхабар болып келіппіз. Оған өзінің кішіпейілдігі де себепкер болған-ау, шамасы. Ғажабы мен азабы қатарласқан ақындық жолды таңдаған сыршыл ініміздің жазары таусылмай, тамыры тереңнен тартар шынайы да сырлы, жемісті жырлары молая бергей.

Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Көшкінбай Елікбаев