Шілтерханов Әдіһам

Туындылары


Күрең Айғыр.

Намаздыгерде Сабырбек келді. Майданнан аман қайтқан, ауылдағы санаулы құрдасымның бірі, бірі жақсы киініп, соғыста алған орден, медальдарын тағып алыпты.
- «Алпыста – тұсау, жетпісте аяққа шідер түсіп, сексенде арқандалған аттай боласың», - деуші еді ілгері өткен қариялар. Сол рас екен. Жүріс – тұрыс бұрынғыдай емес. Арқандалған аттаймыз, үйден ұзап шықпаймыз. Көптен бері келмей кеттің деп сөкпе. Бәріне кінәлі, - деп жатыр.
- Батырым – ау, «қартайып кетіпсің» - деп мені кемпірімнің алдында кеміте сөйлеп, өзіңді жігіттердің санатына қосып қоюшы едің. Не болды саған? Кіргеннен қарттығыңды айта келдің, - деп күлдім.
- Шынымды айтайын ба?
- Айт.
- Арманды қуып жүргенде,
Жылдарым етті асқарлы.
Сәлем берген елпектеп
Танымай қалам жастарды.
Батыл – ақ еді бұл жүрек
Білмеймін неден жасқанды?
Дір етеді кей кейде
Сұлуларға шашбаулы.
Бұлағы кеуіп өмірдің,
Арнасында тас қалды.
Күйбеңі көп әйтеуір
Әбігер күндер басталды.
Кемпір де кейде күңкілдеп
Сөз айтып қалад астарлы, - деп тақтақтай жөнелді.
- Бәрекелді, Сәке. Уақытқа өкім жүрмейді. Сексенге келдің. Қарттықты мойындаған да тәуір.
- Бәрі рас, көрініп тұрған қарттықты қалайша мойындамаймын? Жас – тәуекелшіл, қарт – тәубешіл. Құдайдың көрсеткеніне мың шүкір, шүкір, шүкір, - деп сақалын бір тұтам қойды.
- Әдеке, келген шаруамды да айта отырайын. Ертең жексенбі. Балаларың бос болатын шығар. Біреуі шаршатпайтын тәуір мәшинемен теріскейдегі Бабатүкті Шашты Әзізге апарып қайтсын. Жарықтық Әулиенің басына барып, құран оқып, әруағынан ризалық алайын, өзің де ибірге жүр, - деді.
Келістік.
Таңертең ертелеп жолға шықтық.
Қазіргі заманның жүрек мәшинесіне межемізге небәрі екі сағатта жеткізді. Шаршаған жоқпыз. Әулиенің қасында, Жылыбұлақтың басында отырмыз.Құран оқылды. Артта қалған азапты жылдар ойға оралды.
- Осыдан 46 жыл бұрын Шаянның Алмалысынаносы жерге арада төрт қонып, әрең жетіп едік, - деймін.
- Екі арада онша қашық емес қой, - дейді балам таңырқап.
«Қаратаудан қабағы
Кейде жабық, кейдбе ашық
Боран бар үйінде
Отыра ма шын ғашық?!» Әдеке, ол кезде сенің де жігіт шағың. Сайрандаған шығарсың. Сендей сері жігіт он күнде жеттім де сенем, - деді Сабырбек әзілдеп.
- Бүгінде адамдардың қалтасында ұялы телефон. Астында жүрдек мәшине. Алыстау сапарға шықса, ұшақтың неше түрі дайын. Сонау Арқадағы Астанаға таңертең кетіп, кешке қайтып оралады. Дамып, өзгеріп, жаңарып жатқан дүние. Біздің ол кездегі тыныс тірлігімізді қазіргілер түсіне қоя ма? Сұрап қоймадыңдар ғой, айтсам айтайын, - дедім. Жиналысы көп әйгілі Хрущевтың заманы. Қақаған қыста Созақтың барлық басшысын Шымқалаға жиынға шақырыпты. Қар қалың. Арыстанды- Қарабастың желі ұрып тұр. Он шақты адам мәшинесімен Одаманның тұсында не ілгері, не кейін жүре алмай, қар құрсауында қалып қойыпты. Бір тәулік далада түнепті. Екінші күні көмекке трактор келіп,ғ жоннан өткізіп жіберіпті.
Шымкентте келсе, жиналыс енді басталған екен. Үстерінде тон, құлақшын, тымақтарын басып киген, жағаларына мұз қатқан, беті – қолы домбығып, қарайып кеткен бәрі саудырап залға кіргенде, жылы жерде шешініп отырғандар «ой мүсәпірлер – ай» - деп күліп жіберіпті. Сонда созақтықтардың біреуі: «Күлесіңдер - ә, күліңдер. Ал, Қаратау күліп тұрған жоқ» - деген екен. Сол айтқандай, Қаратаудың қабағы кейде ашылса, кейде түнеріңкі.
Ілгеріде осы таудың күнгейіндегі Өлікті даласын мекендеген аталарымыз: «Жауын Алатауға бес жауғанда, Қаратауда бір жауады. Қаратауға үш жауғанда, етектегі елге бір – ақ жауады» - деп отыратын. 1959 – дың Доңыз жылында жауын - шашын әдеттегі дағдысынан қатты ауытқыды. Қыс бар қаһарын Қаратауға төкті. Желтоқсанда түсе бастаған қар наурызға дейін бір толастамай, үсті – үстіне жамала берді. Аязы да едәуір. Тау өңіріндегілердің барлық малы қолға қарады. Ол кезде ұжымшардың уақ малы Мойынқұмда қыстайтын. Көктем шыға кері оралып, тау қойнауындағы қораларында беттейтін. Төл қорада алынатын. Сол жылы көктем таянып қалғанымен, Күннің қабағы ашылмады. Қардың да көбесі сөгілмеді. Құмнан көтеріле көшіп, Қаратау жондарынан аса алмай, әре – сәреде қалған отарлар жұтай бастады.
Ұжымшарда партия комитетінің хатшысымын. Төраға аяғын сындырып – емханада. Бар жұмыс тізгіні менің қолымда. Дұрыс шешім қабылдап, жедел жәрдем ету үшін – жағдайды көзбен көру керек. Тәуір деген аттарды таңдап мініп, оғыз жігіт Мойынқұмға беттедік. Жолбасшымыз – Зайыр. Алпыстың үстіне шыққанымен, әлі қуаты қайтпаған, ширақ. Қаратаудан қыста да, жаз да сан рет асып жүрген, жерді де, жолды, елді де жете білетін кісі. Малдың қайтар жолында гүрді ауылкөп болғандықтан, Мұстафа ақсақалды да «туысқаныңдарды көріп қайтасың» - деп ерте шыққанбыз. Өзі өңірдегі гүрді ағайындардың көшбасшыларының бірі. Өте беделді қария.
Қар қалың. Із түспеген. Жобасынан жаңылмай, Зекең сенімді бастап келеді. Мұндайда ат бірінің ізін бірі басқанды ұнатады екен. Топтанбай, жігіттер шұбатылып келеді. Үрінділер жиі – жиі ұшырайды. Ондай жерде бауырына қар тиген ат омбылайды. Зайырдың астындағы Қаракөк те, мен мінген Ақкекіл де қабырғалы, қайратты жылқы. Екеуміз кезектесе жол саламыз. Көсегенің көк жонының етегінде отырған «Буденный» ауылына жарық барда жетсек дейміз. Қараңғының өз қатары бар. Үріндімен тегістелген сай – саланың біріне түсіп кетсек, шыға алмасымыз анық. Түс ауа «Майбұлақтың» үстінен өттік. Бірақ, аялдамадық. Ат үстінде тамақтандық. Бәрімізде де ер басына ілінген дорбада піскен ет, сүр құйрық, таба нан бар. Кездікпен кесіп жеп, жолымызды жалғастыра бердік. Майбұлақтан өткен соң, қар бұрынғыдан да қалыңдады. Күн ашық. Ақ қарға шағылысқан сәуле көзге ұрады. Жолаушының мұраты – жету. Жүрісті мейлінше тездету әрекетіндеміз. Еш жерге аялдамай, күн бата «Буденныйға» жеттік – ау, әйтеуір. Ұжымшар бастығы Әмиттің үйіне түстік. Әмит гүрді болғанымен, қазақша мінсіз сөйлейді. Ер көңілді, меймандос, жайсаң жігіт екен. Бір қойын сойып, құдасындай күтті. Бір жігітіміз қар қарық алып, екі көзі қызарып кетті. Таңертең көзінің айналасы домбыға ісіп, қызылы қанталай қоюланып, ештеңе көрмей қалды. Құрым киіз алдырып, Зәкең бәрімізге ортасы тесік көз әйнек кесіп берді. Әмит мұндай ашық күндерде өздерінің шопандары құрым киізден көз әйнек киетінін айтты.
Мысырдағы ежелгі фараондар заманы әйелдерінің суреттерінен көздерін қаракөкпен сүрмелегенін көріп ем. Ол өлкеде де Күн көзінің қуаты мол ғой. Әсте көз айналасын қаракөкпен сүрмелеу тек әсемдік емес, қажеттіліктен де туындаған – ау. Мұнда қаһарлы қыста күннің ашылуы армандай, көбіне көңіл қуантатын жай емес пе? Жерді тұтас қар басқанда, ашық күннің де өз қатері барын енді білдім. Үй иесі біздің алдымызда «Ақтас» ұжымшарының біз сияқты құмға кетіп бара жатқан жігіттері де осы үйге қонып, таңертең аттанғанын айтты. Шәй үстінде Мұстафа:
- Қарағым Әмит, жұтқа ұшырап, азып – тозып келе жатқан біздің мал – жан осы сенің аулыныңның үстінен өтеді. Оларға не көмегің болады? Соны айт, - деді.
- Барымызбен бөлісеміз, үш – төнрт қораны бірер күн қой түнеуге босатып берерміз. Трактор, автомәшинелеріңді жағар – жанар майдан тарықтырмаймыз. Мініс аттарға аздап жем бере аламыз. Қойға жайылымнан өзге ұсынарымыз жоқ. Шөп жағы бізде де тақ – тұқ. Өзіміз де қатты қиналып отырмыз, - деді.
Әмиттен Құмға асатын жол жағдайын сұрап едік, көңіл қуантатындай ештеңе дей алмады. Кеше «Түркістан» кеңшарына қарай жолға шыққан жігіттер белден аса алмай, қатты әбіржіп, беті қолдары домбығып, ауылға қайта орлапты.
- Ал, біз қайта орала алмаймыз, - дедім Әмитке әзіл – деп.
- Аттарың жарамды, киімдерің жылы, тәуекел дейсіңдер де, қорықпаңдар, - деді көңілімізге үміт ұялатып.
- Ауылдан шығарда әр атқа екі пұттан арпа бөктеріп алғанбыз. Қонаға сол арпадан жем бердік. Шөп тауып бер деуге отағасына аузымыз бармады. Жолаушының өзін тойғызбаса да, атын тойдыратын қазақ салтын Әмит жақсы білетін жақсы білетін сыңайлы. Таң ата жан – жағындағы үйлерге біреулерді жіберіп, кейбіреуін шақырып сөйлесіп жатты. Бір, қарасақ азғантайдан көкпенбек жоңышқаны қолтыққа қысқан кемпір - шал, қатын – бала ағыла бастады. «Көп түкірсе – көл». Аттарға едәуір шөп салынды. Бір күн нәр татпаған, оның үстіне жол жүрген, түнде аяз қысқан айғырлар, быіз шайланнып болғанша, алдындағысын әп – сәтте жеп тастады. « Буденный» мен «Түркістан » ұжымшарының арасы атты кісіге жайшылықта бірер сағаттық қана жер. Жүрер бағытымыз теріскейден аса соққан желге көлденең емес, көлбей жатқандықтан, үрінді қар жол сілемін қуалай басыпта. Кешегі іздің көбі жабылып қалған. Айғырларды бірер рет қамшының астын алып, қалың қарды бұзып өте бастадық. Алдыңғы атты әр қырық – елу метрде ауыстырамыз. Қарсы соққан желдің екпіні қатты. Өмілдіріксіз ер – тоқымды адамымен қоса сырып жіберген соң тартпасын қатайта қайта тарттық. Олда оңай емес. Тартпасы босаған ерді жел қалай болса солай аттың үстінен жұлып әкетеді. Сағатына бір шақырымдай ғана ілгерілейміз. Не керек, ұжымшар орталығына кештете әрең жеттік. Гараж меңгерушісі Үсен дейтін гүрді жігітінің үйіне түстік. Жон етегінде отырған елдің ахуалын көріп – біліп келеміз. Аттың шөбін сөз етпедік. Бір – бір ат дорба арпа жегізіп, ерін алып, тоқымын қалдырып, байлай салдық.
Біздің малдың қайтар жолында осы ұжымшардың Үшбас бөлімшесі жатыр. Бастығы гүрді жігіті. Түнде Мұстафа оны да алдыртты. Әмит сияқты ол да қазақ салтқа берік, ер көңілді жігіт екен. Жылда әрі – бері құм асып жүрген біздің елдің бірқатар шопаны мен мал мамандарын таниды екен. Қиыны- шөп. Басқасының бәрінен жәрдемсетінін айтты:
- Қыс қаһарын өзіміз де бастан кешіріп отырмыз. Күнделікті көріптое жүрміз. Шопандардың бірлі – жарым үсік шалғанына, суық тигізіп алғандарына таңертең дәрі – дәрмек әперейік. Соны ала кетіңдер, - деп, жанашырлық танытты. Онысына қатты риза болдық.
Таңертең осы жерден Мұстафаны елге қайтардық. Көзін қар қарыққа қалдырған жігітті «Буденныйға» қалдырғанбыз. Соны ауылға ертіп қайтады.
Өзіміз теріскейге беттедік. Алдымызда мінезі қырық құбылатын, жұмбағы көп, асуы күрделі жон жатыр. Қаратаудың жондарын оның ар жақ бер жағын мекендегендер ғана жақсы біледі. Жазда шөп біткен сарғайып, қурап, тақыр жер ыстықтан қабыршықтана жарылып, қақ – қақ айырылып жатқанда, жонның лүстінің шөбі жайқалып тұрады. Егіні бітік өседі. Ел қысқы мал азығын осы жерден дайындайды. Құт, береке – жонда. Ал, қыста мінезі тым қатал. Бірде қар, бірде боран. Сау күні кем.
Үшбас өзенінен өтіп, жонға беттегі. Біздің топқа Құмға бара жатқан Ақтас ауылының бес жігіті қосылды. Зайыр екеуміз алда келеміз. Арттағылардың жүрісі өнбейді. Оқтын – оқтын тоқтап, үйіріле қалады. Шылым алуға дүкенге бұрылған жігіттердің ішкілік ала шығып, көрші ауылдың жыігіттерін сыйлап жатқанын аңғардық. Жүрісімізді бұрынғыдан да баяулаттық. Жонның үстін түрт те қаш соқыр тұман басты. Ілгері жүрген сайын, қоюлана түсті. Артта келе жатқан жігіттер көрінбей қалды. Тағы да біраз жүрген соң, Зайыр:
- Әдеке, кідіріп, арттағыларды тосайық. Бас – аяғымызды жинап, қазірден бағытымызды түзулеп алмасақ, адасуымыз да ықтимал. Ақтастық жігіттердің арасында ақыл қосатындары болса, тіпті жақсы, - деген соң, аттан түсіп отырдық. Едәуір күттік. Асықпай, біртіндеп келе бастады. Ақтастықтардың бәрі мас, аттың үстіне көбісі теңселіп әрең отыр. Біздің жігіттер де сау емес. Арттағылардың дабырланған дауысы анық естілді.
- Мен ғой, сенің ұсынғаныңды ақ қылып іштім. Ал, сен менің құйғанымды неге алып қоймайсың? – деп біреуі қасындағыны қыжыртады. Біздің ұжымшардан – жеті, ақтастықтардан – бес, он екі жігіт түгел жиналдық. Бір сыпырасы аттан түсіп, қасымызға отырды. Ақтас ауылының зоотехнигі деген сылыңғыр қара жігіт удай мас. Атта әрең отыр. Шылбырын бір жігіт тақымына басып алыпты. Соның жетегімен жэетті. Киіміне таңғалдым. Аяғымда хром етік. Үстіне әскери офицердің шинелі. Қаһарлы қыста ұзақ жолға мұндай киіммен шығуға болмайтынын ол ұғып тұрған жоқ. Көңілі көктем. Күлімсіреп қояды. Көзі бір жұмылып, бір ашылады. Сұлу киініп, жақсы ат мініп, сал – серілердей жүруге дағдыланған жігіттің бұл көрінісі қарлы боранда қатыгез дала табиғатына тіптен үлеспеді. Астындағы күрең айғырдың сымбатына бір сәт еріксіз қарап қалдым. Қаратау өңірінде ең жүйрік, ең асыл жылқылар Ақлтаста екенін бұрында білетінбіз. Бірақ нақ осындай мүсінді сұлу жылқыны көптен көрген емеспін. Бәйгеге суытылған аттай іші тартыңқы. Бауыры жазық. Ілгерідегі батырлардың жауға мінетін арғымақтарындай,
Қас шебердің қолынан шыққан ер-тұрман. Күмістелген жүген, ноқта, өмілдірік, құйысқан онсыз да сұлу атты әрлендіріп, көріктендіріп тұр. Ат құлағын қайшылап, алысқа тіктей қарайды. Межелі жерге жетпей тоқтағанына түсінбей ме? Әлде үйірі есіне түсіп, желмен жарыса шабатын сәттерін аңсай ма, әйтеуір, аяғымен қайта-қайта жер тарпып, тағатсызданып тұр.
Зайыр сөз бастады: - Бұл талай-талай асып жүрген танымал жон. Терістікті бетке алып, төтелесек, шұбыра көңнің үстінен түсеміз. Арғы жағы – Құмкент жылдағы үйреншікті жермен жүрсе, көштің де, малдың да бір аялдайтын тұсы сол маңы. Менің қиналып тұрғаным – мынау тұман. Барған сайын көзді тұнырып, басты айналдыруда. Бір ақылдан екі ақыл тәуір. Жол-жоба білетіндердің менің қабатыма келіңдер, ақылдаса жол бастайық,- деп еді, ақтастықтардың бәрі де зоотехник жігітке қарады.- Жылда құмға қатынайтын – Мәкең, өзгеміз жол білмейміз, - десті.
- Мәке, көзіңді аш, қалай өзі, мына жоннан адаспай аса аламыз ба? – деп едім;
-Асамыз, онда тұрған не бар, баста, Әдеке, баста, - деп, атына қамшыны басып жіберіп еді, жануар шапшығанда, ұстап тұрған жігіттің тақымынан шылбырды жұлып алды. Көзді ашып-жұмғанша суға батқан тастай қалың тұманға сіңіп, көрінбей кетті. Не істерін білмей аңтарылған жігіттер Зәкең екеумізге қарады.- Аттарыңа мініңдер, ендігі аттан аударылып түсіп те қалған шығар, ізімен біраз жүрейік,- деді Зәкең.
Күреңнің ізімен жүріп келеміз, ат едәуір жерге дейін шауып барып, аяңға ауысыпты. Жапандағы жалғыз із сайрап жатыр. Бізге жеткізетін сыңайы байқалмайды.тБір шама жүрген соң, тоқтап кеңестік. Ақтастың жігіттеріне Зәкең ашулы.
-Енді жолдастарыңның артынан өздерің барыңдар, біз кері қайтамыз. Онсыз да бір күн уақытымызды босқа өткіздік,- дедеі. Бағанағы мастықтың қайда кеткені түсініксіз. Бәрі де ес жиған сыңайлы. Пайымды, салиқалы жігіттері де бар екен.
- Зәке, мынау іздің бағыты қалай? – деп сұрады.
- Байқадамға бет алған сияқты.
- Байқадам шамаңызда қанша жер?
- 40 шақырымнан кем емес, - дедеі Зәкең.
- Оның несін сұрайсыңдар? Алыс па, жақын ба, артынан баруға міндеттісіңдер. Арақ беріп мас қылған өздерің. Жолдастарыңның киімінің жұқалығын да білесіңдер. Бір жерде аттан құласа, тірі қалған күнде де, үсікке шалынады. Уақыт алдырмай, ізбен жүріп отырып, тауып алыңдар,- дедім.
Жігіттер қоьалжулы. Біреуі сағатына қарады.
- Әдеке, енді бір сағатта Күн батады. Қазір тұман болса да із байқалады. Күн батқан соң түртінектеп қаламыз. Жол жобасын білетін жалғыз Мәкең еді. Құдай оны да көп көріп тұр ғой. Түн бәрімізге қатерлі. Жонның мінезі қалай құбылатынын кім біледі?! Тұман сейіліп, бұрынғы әдетінше жонның желі қарды суыра жөнелсе, ішімізде жоба білетін, ел табатын біреуіміз жоқ. Әлде де болса, түнде қонған жерімізге қайта оралайық. Таңертең ерте шығып іздейік, - деді
Маған бұл ұсыныс жолдасқа деген опасыздықтай сезілді.
- Ол жігіттің осыдан жүз қадам жерде жатуы да мүмкін ғой. Есін білер-білмес достарыңды тағдырдың тәлкегіне қалдырып, үйде қалай ұйықтайсыңдар? Жүректеріңді ар сыздатпай ма, өзектеріңді ұят өртемей ме? Қасқыр ішіктінің қасындағы адам үсіп өлсе, қазақтың ескі салтында құн төлеткен. Жаман айтпай жақсы жоқ, далада бірдеңеге ұшыраса, ел бетін қалай көресіңдер? Ағайынға не айтасыңдар? – деп біраз бастырмалата жандарына тие сөйледім.
Бәрінің басы салбырап, төмен қарайды. Үнсіз. Бір кезде Зәкең:
- Әдеке, жігіттердің ұсынысы дұрыс. Мынау ізге қарап келе жатырмын, зоотехник бала тізгінді өзі ұстаса, қанша дегенде мас адам ғой, із бұралаң-тұралаң түсер еді. Ал, ат өз бағытын туралап алғандай. Межесіне тіке бара жатыр.
Жылқыда да жылқы бар – қанаты бір бөлек,
Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, - деуші еді аталарымыз. Мінгені киелі қазанат тұқымы, оның да тәуірі екен. Ондай жылқы иесін далада қалдырмайды. Тұман өстіп тұрса, қатты аяз да болмайды. Сері жігіттің тағдырын бір құдайға тапсырып, кері оралайық. Көлеңкесінен үркіп тұрған қоянның көжегіндей бұл жігіттерді қинама, - деді. Таңертеңгі шыққан үйімізге қайта келе жатырмыз. Қазадан қайтқан адамдардай жігіттердің көңіл-күйі ала көлеңке. Бәрі де үнсіз, ой үстінде. Күндізгі ағаттықтарына ұялғаны, өкінгендері сезіледі.
Кешегі үйге қайта түнеп, таңертең ертелеп жолға щықтық. Ақтастың жігіттері бізден де ерте шығып, Үшбас өзенінің өткелінде тосып тұр екен. Алдымен кешегі жігітті табуға, жоннан сонан кейін асуға келістік. Кешегі ізімізге түстік. Тұман сейіліпті. Күн ашық. Аязды. Жонға көтеріліп, біраз жүрген соң, теріскейге беттеп бара жатқан жалғыз аттыға көзіміз түсті. Үміт, күдік аралас. Желе жортып, лезде жеттік. О, құдірет! Біз үсіп өліп қала ма деп қорыққан зоотехник жігіт. Екі беті қып-қызыл, төбесінен буы бұрқырап тұр десе де болатындай. Ыржиып күле береді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей, қуанышымызда шек жоқ.Асықпай жөн сұрастық. Жонның күнгей бетінде, тау қойнауында, Үшбас өзені бойында диірмен бар-тын. Құмға мал айдап жүріп, бұрын екі рет сол жалғыз үйге қонғаны, түстенгені бар екен. Күрең айғыр сол диірменнің үстінен тдәл түсіріпті. Диірменші тұяқ дүбірін есіте тысқа шығып, аттан түсемін деп құлап қалған жігітті тұрғызып, демеп үйіне кіргізіп, жылындырып, тойындырып қондырыпты. Таңертең бозаға қандырып жол болсын айтып шығарып салыпты. Бозаға тойған адам суықты елей ме? Пәруәйі пәлек, ысқырып ән салып келе жатыр. Төрт көзіміз түгелденді. Теріскейге алаңсыз беттедік. Қалың қар, жол жоқ. Аты жарамды зоотехник жігітті қабаттастыра Зайыр үшеуміз алдында келеміз. Күрең аттың қайратына қайраң қалып, сымбатына сұқтана қараймыз. Тауда өскен жылқы емес пе, кейбір үрінділерді айналып өтеді. Естілігі керемет. «Күрең ат болмағанда, шинел киген мынау жігіттің тағдыры қасіретпен бітуі де мүмкін еді ғой » - дейміз ішімізден. Қайран қазағымның қазанаты – ай! Қазақтың өзіндей көнбіс, қайратты, дала дүлейінің қандайына да белі майыспайды. Қиын жерлерде күреңді жиі – жиі алға салып отырдық. Тың жылқыдай. Шаршағаны сезілмейді. Бізден арқан бойда алда. Терістіктің мұзжарғыш кемесіндей, қарды есіп келеді. Үстіндегі жігіт те шинелінің омырау түймесін ағытып, құлақшынын түріп қойған. Ол да аязыңды сезетін емес. Артынан қарап, атқа сүйсініп келем.
- Зәке жақсы аттың буы болады деуыші еді. Мына зоотехник жігітті жауратпай келе жатқан аттың буы ма, жоқ диірменші ішкізген бозаның қуаты ма? – дедім. Оған тағы жігіттікті қосыңыз. Жастықтың өз буы бар. Әскерден биыл оралған, әлі үйленбеген де. Есіңде болсын.
Тәуекелдің көбісі
Жастықпенен еншілес
Абайланың ауылы
Қарттықпенен еншілес.
- Қан жылытпаған тон жылытпайды,. Шіркін жастықтың буы, өз заңы бар ой, - деді Зәкең.
Екеуі де бар. Содан кейін сәл ойланып: - Тұманы жоқ ашық күннің өзінде жарқабақтың астындағы жалғыз үйді табу оңай емес. Тізгінді ешкім қақпаған соң, өзіне тиген есті жануар бірден бір дұрыс жол таңдауы, диірменшінің үйіне жеткізуі мақтарлық іс. Жүрісін қарашы, жәй аттың желісінен артық. Мұндай аттың үсті көңіл бейбақты да көтеріп әкетері анық. Ал, бозбалаға келсек, сіздің оны жек көретініңізді білем. Етектегі ел бүкіл таудың тұрғанын боза ішеді деп жазғырып жатады. Жүз адамнан бсір адам көп ішіп масаң күйде көзге түсіп, сөзге ілігетіні рас. Немесе боза тау елінің күн көрінісіне қажет тамақ. Тау табиғаты қашан да қатал. Таңертең боза ішіп шыққан малшы кешке дейін ауқат та, сусын да іздемейді. Оның ешнәрсе тең келмейді. Жауратпайды. Боза ішкендер аяғы сырқырағанды, белі ауырғанды білмейді. Жел - құзбен келетін науқастың біреуі жоламайды. Боза – арақ емес, Әдеке, қайта оған кең жол ашу керек, мынау күрең атты жігіттен – ақ байқаймыз ба, - деді. «Қартайдың, енді боза ішкеніңді қой деп айтпаңдар. Өлгеннен кейін бозамен жусаңдар қарсы емеспін» - дейтін тентек шалдарды кездестіргем. Ал, Зәкеңнен бозаға мақтау күткен емеспін. Ойланып қалдым.
Жонның теріскей етегінде түскенде, үрген иттің даусы, шам жарықтары көрінді. Жоннан асқан соң, қиямет – қайымның қыл көпірінен аман – есендей, көңіліп көтеріп қалды. Тыныстар жерін байқаған аттарда жүрісін жеделдете түсті. Жап – жақын жарыққа жеткенше де түннің бір уағы болды. Аздап шығысқа ойысыңқырап кеткен екенбіз. Көршілес Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Жданов атындағы ұжымшарына келдік. Өзгелерінен еңсесі биік, үлкендеу бір үйге тоқтап: - Құдайы қонақпыз, - деп есік қақтық. Қазақтағы кең пейілділік, меймандостық дәстүрдің ең жақсы сақталған жері осы Қаратаудың теріскейі ме деп ойлаймын кейде. Он екі аттылы беймезгілде «Құдайы қонақпыз» деп келіп тұрса, орыс рарлас біздің ауылда екінің бірі «аттан түсе қойыңдар» - демейді. Мықтағанға:
- Бөлініп қонсаңдаршы, - дейді. Бұлардың ықылас – ниетіне ішпей – жемей тоясың. Үй иесі қырық жылғы құдасы келгендей қуанып, баласын шақырып, аттарымызды байлатып, ең тәуір бөлмесіне кіргізді. Көрпеше төсеп, қолтығымызға жастық қойды. Әне – міне дегенше бір тоқтысын сойып тастады. Ошағына от жаққызды. Тек аттарға шөп тауып бере алмайтынына аздап қысылды. – Бидай бар. Аттарға содан берейік деп жатыр. Өзімізде арпа барын ескертіп, расқмет айттық. – Жылқы жануар арпа табылып тұрса, сезбейді екен ғой, - деді ақтастық жігіт. Зәкең күлді.
- Қарағым – ау, қазақтың:
Арпа берсең атқа бер,
Күтір – күтір шайнасын
Қызды берсең жасқа бер,
Тоты құстай ойнасын, - дейтінін білмейтін бе едің?! Бидайды атқа арпадай жегізе алмайсың. Аяғына жем түсіп, жүре алмай қалады, - деді.
Таңертең жолға ерте шықтық. Бағытымыз – Құмкент. Аттардың шөп тістемегеніне төртінші күн, сөйтсе де сыр беретін емес. Бұл жақтың қары жұқалау, күні де жылылау сияқты. Түске таман Бабатүкті Шашты Әзіздің Жылыбұлағына жақындағанда, өзіміздің ұжымшардың шопандары көрінді. Ең алғаш кезіккеніміз - Әсет, еңбек озаты. Етігін шешіп, үстіне отырып, шұлғауын керіп ұстап, Күн кептіріп отыр екен. Қуанып кетті. Атып тұрып, етігін де кимей, қар кешіп келіп амандасып жатыр. Әчсте етігін апталап шешпеген болуы керек.
- Жарты айдай бұтамен қоса мұз шайнаған қой, қасиетіңнен айналайын мынау жылы бұлаққа жетіп жаны қалды. Бәрін қырып ала жаздадық, - деп малдың жайын асығыс айта бастады. Біз құмға жүрер алдында Әсеттің шешесі екі рет келген. «Құмға жігіттер барады деп есіттім,мені де ала кетсін. Келінімнің аяғы ауыр, босанып қалатын уақыты да болды. Қасында болмасам болмайды. Нәзіксің, анау – мынау дей көрмеңдер, бір жігітіңмен кемістемеймін. Жолға да қинамаймын» - деп қиылып өтінген. «Жігіттердің өзін іріктеп алып жатырмыз. Көшершілікке шыдай алмаймыз» - дегенді тыңдағысы да келмеген. «Келін осында келген соң босанады деп есептегеміз, қыстың мұнша созылатынын қайдан білейін. Өлсем сол бабаларымның босағасында өлейін. Осындайда жәрдем бермегенде, қашан жәрдем берем? Келін қарда босанып қалса, күні не болады?» - деп жылап, сай – сүйегімізді сырқыратқан. – Көрерміз, - деп әрең шығарып салғанбыз. Күн жылымықтау болса, ала кету де ойымыз да бар еді. Бірақ, үсті –үстіне қар жауып, аяз үдей түскен соң, қалдырып кеткенбіз. Әсеттен алдымен келіннің жағдайын сұрадық.
- Осыдан төрт күн бұрын аман – есен босанды. Жағдайы жақсы. Отын – суына басқа отардағы абысын ажындары көмектесіп жатыр. Қиындықтың бәрі артта қалған сияқты. Құдайға шүкір, - деді.
Кешке дейін басқа отардағылардың жағдайын біліп, жігіттерді жәрдемдесуге бөліп, қонаға Алтынбектің үйіне келдік.Алтынбек те шаруасына мығым, жақсы ісімен танылған азамат. Үйін жартылай құлаған ескі қораның жанына жаңа тігіп, белдеуін байлап жатыр екен.
Алтынбек мал союға кірісті. Келін қорадан қи тасып, үйді айналдыра төгіп, тепкілеп, іргені бекітіп тастады. Келіннің бейнеткеш пысықтығы көрініп тұр. Әне – міне дегенше ошағын да құрып, отын да лаулатып, төріне көрпе төседі. Төрт күннен бері шөп тістемеген аттарға аздап жем беріп, кеңдеу тұсап қоя бердік. Тоңға жатпасын деп, бұрын қиланған қораның қарын күреп, қойын қамап, есігінің алдына түйесін көлденең шөгеріп тіздеп тастады Алтынбек.
Қуырдаққа тойған соң, жылы пештің жанында арқа – жарқа біз де бел шешіп, аяқты созып, еркін демалдық. Шаруа жайын Алтынбекпен асықпай кеңестік.
Таңертең тағы да тұсарлықтан қар түсіп қалыпты. Жапалақтап жауып тоқтай салатын емес, қиыршықтап, өндіре төгіп жатыр. Батыстан желкем бар. Бұлттан күннің көзі көрінбейді. Салт атты, сабау қамшылығы біз өзіміз төрт қонып әрең жеттік. Қоздағалы тұрған саулықтар, қатын – бала, қаһарын төгіп тұрған Қаратаудан қалай асар екен. Мынау қардың жауысына қарағанда, Жаратқан иемнің жақсылығы алыста сияқты. Жеті басты айдаһардай жұтпен айқас енді басталатынын анық сезгендей деймін... Шұбалаңқы ұзақ әңгімемді бөлмей тыңдап отырған балам: - Не деген қиямет – қайым күндер еді, - деді.
- Ұлым бейбіт күндерде де айтса нанғысыз ерліктер жасалады. Сол жылғы малшылар жанкештілігін Мұхтар Әуезов аталарың жеріне жеткізе «Өскен өркен» романында жазған.
Әңгімені доғардым. Бірақ, сол жылғы сұрапыл қыс, қарбалас тірлік елесі көз алдымнан көпке дейін тізбектеле өтіп жатты. – Ештеңесін ұмытпапсыз. Мүмкін, азабын айтып тауыса алмайтын сол күресті күндерді аңсайтын шығарсыз, - деді Сабырбек Шәккен түйеден үнсіз жатқан Қаратауға бір қарап қойып:
- Оның рас, - дедім.