Туындылары
Балдай екеуміз емханадамыз. Шуағымен мейірімін төге келген көктемді терезеден тамашалаймыз. Жер бусанып, әне-міне дегенше көк торғынға оранды. Өрік, шие төгіле гүлдей бастады. Күніге таңертең терезе алдындағы сәмбі талға бір кішкене құсқонып, сайрай бастайды. Бұлбұлға жетпегенімен, үні сүйкімді. Сүйсіне тыңдаймыз. Сондайда ойымызға бұлбұл түседі. Шіркін, оның сайрағанына не жетсін?! Мына құстардай келте қайырмай, ұзағынан төгілтеді ғой. Әсем әлем ырғағына тербеліп, таң нұрына, гүл сұлулығына деген ынтызарлықтың сиқырлы да сырлы әуеніне ұйиды.
Біздің терезенің алдында сайрайтын құс жұп іздейтін, соны шақыратын тәрізді.Бұлбұл сияқты мәңгілік сұлулықтың, әсемдіктің, нәзіктіктің жаршысы емес. Өйткені, біраздан соң нақ сондай құстың даусы екінші бір жақтан естіледі. Көп ұзамай өзі де әлгі құстың жанына қонады. Қанатын үрпитіп, қоразданып, шиқ-шиқ етіп, тағат таппай, біресе ар жағана, біресе бер жағына шығып, бұтақтан бұтаққа секіреді. Бірі қуып, бірі қашып, біраз ойнаған соң, екеуі де басқа жаққа ұшып кетеді. Араға біраз уақыр салып, қайта оралады. Көктемнің осы бір алғашқы жаршыларына ұзақ қараймыз. Кетпегенін тілеп, терезенің сыртқы жақтауына нан үгіп қоямыз. Табиғат әсемдігін, құстар үні, маужыраған шуақты күн сырқатыңызға шыпа болғандай, бойымызға қуат құйылатындай.
Адамдардың құстарға деген сүйіспеншілігінде олардың олардың әуенінен басқа да тылсым жұмбақ көп. Тәңірімнің құстарға берген асыл қасиеттерінің бірі – көк жүзінде еркін қалықтап ұша алатыны. Адам жаны да тәннен бөлініп еркіндік алған соң, әлемді құсша шарлайды. Жанның іңкәр тарпынысы құс қанатының сусылымен үндес. Құс әуенінп қалай елірпейсің?!
Ойламаған жерден бір күні кешке қар жауды. Табиғаттың мұндай тосын құбылысы соңғы жылдары жиілеп кеткен. Оған да етіміз үйреніп қалған сыңайлы. Түнімен толастамаған қардан таңертең жеміс ағаштары да, гүлдер де аққа оранып қалыпты. Жер-көктің бәрі өзінше жасанғанымен, көңілімізді әлдеқандай күңгірт ой тұмшылағандай, кеудемізді зіл басқандай. Терезе алдындағы талда осы уақытта сайрайтын кішкене құс та көрінбейді. Аспанды әлі бұлт торлап тұр. Бір кезде сәмбіге қарға қонып, қарқылдай бастады. Дауысы жиіркенішті. Бірақ, өзі мәз. «Көрдіңдер ме? Менің де күнім туды!» - деп масаттанатындай.
«Неге қарқылдайсың? Мынау көкмайсаны үсік ұрып, гүлдердің енді жеміс байлай алмай өкінішпен төгілетініне қуанып масайрайсың ба?»- дегіміз келді. Айта алмаймыз. Айтқанда да түсінбейтінін білеміз.
Балдай:
-Үнің өшкір, - деп терезені тықылдатып, қарғаны үшырып жіберді. – Бәлекеттердің сонша мәз-мәйрам болуын қарашы, - деп қойды. Ал, қарқылдаған қарғалар үні алыстан жетіп жатты.
- Аспандағы бұлт жырьық дәкедей жұп-жұқа, жауынның бұлты емесі анық, сонда қарғалар неге дамылсыз қарқылдап жатыр? – деді маған.
- Дұрыс пайымдадың, бұл – қар әкелетін бұлт емес, қайта оны құртатын бұлт.
Қарны жарық ақ бұлт,
Қардың есін алады.
Ереі түрік қарагер
Ердің есін алады.
Күн түстікке көтерілгенде көресің, бұл ақ бұлт мына қарыңды сылқылдата ерітіп, Күн еңкейгенше түк қоймай, сай-салаға ағызып жібереді.
- Ал, қарагерің кім? – деді маған наздана қарап.
- Ол сен емес пе?
- Менің ернім түрік емес қой, - деп езу тартты.
Бұл - Балдайдың ауру азабынан арылғандай күлімсіреуі еді, іштей жақсылыққа жорыдым. «Ерте масайрап тұрсыңдар»дегендей, терезе алдындағы сәмбіге тағы бір қарға қонып, қарқылға басты. Оған қарап тұрып: «Әр заманның өз сұрқылтайы болады» - деуші еді аталарымыз, замана сұрқылтайын қайдам, күн райының қабағына қарап та өзгеретін өз жаршылары ұшырасатынын алғаш рет көңіліме мықтап түйдім.
2.04.2003ж.